
Балаларды қорғау саласындағы өзекті мәселелерді талқылау бойынша «Қазақстан Республикасындағы балалардың құқықтарын қорғаудың тиімді жүйесін қалыптастырудағы азаматтық қоғам мен мемлекеттің консолидациясы» тақырыбындағы республикалық дөңгелек үстел
2020 жылғы 12 қарашада Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі үкіметтік емес ұйым өкілдерінің қатысуымен Балалардың құқықтарын қорғау саласындағы өзекті мәселелер бойынша республикалық дөңгелек үстел өткізді.
Дөңгелек үстел «Қазақстан Республикасындағы балалардың құқықтарын қорғаудың тиімді жүйесін қалыптастырудағы азаматтық қоғам мен мемлекеттің консолидациясы» тақырыбында өрбіді.
Іс-шара 20 қараша яғни Халықаралық балалар күніне арналған айлықтың шеңберінде (20 қазан-20 қараша), осы саладағы түрлі мәселелер көтерілген 4 аймақтық кездесудің қорытындысы негізінде ұйымдастырылды. Аталмыш кездесулерде: әлеуметтік жетімдіктің алдын алу, жетім балалар мен балаларды тұрғын үймен қамтамасыз ету, балаларға қатысты және балалар арасындағы жарақаттанудың, құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу, балалардың құқықтарын қамтамасыз ету бойынша ата-аналарды хабардар ету сынды өзекті мәселелер қаралды.
Елімізде балалық шақ саласында 300-ден астам ҮЕҰ бар болса, олардың ішінде 128-ден астамы белсенді жұмыс жасауда. Бүгінде аталмыш ҮЕҰ балалық шақ проблемаларын шешу бойынша өзекті әрі тиімді, ұзақ мерзімді жобаларды іске асыруда.
Сондай-ақ ҮЕҰ-мен бірлесе түрлі әлеуметтік жобалар жүзеге асырылып, әлеуметтік зерттеулер жүргізіліп, форум, конференциялар өткізілуде.
Әр түрлі пікірталас алаңдарында жүргізілетін ашық және тең құқылы диалог қана Министрлік пен ҮЕҰ-ның тиімді өзара іс-қимылын қамтамасыз етеді.
Осы орайда көтерілген мәселелердің ішінде: «Қазақстандағы Бала құқықтары: балалар, жастар және мұғалімдер қатысатын білім беру онлайн-бастамалары», «Білім берудегі Медиация – жанжалсыз орта құрудың жолы», «Балалардың әл-ауқаты: «Kazbrands» қоғамдық қорының балаларды қорғау саласындағы үздік тәжірибесі», «Балалардың құқықтары мен мүдделерін іске асыру мен қорғаудағы әлеуметтік өзара іс-қимыл», «Балаларды қорғау саласында еріктілер қозғалысын дамытудағы үкіметтік емес ұйымның рөлі», «Қамқоршылық кеңестердің тиімді жұмыс істеуі балалық шақты қамтамасыз ету жүйесінің құрамдас бөлігі ретінде», «Білім беру мен әлеуметтік қорғау саласында мемлекеттік саясатты іске асыру жөніндегі қызметтер» бар.
Дөңгелек үстел қорытындысы кезінде «еркін микрофон» аясында қатысушылар ҮЕҰ мен ҚР БҒМ үнемі жұмыс істейтін пікірталас алаңдарының қажеттілігін жеткізді.