
ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Ерлан Хайыров Индонезия Республикасының Қазақстандағы Елшісі Фостер Гултомен кездесу өткізді. Кездесу барысында Қазақстан мен Индонезияның екіжақты сауда-экономикалық және инвестициялық мәселелері талқыланды.
Ерлан Хайыров дипломатты Қазақстан экономикасын әртараптандыру, инвестициялық климатты жақсарту, кең спектрлі жеңілдіктер мен сапалы инфрақұрылымдық артықшылықтар қарастырылған арнайы экономикалық аймақтардың қызметі жөнінде айтып берді. Сондай-ақ, кездесуде Индонезия елшісіне Қазақстанды Кедендік Одақ нарығына қақпа және Еуропа мен Азия арасындағы көпір ретінде, сонымен қатар, Орталық Азия аймағында іскерлік және логистикалық хаб ретіндегі еліміздің транзиттік әлеуетімен таныстырды.
Өз кезегінде Фостер Гултом индонезиялық компаниялар тарапынан тоқыма және фармацевтикалық салалар бойынша ынтымақтастыққа мүдделі екенін жеткізді.
Айта кету керек, 2005 жылдан 2016 жылдың 9 айына дейін Индонезиядан Қазақстанға келген тікелей инвестиция ағыны 433 млн. АҚШ долларына жетті. Қазақстан мен Индонезияның тауар айналым көлемі 2016 жылдың қаңтар-қараша айларында 16,6 млн. АҚШ долларын құрады.