«Қазақстан Республикасында білім беру процесіне тиімді психологиялық-педагогикалық көмек көрсетудегі инновациялық технологиялар» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясының ҚАРАРЫ

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Алматы қаласының әкімдігімен бірлесіп, 2022 жылғы 20-21 сәуірде Балалар жылына арналған «Қазақстан Республикасында білім беру үдерісіне тиімді психологиялық-педагогикалық көмек көрсетудегі инновациялық технологиялар» атты халықаралық  ғылыми-тәжірибелік конференциясын (бұдан әрі – Конференция) өткізді.

Конференцияға ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының, орталық мемлекеттік органдардың өкілдері, Қазақстан мен Ресей, т.б. ТМД елдері жоғары оқу орындарының ректорлары мен профессорлық-оқытушылық құрамы, білім беру басқармаларының басшылары, оқу-әдістемелік орталықтардың әдіскерлері, білім беру ұйымдарының педагог-психологтері, кәмелетке толмағандар істері жөніндегі полиция инспекторлары қатысты.

Конференцияға қатысушылар: офлайн режимде 110 адам, Zoom, Facebook және Youtube арқылы онлайн режимде 9 000-нан астам адам.

Конференцияның негізгі мәселелері - жалпы орта білім беру жүйесінде психологиялық қызметті ұйымдастыру және оны жүзеге асыру.

Конференцияның ашылуы 2022 жылдың 20 сәуірінде Алматы қаласының Оқушылар Сарайында өтті.

Конференция бағдарламасына сәйкес Қазақстан мен Ресейдің жетекші психологтері мектептердің психологиялық қызметін ұйымдастырудың негізгі бағыттары бойынша шеберлік сағаттарын өткізді.

Конференцияға қатысушылар мынадай проблемалық сұрақтарды талқылады:

- білім беруде алдына қойылған міндеттерді қамтамасыз етуге қабілетті, уақытпен тексерілген, дәстүрлі және инновациялық технологиялардың әдістемелік негіздері;

- білім беру үдерісіне психологиялық-педагогикалық технологияларды енгізу бойынша тәжірибе алмасу;

- қазіргі білім беруде психологиялық-педагогикалық технологияларды тәжірибеде қолданудың теориялық-әдіснамалық аспектілерін, олардың нәтижелілігін талдау;

- білім беру технологияларын ұтымды қолдану үшін нақты мүмкіндіктерді анықтау;

- суицидтік мінез-құлқы байқалған адамға психологиялық көмек көрсету;

- білім беру үдерісіне қатысушылар үшін қауіпсіз психологиялық ортаны қалыптастыруға бағытталған ведомствоаралық өзара іс-қимылдың тиімді тетігін қарастыру.

Конференцияға қатысушылар оқушыларға психологиялық қолдау көрсететін мектеп мамандарының кәсіби қоғамдастығын (бұдан әрі – «Мектептің психологиялық қызметі» кәсіптік қоғамдастығы) құру бастамасын қолдайтындықтарын білдірді.

 

Конференция қорытындысы бойынша қабылданған ҰСЫНЫСТАР:

 

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі жергілікті атқарушы органдармен, жоғары оқу орындарының профессорлық-оқытушылық құрамы мен ҮЕҰ сарапшыларымен бірлесіп:

- білім беру ұйымдарының психологиялық қызметіне бірыңғай талаптар әзірлеcін;

- педагог-психологтердің біліктілігін арттыру, қолданыстағы жүйенің қызметіне талдау жүргізу, оны жетілдіру жөнінде ұсынымдар әзірлесін;

- оқушыларды әлеуметтік-психологиялық, педагогикалық қолдауда ғалымдар мен практиктерді біріктіру, өмірде қиын жағдайға тап болған балаларды анықтауда аутодеструктивті және девианттық мінез-құлықтың алдын алу бойынша бірыңғай әрекет ету алгоритмдерін енгізсін;

- мұғалімдерге, мектеп психологтеріне, ювеналды полиция инспекторларына, ата-аналар қоғамдастығына арналған аймақтық семинар-тренингтер ұйымдастырсын;

- аймақтық мамандардың пайдалануы үшін оқушылар арасындағы келеңсіз көріністердің алдын алу мақсатында аймақтық озық тәжірибе мен халықаралық тәжірибені жинақтасын;

- ата-аналар қауымдастығымен жұмыстың нысандары мен әдістерін күшейту, озық тәжірибені тарату үшін үкіметтік емес сектордың ресурстарын пайдалансын;

- білім беру органдары мен ұйымдарының құрылымында орталықтар немесе бөлімдер құру, психологиялық-педагогикалық қолдау бөлімдерін (орталықтарын) құру арқылы білім беру ұйымдарының психологиялық қызметін қадағалайтын әдістемелік қызметтерді жақсарту бойынша жұмысты жалғастырсын.

 

 

ҚР Ішкі істер министрлігі:

- кәмелетке толмаған балалармен жұмыстың психологиялық-педагогикалық аспектілері мәселелері бойынша ювеналды полиция инспекторларының кәсіби құзыреттерін арттырсын;

- балалармен болған төтенше жағдай туралы аумақтық уәкілетті білім беру органдарына дереу хабарлауды қамтамасыз етсін.

 

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі:

- суицидтік мінез-құлық қаупі бар балаларды анықтау және оларға көмек көрсету бойынша білім беру, денсаулық сақтау ұйымдарының өзара іс-қимыл алгоритмінің жобасын мүдделі мемлекеттік органдардың талқылауына енгізсін;

- суицидтік мінез-құлық қаупі бар балаларды анықтауды және оларға көмек көрсете отырып, психикалық денсаулық мәселелері бойынша денсаулық сақтау мамандарының кәсіби құзыретінің сапасын ұдайы арттырсын.

 

Қазақстан Республикасы Ақпарат және әлеуметтік даму министрлігі:

- бұқаралық ақпарат құралдарында мінез-құлықтың деструктивті нысандарын нақты көрсету бойынша ұсыныстар әзірлесін;

- бала тәрбиесіндегі ата-аналардың жауапкершілігін арттырсын, бала құқықтары мен мүдделерін бұзғаны үшін жауапкершілік шаралары туралы халықты хабардар етсін.

 

«Қазақстан Республикасында білім беру процесіне тиімді психологиялық-педагогикалық көмек көрсетудегі инновациялық технологиялар» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясының ҚАРАРЫ
Дата публикации
22 апреля 2022