Республикалық балалар өкілдері кеңесі мүшелелерінің кездесуі

Республикалық балалар өкілдері кеңесі мүшелелерінің кездесуі

2020 жылғы 15 желтоқсанда онлайн форматта ҚР БҒМ Балалардың құқықтарын қорғау Комитетінің төрағасы Е. Н. Иманғалиевтің басшылығымен балалар өкілдерінің Республикалық кеңесі мүшелері еліміздің жас көшбасшыларымен Балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша кездесу өткізілді. Іс-шара Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналды.

Білім беру ұйымдарында балалардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі балалар өкілдіктерін құру жобасы 2020 жылғы қыркүйекте бастау алды.

Балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі қалалық және аудандық өкілдіктердің құрамына енген 287 бала республикалық кеңестің құрамының мүшесі атанды.

«Жас Сарбаз» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Меңдіғалиев Мейірбек Оразұлы, «Денсаулықты нығайтуға ықпал ететін мектептер» қазақстандық желісінің ұлттық үйлестірушісі Әбілдина Ақбота Сүлейменқызы, «Жас көшбасшы» номинациясы бойынша Дарын сыйлығының 2017 жылғы лауреаты Иманов Біржан Жанатұлы –балалар құқықтарын қорғау жөніндегі балалар өкілдіктерінің республикалық кеңесінің мүшелерімен табысты қоғамдық және кәсіби қызмет тәжірибесімен бөлісті, ДДҰ-ның Қазақстандағы балалар мен жасөспірімдердің денсаулығын және мінез-құлықтық қауіп факторларын қорғау жөніндегі елдік кеңсесінің сарапшысы ЖҚА Өтемісова Лаура Жеңісқызы қызықты ақпараттарымен бөліссе, республикалық және халықаралық айтыстардың жүлдегері Мақаш Абзал Қабдоллаұлы кездесу соңын әуезді өлеңімен әрледі.

Алматы қаласы, Жетісу ауданының балалар құқығын қорғау жөніндегі өкілі 10 сынып оқушысы Бексұлтан Дарын Болатханұлы мен Қостанай облысы Қостанай ауданынан Зубова Яна Юрьевна Балалар өкілдіктерінің жұмысы туралы айтып берді.

Кездесуге қатысушылар өзекті мәселелерді талқылауға белсене қатысып, сұрақтар қойды. Республикалық кеңестің мүшелері ҚР БҒМ Балалардың құқықтарын қорғау комитеті құрған бірыңғай чатта тұрақты түрде ынтымақтастық қарым-қатынаста жиі пікір алмасып тұрады.