
2019 жылдың 30 мамыр күні Достық үйінде Атырау облысы ҚХА-ның және «Қоғамдық келісім» КММ - нің ұйымдастыруымен «Жаңғыру жолы» Атырау облысы жастар қозғалысының кезектен тыс отырысы өтті. Күн тәртібінде қаралған мәселелер: Атырау облысы «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының жаңа көшбасшысын тағайындау және алдыңғы айларда атқарылатын нақты жұмыстың бағыттарын талқылау.
Шараға Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Г.Шәкірова, «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы Ж.Досқалиева, «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының штаб мүшелері, Атырау қалалық «Жастар ресурсы» орталығының басшысы Қадыров Серік және Атырау қалалық маслихатының депутаты, ЖШС «Сарайшық» асыл тұқымды шаруашылықтың бас директоры Розметова Тамилла қатысты.
Отырыс барысында сөз алған Г.Шәкірова қатысушыларға қазіргі таңда жастардың әлеуетін жоғары деңгейге көтеріп, жастармен жұмысты жүйелі түрде жүргізіп, қалыптастыру керек екендігін айтып өтті. Одан әрі сөз алған Ж.Досқалиева биылғы Жастар жылында жоспарланған іс-шаралардың бағытын айқындап, жастарымыздың қоғамдық шараларға белсенді атсалысуына ықпал етуде олардың өзіндік көзқарасын, ой - пікірлерін байқап, өзара пікіралмасты, сондай-ақ өз ойын білдірген С.Қадыров «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының жаңа көшбасшылығына Розметова Тамилланы лайық деп танып, жастарға да қолдау көрсетуге шақырды.
Шараға қатысушылар күн тәртібіндегі мәселелерді талқылай келе, Атырау облысы «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының жаңа көшбасшысы етіп бірауыздан Атырау қалалық маслихатының депутаты, ЖШС «Сарайшық» асыл тұқымды шаруашылықтың бас директоры Розметова Тамилланы тағайындады және көшбасшының орынбасары болып Аманжолов Аслан таныстырылды.