БАСТЫ МІНДЕТ – БАЛАЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ

БАСТЫ МІНДЕТ – БАЛАЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ

Бүгін ҚР БҒМ Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасы Е. Н.Иманғалиевтің басшылығымен онлайн режимінде жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйымдардың басшыларымен кеңес өткізілді.

Кеңеске қорғаншылық пен қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын облыстық, қалалық, аудандық органдардың қызметкерлері, қамқоршылық кеңестердің мүшелері, үкіметтік емес және құқық қорғау ұйымдарының өкілдері қатысты.

Кеңесте қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органдардың қызметін ұйымдастыру, өмірлік қиын жағдайда жүрген балалардың құқықтарын қорғау мәселелері көтерілді.

Нұр-Сұлтан қаласындағы құқықтарды қорғау саласындағы мемлекеттік органдардың қызметі туралы білім басқармасы басшысының орынбасары Р. А. Иманғазинова баяндады. Білім басқармасының жанынан заңгерлерден, психологтар мен әлеуметтік қызметкерлерден тұратын, балалардың құқықтары бұзылған жағдайда жедел әрекет ететін мобильді қызмет құрылды. Мобильді топ кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі инспекторлармен бірлесіп, қаланың Сенім телефондары мен әлеуметтік желілерге келіп түскен өтініштер бойынша дереу шаралар қолданады.

Алайда, атқарылып жатқан жұмыстарға қарамастан, Комитет төрағасы Балалардың құқықтарына нұқсан келген жағдайларды атап өтті.

2020 жылы Комитет 25 білім беру бөлімі мен жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған 9 ұйымның қызметін зерттеді. Тексеру қорытындысы бойынша жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың және өз отбасына балаларды тәрбиелеуге қабылдауға тілек білдірген адамдардың республикалық деректер банкіне балалардың, қорғаншылардың, патронат тәрбиешілердің деректерін уақтылы және дұрыс енгізбеу, тұрғын үй алуға кезекке қою туралы мәліметтердің болмауы, сондай-ақ қорғаншылар мен патронат тәрбиешілердің қызметіне тиісінше бақылау жасамау фактілері анықталды. Аталған құқық бұзушылықтар балаларға қатыгез қарым-қатынас пен олардың өмір сүру жағдайларының және әл-ауқатының нашарлауына әкеліп соғады.

Кеңестің тұрақты қатысушылары болып табылатын құқық қорғаушылар да өзекті мәселелерді көтерді. Адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстандық Ұлттық бюро басшысының орынбасары Р.М.Ақылбекова ана күтімі мен қамқорлығынан айырылған бала зардап көрген отбасылық жанжал жағдайы туралы айтып берді. Ол Алматы облысы Талдықорған қаласының қорғаншылық және қамқоршылық органдары баланың құқықтары мен мүдделерін қамтамасыз ету бойынша уақтылы шаралар қабылдамағанын атап өтті. Бұл мәселені Комитет бақылауға алды.

Кеңес қорытындысы бойынша қорғаншылық және қамқоршылық органдарына олардың қызметін жақсарту және ерекше қамқорлыққа мұқтаж жетім балалар мен өмірлік қиын жағдайда жүрген балалардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету бойынша ұсынымдар берілді.

​