
ҚР БҒМ Балалардың құқықтарын қорғау комитеті, ҚР ДСМ Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығы және БҰҰ Балалар Қоры (ЮНИСЕФ) бірлескен жоспар аясында а.ж. қазан айында балаларды, ата-аналарды және педагогтарды психологиялық ағарту, балалардың психикалық денсаулығындағы проблемалардың алдын алу және педагогтардың эмоционалдық күйіп қалуы бойынша оқыту вебинарларының циклін өткізді.
Балалармен жұмыс істеуге арналған презентация түріндегі шеберлік оқыту циклдері «Психикалық денсаулық», «Стресс және дағдарыс: одан шығу жолдары», «Кибербуллинг. Не істеу керек?», «Тәуелділіктер: интернет, ойындар» тақырыптары бойынша ұсынылды.
Ата - аналармен жұмыс істеу үшін «Баланың психикалық денсаулығы», «Балалардың желідегі қауіпсіз мінез-құлқы», «Қашықтан оқыту бойынша ата-анаға ұсынымдар», «Баланың бірінші сыныпқа бейімделуі», «Бесінші сыныпқа бейімделу» сынды шеберлік презентациялар өткізілді.
Балаларға, ата-аналар мен педагогтарға арналған мемлекеттік және орыс тілдеріндегі мастер-вебинарлар Мentalcenter QAZAQSTAN YouTube арнасында жүргізілді.
Шараға 333 507 адам қатысып, оның 132 206 ата-аналар қауымы құрады.
Сондай-ақ ҚР БҒМ Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің ұсынымдары бойынша облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының білім басқармалары а.ж. қазан айында ата-аналармен балалардың интернет желісінде уақытты өткізуін бақылау, балалардың суицидтік топтар мен ойындарға қатысуға теріс көзқарасын қалыптастыру, сондай-ақ құқық қорғау органдарын құқыққа қайшы мазмұндағы интернет-ресурстары туралы хабардар ету мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді.