Педагогика қызметкерлерінің облыстық тамыз кеңесі өтті

Педагогика қызметкерлерінің облыстық тамыз кеңесі өтті

Педагогика қызметкерлерінің облыстық тамыз кеңесі өтті

Бүгін Махамбет Өтемісұлы атындағы облыстық академиялық драма театрында «Білімді ұлт: Терең білім, еңбекқорлық және отаншылдық қасиет» тақырыбында облыстық тамыз кеңесі өтті.

Дәстүрлі шараға Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов, мемлекеттік орган басшылары қатысты, ардагер ұстаздар, мәслихат депутаттары мен облыстық білім беру ұйымларының басшылары қатысты, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Шарада аймақ басшысы ұстаздарды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, білім беру саласындағы негізгі міндеттерге тоқталды. Серік Шәпкенов ұрпақ тәрбиелеуде ұстаз еңбегі орасан зор екенін айтып, ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу бағытындағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды.

⁃ Мағжан Жұмабаев: «Алты Алаштың баласы бас қосса, төр – мұғалімдікі болуы тиіс» дегенде, осындай қасиетін айтса керек. Қазіргі уақыт жедел дамудың кезеңі. Ол – даусыз ақиқат. Ендеше оқу жүйесі де әлеуметтік қоғамның ашық бөлігі ретінде сол зымырап жатқан дүниеден тысқары өмір сүре алмайды. Педагогтар қауымы өздерінің жоғары кәсіби білімі арқылы ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беріп қана қоймай, әлеуметтік-педагогикалық миссияны да атқарып келеді. Салада әлі басы ашық тұрған мәселелер бар. Оларды шешу үшін бірігіп жұмыс істеп, жолдарын қарастыруымыз қажет,-деді Серік Шәпкенов.

Облыстық білім беру басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айнагүл Дүйсекенованың айтуынша, жаңа оқу жылын 138 000 оқушы бастайды.

⁃ Қазіргі уақытта жалпы орта білім беру жүйесінде 137 747 білім алушы контингенті бар 200 мектеп, 10 жекеменшік мектеп жұмыс істейді. 2021-2022 оқу жылын 5999 оқушы аяқтады. 3613 оқушы Ұлттық біріңғай тестілеуге қатысып, оның 1517-сі мемлекеттік, 107-сі әкімшілік грант иегері атанды,-деп мәлімдеді А. Дүйсекенова.

«Атырау облысында білім беруді дамытудың 2021-2023 жылдарға арналған жол картасы» бағдарламасы аясында «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымдарын сүйемелдеп, өңірде кешенді жұмыс жасауда. «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова аталған бағдарламаға Құрманғазы ауданы Сафон ауылындағы Қадыр Мырза-Әлі атындағы жалпы орта мектеп таңдалғанын айтты.

⁃ Білім беру жүйесі нәтижесінің жоғары деңгейіне қол жеткізудің бірден бір жолы - әр оқушының білімін арттыру. Ал, білім алушылар деңгейін жақсарту үшін оқыту сапасын көтеру қажет. Оны кемеліне жеткізетін - ұстаз. Осыдан-ақ ұстаздардың алдына қойылған міндеті үлкен екенін байқаймыз,-деді К.Шәмшидинова.

Алқалы жиында облыс әкімі еңбегі еленген ұстаздарды «Білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Ы. Алтынсарин» атындағы, «Еңбек ардагері» төсбелгілерімен марапаттады.