2021 ЖЫЛҒЫ 12 СӘУІРДЕ ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ ВИЦЕ-МИНИСТРІ Б.А.АСЫЛОВАНЫҢ БАСШЫЛЫҒЫМЕН ТАМАҚТАНДЫРУДЫ ҰЙЫМДАСТЫРУ МӘСЕЛЕЛЕРІ БОЙЫНША КЕҢЕС ӨТТІ. КЕҢЕСКЕ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ, «АТАМЕКЕН» ҚР ҰКП, КӘСІПКЕРЛЕР, СОНДАЙ-АҚ БІЛІМ БЕРУ ОРГАНДАРЫ ҚАТЫСТЫ.

2021 ЖЫЛҒЫ 12 СӘУІРДЕ ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ ВИЦЕ-МИНИСТРІ Б.А.АСЫЛОВАНЫҢ БАСШЫЛЫҒЫМЕН ТАМАҚТАНДЫРУДЫ ҰЙЫМДАСТЫРУ МӘСЕЛЕЛЕРІ БОЙЫНША КЕҢЕС ӨТТІ. КЕҢЕСКЕ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ, «АТАМЕКЕН» ҚР ҰКП, КӘСІПКЕРЛЕР, СОНДАЙ-АҚ БІЛІМ БЕРУ ОРГАНДАРЫ ҚАТЫСТЫ.

Кеңес барысында қызметтерді жеткізушілер мен тауарларды таңдаудың рәсімдік нормаларына қатысты мәселелер, жеткізушілерді таңдау өлшемшарттары, атап айтқанда: жұмыс тәжірибесі мен ас блогының білікті персоналының болуы, конкурстарға қатысушылар ұсынған мәліметтердің дұрыстығы және т.б. талқыланды. Өз сөзінде Бибігүл Амангелдіқызы қолданыстағы заңнамада қызметтерді, тауарларды жеткізушінің жалған мәліметтер бергені үшін әкімшілік жауапкершілік көзделгенін (жосықсыз өнім берушілер тізбесіне сот тәртібімен енгізу) атап өтті.

Кәсіпкерлер конкурстарға қатысу кезінде төленген салық көрсеткіштерін есепке алу нормаларын алып тастау мәселесін көтерді. Асылова Бибігүл Амангелдіқызы бұл мәселе ағымдағы жылдың 9 сәуірінде кәсіпкерлік мәселелерін шешу жөніндегі кеңесте талқыланғанын, оның қорытындысы бойынша төленген салық көрсеткіштерін қозғайтын нормаларды қолданыстағы редакцияда қалдыру қажеттігі негізінде шешім қабылданғанын хабарлады. Аталған мәселе бойынша ҚР Қаржы министрлігі қосымша түсініктеме береді.

Сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдар белгілеген балалардың жекелеген санаттары үшін мектепте тамақтандырудың құнына қатысты мәселелер де сөз етілді. Вице-министр мектептегі түскі ас құнының төмендігі балаларды бір реттік тамақтандырудың заңмен бекітілген нормаларын бұзудың негізгі себептерінің бірі болып табылатынын атап өтті. Бұл мәселе жергілікті атқарушы органдармен қосымша талқыланатын болады.

Кәсіпкерлер 2021 жылға арналған шарттарды ұзарту мүмкіндігін қарастыру туралы ұсыныс айтты. Тамақтандыруды ұйымдастырудың қолданыстағы қағидаларында шарттарды екі реттен аспай ұзарту туралы норма көзделген, яғни 3 жыл ішінде қызмет көрсету, тауарларды жеткізу мүмкіндігі ұсынылған.

Вице-министр кәсіпкерлердің көкейіндегі сұрақтарға жауап берді.

Сонымен қатар, Асылова Бибігүл Амангелдіқызы сатып алу процесін электрондық форматқа ауыстыру конкурстық рәсімдерді өткізудің ашықтығын арттыруға, кәсіпкерлердің конкурстарға қатысуға тең қолжетімділігін қамтамасыз етуге, сатып алуға қатысушылардың өзара іс-қимылын болдырмауға мүмкіндік бергенін атап өтті.

Кеңес қорытындысы бойынша Министрлік тамақтандыруды ұйымдастыру процесін жетілдіру бойынша ұсыныстар қабылдады. Бұл ұсыныстар мүдделі органдармен, ұйымдармен қаралатын болады және қорытындысы бойынша тиісті нормативтік құқықтық актілерде көрсетіледі.