
Елбасы Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласына орай 1 мамыр Қазақстан халқының бірлігі мерекесі қарсаңында Атырау облысы «Мамандандырылған күзет қызметі» басқармасында дөңгелек үстел өтті. Шараға аталмыш мекеменің басшылары мен қызметкерлері және «Татулық» татар-башқұрт этномәдени бірлестігі төрайымының орынбасары Р.Колчикова қатысты.
Кездесуде сөз алған басқарма бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Н.Жомартов жиналғандарды 1 мамыр Қазақстан халқының бірлігі мерекесімен құттықтап, еліміздегі сан ұлттың татулықта өмір сүріп жатқаны бірліктің арқасы екенін атап өтті.
Сондай-ақ, «Рухани жаңғыру - еліміз үшін маңызды зор үлкен жаңалық. Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс. Жолдауда жүктелген тапсырмаларды орындау - әрбіріміздің Отан алдындағы парызымыз деп білемін», - деді өз сөзінде Н.Жомартов.
Одан соң сөз алған «Татулық» татар-башқұрт этномәдени бірлестігі төрайымының орынбасары Р.Колчикова: «Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдардың бәсекелестік қабілетімен айқындалады. Білім мен тәрбиесі ғажайып түрде үндескен, ұлттық идеологиясы темірқазығына айналған табысты ел болуымыз үшін жақсылыққа ұмтылып, жаманшылықтан арылып, саналы түрде барлық қасиеттерімізді ізгілендіріп, сананы рухани жағынан үнемі жетілдіріп, дамытып отыруға тиістіміз», - деді.
Сонымен қатар, шараға қатысушылар 2019 жылы маусым айында өтетін кезектен тыс Президент сайлауын өткізу Қазақстанның ұзақ мерзімді даму стратегиясын тиімді жүзеге асыруға көмектесетін жауапты әрі маңызды шешім екенін де тілге тиек етті.
«Әрдайым елімізде тыныштық, ынтымақ болса екен деймін. Көп ұлтты еліміз ауызбіршілікті өмір сүріп, әр шаңырақтан молшылық, қуаныш кетпесін. Бірлік бар жерде бақыт бар», - деп сөзін қорытындылаған Н.Жомартов кездесу соңында «Татулық» татар-башқұрт этно-мәдени бірлестігі төрайымының орынбасарына алғыс айтып, сый-сыяпат ұсынды.
Шараның соңы мекеме қызметкерлерінің концерттік бағдарламасына ұласты.