
2021 жылғы 1 сәуірде сағат 11.00-де Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті, БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) Қазақстандағы өкілдігі және Экономикалық зерттеулер институты балалар әл-ауқатының қазақстандық индексін әзірлеу, сынақтан өткізу және енгізу бойынша жобаның басталуын жариялады.
Балалар әл-ауқатының ұлттық мониторингі бойынша жұмыс:
- Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің төртінші отырысындағы Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаевтың тапсырмасы;
- Білім мен ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын орындау аясында жүргізілуде.
Индекстің мақсаты-балалардың әртүрлі салалардағы жағдайын жақсарту.
Индекс жалпы және жеке бағыттар бойынша еліміздегі балалар әл-ауқатының қандай екенін анықтауға мүмкіндік береді. Индекс әр өңір бойынша әртүрлі салалардағы ұлттық саясаттың тиімділігін қадағалауға мүмкіндік береді. Индексті есептеу үшін еліміздегі ең өзекті көрсеткіштер іріктелетін болады. Индекс объективті және субъективті деректерден тұрады және, олардың қайнар көзі ҚР ресми статистикасы, халыққа жүргізілген сауалнама нәтижелері болып табылады. Индекстің домендері өмірлік маңызды салалардан қалыптасады.
Үштарапты кездесу барысында балаларға арналған бюджет әдіснамасы мен балалар әл-ауқатының қазақстандық индексін енгізу жөніндегі бірлескен іс-шаралар жоспарына қол қойылды.
Бірлескен жоспарға әріптестік тараптардан құралған лауазымды тұлғалар: Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Есенғазы Нұртөлеуұлы Иманғалиев; Қазақстандағы БҰҰ Балалар Қорының (ЮНИСЕФ) өкілі Артур ван Дизен мырза; «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ Басқарма төрағасы Руслан Серікұлы Сұлтанов қол қойды.
Біздің ортақ міндетіміз – Қазақстан Республикасындағы балалардың өмірін жақсарту жөніндегі мемлекеттік саясатта одан әрі шешімдер қабылдау мақсатында ЭЫДҰ елдері мен Еуропаны салыстыратын ЮНИСЕФ Инноченти зерттеу офисінің жаһандық әдіснамасына негізделген индекстің бейімделген моделін әзірлеу.
Кездесу балалардың құқықтарын қорғау комитетінің ютуб-каналында тікелей эфирде жүргізілді. Іс-шараны 7 мыңнан астам педагогтар мен ата-аналар, мемлекеттік қызметшілер тамашалады.
Біз барлық қазақстандықтарды Индекс жобасын ашық талқылауға шақырамыз. Балалардың құқықтарын қорғау комитеті және серіктестер келесі сұрақтарға ұсыныстар мен жауаптарды күтуде: Индексте балалардың әл-ауқатын өлшейтін қандай индикаторлар болуы керек? Көрсеткішке қандай бағыттарды қосуға болады? Индексті іске асырудың нәтижесі қандай болуы керек? Балалардың әл-ауқаты жөніндегі жобалық кеңселер қандай болуы керек?
Сіздер өз ұсыныстарыңызды көрсетілген электронды поштаға жібере аласыздар: kids@economy.kz, al.zhumabekkyzy@edu.gov.kz s.ibraeva@edu.gov.kz