Серік Шәпкенов: Бала қауіпсіздігі басты назарда болуы тиіс

Серік Шәпкенов: Бала қауіпсіздігі басты назарда болуы тиіс

Серік Шәпкенов: Бала қауіпсіздігі басты назарда болуы тиіс

Бүгін облыс әкімі Серік Шәпкеновтің төрағалығымен аппарат жиыны өтті. Күн тәртібінде балалардың мектепке дайындығы мен судағы қауіпсіздік мәселелері қаралды, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

- Біздің алдымызда ең үлкен мәселе тұр. Бұл – балаларымыздың сапалы білім алуы. Ол үшін барлық жағдай жасауымыз керек. Алдымен жаңа оқу жылы басталғанға дейін білім ордаларының құрылысын аяқтауды тапсырамын. Екіншіден, балалардың қауіпсіздігін қадағалау маңызды. Үшіншіден, «Мектепке жол» акциясын дұрыс ұйымдастыру. Мен өңірдегі ірі компания басшылары және кәсіпкерлермен кездестім. Олар көмекке мұқтаж отбасыларға сертификат беруге келісті. Осы сертификаттарды алдағы уақытта ата-аналарға дұрыс үлестіруді тапсырамын. Кәсіпкерлер көмекке мұқтаж адамдарға ғана жеңілдік жасауға мүмкіндік барын айтты. Осы орайда олардың тізімін жасақтап, ата-аналарға дүкендерден жеңілдік алып беруді ұйымдастырыңыздар ,-деді аймақ басшысы.

Облыстық білім беру басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айнагүл Дүйсекенованың мәліметінше, қыркүйек айына дейін 2 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары аяқталады. Олар Қызылқоға ауданы Миялы ауылындағы Ә. Жангелдин атындағы орта мектеп пен Жылыой ауданындағы Қосшағыл ауылындағы №2 орта мектеп.

- Қазір оқу жылына дайындық қарқынды жүріп жатыр. 20-тамызға дейін мектептерге оқулықтар таратылады. «Мектепке жол» акциясы аясында облыс бойынша 150 млн теңге бөлінді. 19-тамыздан бастап ата-аналардың есеп шотына балаларға киім-кешек пен құрал-жабдық алу үшін 37 000 теңге ақша аударылады,-деді Айнагүл Дүйсекенова.

Суға шомылу маусымында қауіпсіздікті қамтамасыз ету туралы облыстық ТЖД бастығының міндетін атқарушы Жасұлан Ақтаев баяндама жасады. 2022 жылдың 1 маусымынан бастап облыстағы су айдындарында 12 адам қаза тапты. Оның ішінде 6-ы - кәмелет жасына толмаған балалар.

- Су айдындарындағы төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында 2022 жылдың наурыз айынан бастап дайындық іс-шаралары ұйымдастырылды. Соған сәйкес облыстық комиссия отырысы өтіп, жергілікті атқарушы органдарға нақты тапсырма берілген. Алайда қазір Атырау қаласы мен Индер ауданынан басқа ауданда жабдықталған жағажайлар жоқ. Сонымен қатар Махамбет ауданында болған резонанстық жағдай облыстық ТЖК отырысында көтерілді. Аудан аумағында су айдындарындағы төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар жеткіліксіз. Соның салдарынан 6 адам суға кетіп отыр. ТЖК отырысында Махамбет ауданы әкімінің орынбасарына 2022 жылғы шомылу маусымын өткізуге дайын еместігі туралы айтылды. Бірақ осы ауданның лауазымды тұлғалары қажетті бұдан қорытындылар жасаған жоқ,-деді Жасұлан Ақтаев.

Серік Шәпкенов Атырау қаласындағы суға шомылуға арналған орындардың тазалағы сын көтермейтінін айтып, қала әкіміне бұл мәселені бақылауға алуды тапсырды. Сонымен қатар сағат 22:00-ден кейін қайықпен Жайық өзеніне серуендеуге шығатындарға бақылауды күшейтуді тапсырды. Бұдан бөлек облыс әкімі басқарма басшылары мен ТЖД, ПД басшыларына қауіпсіздік ережелері жайында ақпараттандыруды күшейтуді міндеттеді.