Атырау облысы әкімі аппаратының сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарты

 

 

 

 

Атырау облысы әкімі аппаратының сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандартын бекіту туралы

 

 

          Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» 2015 жылғы 18 қарашадағы Заңының 10-бабына және Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Төрағасының 2024 жылғы 31 желтоқсандағы №285 бұйрығымен бекітілген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттарды қалыптастыру жөніндегі Әдістемелік ұсынымдарға сәйкес, БҰЙЫРАМЫН:

  1. Осы бұйрықтың қосымшасына сәйкес Атырау облысы әкімі аппаратының сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарты (бұдан әрі - Стандарт) бекітілсін.
  2. Атырау облысы әкімі аппараты басшысының 2016 жылғы 20 желтоқсандағы  №536 «Атырау облысы әкімі аппаратының сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандартын бекіту туралы» және  2017 жылғы                    29 қыркүйектегі №474 «Атырау облысы әкімі аппараты басшысының            2016 жылғы 20 желтоқсандағы №536 «Атырау облысы әкімі аппаратының сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандартын бекіту туралы» бұйрығына толықтыру енгізу туралы» бұйрықтарының күші жойылсын.
  3. Атырау облысы әкімі аппаратының қызметшілері Стандарт талаптарының сақталуын қамтамасыз етсін.
  4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылауды өзіме қалдырамын.
  5. Осы бұйрық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

 

 

Облыс әкімі

аппаратының басшысы                                                     Н. Жеңісбекұлы

 

 

Атырау облысы әкімі

аппараты басшысының

2025 жылғы «__» ________

№__ бұйрығына қосымша

 

 

Атырау облысы әкімі аппаратының сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарты

  1. Жалпы ережелер
  2. Осы Атырау облысы әкімі аппаратының сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарт (бұдан әрі - Стандарт) Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңының 10-бабына, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңына және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Төрағасының 2024 жылғы 31 желтоқсандағы №285 бұйрығымен бекітілген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттарды қалыптастыру жөніндегі Әдістемелік ұсынымдарға сәйкес әзірленді.
  3. Стандарттың қолданылу аясы Атырау облысы әкімі аппаратының барлық қызметшілеріне (бұдан әрі - Аппарат) қолданылады.
  4. Стандарттың мақсаты Аппаратта сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған ұсынымдар жүйесін белгілеу болып табылады.
  5. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттың міндеттері:
  • Аппарат қызметшілерінде сыбайлас жеқорлыққа қарсы тұрақты мінез-құлықты қалыптастыру;
  • Аппарат қызметшілерінің белгіленген қағидаларды мүлтіксіз сақтауға бағытталған іс-қимылдары мен шешімдерін айқындау;
  • сыбайлас жемқорлық көріністерін уақытылы анықтау және олардың теріс салдарларының алдын алу.
  1. 5. Стандарттың негізгі қағидаттары:
  • заңдылық;
  • адамның және азаматтың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғауды басымдыққа алу;
  • жариялылық пен айқындық;
  • мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимыл жасауы;
  • сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларын жүйелі және кешенді пайдалану;
  • сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шараларын басым қолдану;
  • сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға жәрдем көрсететін адамдарды қорғау және көтермелеу;
  • сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды жасағаны үшін жазаның бұлтартпастығы қағидаттары негізінде жүзеге асырылады.

 

 

  1. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін картаға түсіру
  2. Аппаратта Қазақстан Республикасының заңнамасына және уәкілетті органның әдістемелік ұсынымдарына сәйкес жыл сайын ішкі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін карталау жүргізіледі. Бұл сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағдарламаның маңызды элементі болып табылады және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің туындау себептерін көрнекі түрде көрсетуге, сондай-ақ олардың алдын алу және жою шараларын айқындауға мүмкіндік береді.
  3. Картаға түсіру келесі алгоритмге сәйкес жүргізіледі:

- сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау;

- сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жіктеу;

- сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою және барынша азайту;

- тиісті мүдделі тараптарды ақпараттандыру;

- кері байланыс тетігін құру.

  1. Картаға түсіру қорытындысы бойынша тәуекелдер картасы және сыбайлас жемқорлық картограммасы қалыптастырылады. Сыбайлас жемқорлық картограммасы ықтимал сыбайлас жемқорлық көріністері жайлы хабар беретін мәліметтерді жүйелеуге және алдын алу шараларын әзірлеуге бағытталған.

Сыбайлас жемқорлық картограммаларында сыбайлас жемқорлық тәуекелдері олардың саралануымен, сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне шалдыққан лауазымдар тізбесі қамтылады, сондай-ақ ұйымдағы сыбайлас жемқорлықтың алғышарттары туралы ақпаратты толықтыратын БАҚ-тағы жарияланымдар, шағымдар, өтініштер сынды басқа да деректерді талдау нәтижелері болуы мүмкін. Сыбайлас жемқорлық картограммасы Аппараттың сайтында орналастырылады.

  1. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою жоспары тәуекелдер картасының негізінде нақты шаралар, мерзімдер, орындаушы және іс-шараның аяқталу формасы көрсетіле отырып әзірленеді. Мемлекеттік органдарда бұл жоспарды бірінші басшы бекітіп, бақылайды.

          Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою жоспары жария түрде болуға тиіс және ол Аппараттың веб-сайтында немесе әлеуметтік желілердегі аккаунттарда қолжетімді болуға тиіс. Бұл ретте, қорғалуға жататын құпия ақпаратты, сондай-ақ инсайдерлік, коммерциялық ақпараттың және дербес деректердің жария болып кету қаупі бар болса, жоспардың бір бөлігі ғана жариялануы ықтимал.

 

  1. Аппарат қызметшілерінің іс-әрекет ережелері

 

  1. Аппарат қызметшісі жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін іске асыру кезінде:

1) жеке және заңды тұлғалардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін сақтауды және қорғауды қамтамасыз етуге, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен және мерзімдерде олардың өтініштерін, хабарламаларын, пікірлерін, сұрауларын және ұсыныстарын қарауға, олар бойынша қажетті шаралар қабылдауға;

2) адал, әділ, қарапайым болуға, жеке және заңды тұлғалардың өкілдерімен қарым-қатынаста жалпыға бірдей қабылданған моральдық-этикалық нормаларды сақтауға, сыпайылық пен әдептілік танытуға;

3) жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделеріне әсер ететін шешімдерді қабылдаудың ашықтығын қамтамасыз етуге;

4) Қазақстан халқының бірлігін және елдегі ұлтаралық келісімді нығайтуға жәрдемдесуге, мемлекеттік және өзге де тілдерге, Қазақстан халқының дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарына құрметпен қарауға;

5) өз әрекеттері мен мінез-құлқымен қоғам тарапынан сынға себеп бермеуге, сын үшін қудалауға жол бермеуге, кемшіліктерді жою және қызметін жетілдіру үшін сындарлы сынды пайдалануға;

6) шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді таратпауға;

7) жеке және заңды тұлғалардың өз құқықтары мен заңды мүдделерін іске асыруын қиындататын әрекеттерге (әрекетсіздікке) жол бермеуге;

8) жеке мүліктік және мүліктік емес пайда алу мақсатында өзінің лауазымдық өкілеттіктерін және олармен байланысты мүмкіндіктерді пайдаланбауға тиіс.

  1. Аппарат қызметшісі өз құзыреті шеңберінде басқарушылық және өзге де шешімдерді дайындау және қабылдау кезінде:

1) туыстық, жерлестік және жеке адалдық белгілері бойынша кадрларды іріктеу мен орналастыруға жол бермеуге, меритократия қағидаттарын сақтауды қамтамасыз етуге;

2) бағынысты қызметкерлердің лауазымдық міндеттерін нақты әрі айқын айқындауға;

3) бағынысты қызметкерлер арасында олардың жұмыс тәжірибесі мен атқаратын лауазымдарын ескере отырып, еңбек жүктемесін тең бөлуге;

4) бағынысты қызметкерлердің қызмет нәтижелерін бағалау, сондай-ақ оларды көтермелеу және тәртіптік жаза қолдану кезінде әділдік пен объективтілікті көрсетуге;

5) бағынысты қызметкерлерге қатысты негізсіз айыптауларға, дөрекілікке, адамдық қадір-қасиетін қорлауға, әдепсіздікке және орынсыз мінез-құлыққа жол бермеуге;

6) бағынысты қызметкерлер үшін анық орындалмайтын, олардың лауазымдық міндеттерінен тыс немесе Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келетін тапсырмалар бермеуге;

7) бағынысты қызметкерлерді қызметтік емес немесе жеке тапсырмаларды орындауға тартпауға;

8) бағынысты қызметкерлердің сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауына ықпал ететін себептер мен жағдайларды жоюға;

9) бағынысты қызметкерлер тарапынан сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама нормаларының бұзылу фактілерінің алдын алу мен жолын кесуді қамтамасыз етуге;

10) мүдделер қақтығысының алдын алу және оны реттеу жөнінде уақтылы шаралар қабылдауға тиіс.

  1. Аппарат қызметшісі жеке және заңды тұлғаларды тексеруді ұйымдастыру кезінде:

1) жеке мүдделерде немесе үшінші тұлғалардың мүддесінде тексерулер жүргізуге жол бермеуге;

2) тексерілетін субъектілерге заңсыз талаптар қоймауға, тексеру нысанына қатысы жоқ өтініштер жасамауға;

3) тексеру нысанына қатысты қажетті ақпаратты тексерілетін субъектілерге ұсынуға;

4) тексеру нысанына қатысы жоқ құжаттарды талап етпеуге тиіс.

  1. Аппарат қызметшісі нормативтік құқықтық актілердің жобаларын дайындау кезінде:

          1) азаматтардың заңмен белгіленген құқықтары мен бостандықтарын сақтауға;

2) жеке және заңды тұлғалардың заңды мүдделерінің бұзылуына жол бермеуге;

3) нормативтік құқықтық актілердің жобаларын Қазақстан Республикасының заңнамасының талаптарына сәйкес әзірлеуге;

4) мазмұны азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына әсер ететін нормативтік құқықтық актілер жобаларын алдын ала қоғамдық талқылауды қамтамасыз етуге, оның ішінде Қоғамдық кеңес отырыстарында талқылау, сондай-ақ жобаларды ашық нормативтік құқықтық актілердің интернет-порталында және әкімдіктің интернет-ресурсында орналастыру арқылы;

5) тек қана Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделерін басшылыққа алуға;

6) өзі немесе үшінші тұлғалар үшін пайда табу мақсатында нормативтік құқықтық актілерді әзірлеуге жол бермеуге;

7) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарға ықпал ететін дискрециялық өкілеттіктер мен нормаларды болдырмауға тиіс.

  1. Персоналды басқару қызметі (кадр қызметі):

1) тағайындауға байланысты материалдарды қараудың белгіленген мерзімдерін сақтауға;

2) қызметкерді жұмысқа қабылдау кезінде оларға жүктелетін негізгі міндеттерді, тыйымдар мен шектеулерді түсіндіруге;

3) кадрларды іріктеу кезінде Қазақстан Республикасының заңнамасының талаптарын сақтауға;

4) Аппарат қызметшілерінің дербес деректері туралы мәліметтерді негізсіз беруге жол бермеуге;

5) еңбек шартын жасасуға қатысы жоқ құжаттарды жұмысқа үміткерлерден талап етпеуге;

6) Аппарат қызметшілеріне қатысты қызметтік тексерулерді объективті және жан-жақты жүргізуге;

7) кірістер мен мүлік туралы декларацияларды тапсыру жөніндегі хабарламаларды жинау бойынша іс-шаралар жүргізуге;

8) қызметшілерді және олардың жұбайларын (жұбайларын) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мерзімдерде декларацияларды тапсыру қажеттілігі, сондай-ақ декларацияларда мәліметтерді ұсынбағаны немесе жалған мәліметтер ұсынғаны үшін жауапкершілік туралы жазбаша түрде хабардар етуге тиіс.

  1. Өзге де шектеулер, тыйымдар және талаптар
  2. 15. Аппарат қызметшісі:

1) Қазақстан Республикасы Президентінің саясатына адал болуға және оны дәйекті түрде іске асыруға;

2) заңдылық қағидатын басшылыққа алуға, Қазақстан Республикасының Конституциясын, заңдарын және өзге де нормативтік құқықтық актілерін, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы қатаң сақтауға;

3) еңбек тәртібін мүлтіксіз сақтауға, берілген өкілеттіктерді адал әрі бейтарап пайдалануға және өзінің лауазымдық міндеттерін тиісінше орындауға;

4) мемлекеттік мүліктің сақталуын қамтамасыз етуге, оны ұтымды, тиімді және тек қызметтік мақсатта пайдалануға;

5) Аппараттың сатып алуларына арналған ақшалай қаражатты оңтайлы әрі тиімді жұмсауға;

6) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды әшкерелеуде белсенділік танытуға;

7) мүліктік және мүліктік емес игіліктер мен артықшылықтар алу мақсатында ресми таратуға жатпайтын ақпараттың құпиялылығын сақтауға және оны жария етпеуге;

8) қоғам мен мемлекеттің мүддесі үшін өз әрекеттерімен мемлекеттік биліктің беделін нығайтуға, мемлекеттік қызметтің абыройына нұқсан келтіретін әрекеттерге жол бермеуге тиіс.

 

  1. Мүдделер қақтығысын болдырмау

 

  1. Мүдделер қақтығысының алдын алу мақсатында төмендегілерге тыйым салынады:

1) мемлекеттік функцияларды орындаумен сыйыспайтын қызметпен айналысуға;

2) жақын туыстарының, жұбайының (жұбайының) және (немесе) жекжаттарының тікелей бағынысында болатын мемлекеттік лауазымды атқаруға, сондай-ақ оларды тікелей бағынысында ұстауға;

3) ресми таратуға жатпайтын қызметтік және өзге де ақпаратты мүліктік және мүліктік емес игіліктер мен артықшылықтар алу мақсатында пайдалануға;

4) өзіне пайда келтіретін әрекеттері (әрекетсіздігі) үшін материалдық сыйақы, сыйлықтар немесе қызметтер қабылдауға;

5) Қазақстан Республикасынан тыс орналасқан шетелдік банктерде шоттар (салымдар) ашуға және иеленуге, сондай-ақ онда қолма-қол ақша мен құндылықтарды сақтауға;

6) өкілді органның депутаты болуға;

7) педагогикалық, ғылыми және өзге де шығармашылық қызметтен басқа ақылы қызметпен айналысуға;

8) кәсіпкерлік қызметпен, оның ішінде коммерциялық ұйымды басқаруға қатысуға, егер бұл оның лауазымдық өкілеттіктеріне кірмесе;

9) өзі қызмет атқаратын мемлекеттік органда немесе оған тікелей бағынысты не бақылаудағы органда үшінші тұлғалардың істері бойынша өкіл болуға;

10) қызметтік емес мақсаттарда материалдық-техникалық, қаржылық және ақпараттық қамтамасыз ету құралдарын, өзге де мемлекеттік мүлікті және қызметтік ақпаратты пайдалануға;

11) мемлекеттік органдардың қалыпты жұмыс істеуіне кедергі келтіретін әрекеттерге, оның ішінде ереуілдер мен рұқсат етілмеген митингілерге қатысуға;

12) лауазымдық өкілеттіктерін орындауына байланысты азаматтар мен заңды тұлғалардың қызметтерін жеке мақсатта пайдалануға;

13) «Ойын бизнесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген анықтамаға жататын ойын мекемелерінде құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге қатысу, сол сияқты құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге сол үшін бөлінбеген орындарда қатысу немесе телекоммуникация желілерін, оның ішінде Интернет желісін пайдалану арқылы өткізілетін құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге қатысуға;

14) мүдделер қақтығысын туындататын шешімдерді әзірлеуге, талқылауға немесе қабылдауға қатысуға;

15) мүдделер қақтығысы болған жағдайда лауазымдық міндеттерді орындауға;

16) өзінің қызметтік жағдайын жеке мүддесіне пайдалануға;

17) бұрын атқарған лауазымының артықшылықтарын жеке мүддесіне пайдалануға.

  1. Мүдделер қақтығысын анықтауды мынадай тәсілмен ұйымдастыруға болады:

1)  мүдделер қақтығысына әкеп соғуы мүмкін барлық лауазымдарға талдау жүргізу және ресурстарды бөлумен, қаржыны басқарумен, сатып алумен, бағалаумен және бақылаумен байланысты процестерге ең көп әсер ететін бөлімшелер мен лауазымдарды анықтау;

2) жұмыскерлердің акцияларға және компаниялардың жарғылық капиталына үлестерге иелік ету сияқты жеке мүдделерін қоса алғанда деректерді, контрагенттерде туыстар болуы, лауазымдық міндеттемелермен байланысты болуы мүмкін қосымша табыс көздері туралы деректер жинау және талдау өткізу;

3) жұмыскерлердің іс-әрекеттері мен шешімдерін артықшылықтар немесе біржақтылық белгілерінің бар-жоғына талдау;

4) сыртқы көздерден алынған деректерді жұмыскерлер ұсынған деректермен салыстыру;

5) анықталған мүдделер қақтығыстарын құжаттау, яғни мүдделер қақтығысының мәнін, оның ықтимал зардаптарын сипаттау. Мүдделер қақтығысына қатысты барлық шешімдер мен іс-әрекеттерді құжаттау ашықтықты арттыруға және кейіннен талдау жүргізуге мүмкіндік береді;

6) мүдделер қақтығысын жою.

  1. Жұмыскерлер мүдделер қақтығысының туындағаны немесе туындауы мүмкін екені белгілі болған сәттен бастап, тікелей басшысын не олар жұмыс істейтін ұйымның басшылығын және сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға жауапты адамды немесе бөлімшені жазбаша түрде хабардар етуге міндетті.

 

  1. Қаржылық бақылау шаралары

 

  1. Персоналды басқару қызметі (кадр қызметі) функционалдық міндеттеріне сәйкес:

- активтер мен міндеттемелер, кірістер мен мүлік туралы декларацияларды тапсыру туралы хабарламаларды жинау бойынша іс-шараларды өткізеді;

- жұмыскерлерге және олардың жұбайына (жұбайларына) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мерзімдерде декларацияларды тапсыру қажеттілігі, сондай-ақ мәліметтерді тапсырмау немесе декларациялардағы дәйексіз мәліметтер үшін жауапкершілік туралы жазбаша хабардар етеді;

- декларация тапсыруға міндетті адамдарды айқындаумен, Қазақстан Республикасының заңнамасындағы өзгерістерге тұрақты мониторингі жүзеге асырылады;

-  нормативтік құқықтық актілерге декларацияларды тапсыру мәселелеріне қатысты енгізілген өзгерістер туралы тиісті актілер қолданысқа енгізілген сәттен бастап, 30 жұмыс күні ішінде қызметкерлерді жазбаша формада хабардар ету.

  1. Декларациялар тапсыру туралы хабарламалар жұмыскерлердің жеке ісіне қоса тіркеледі.
  2. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру
  3. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті табысты қалыптастыру және қолдау үшін:

1) мемлекеттік органның немесе ұйымның бірінші басшысына жыл сайын Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бойынша іс-шаралар жоспарын бекіту ұсынылады. Бұл жоспарды ішкі ресурстарды оңтайландыру мақсатында, органның немесе ұйымның басқа жоспарларымен біріктіруге болады. Жоспарлар бұрын жүргізілген сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін (сыртқы және/немесе ішкі) талдау нәтижелерін ескере отырып нақты міндеттерді, мерзімдерді, жауапты адамдарды, алынған білімді тексеру формаларын көрсете отырып әзірленеді;

2) жоғарыда аталған Жоспарды әзірлеу кезінде жұмыскерлердің алған білімдерін міндетті түрде өлшей отырып, іс-шараларды жарты жылда кемінде 1 рет өткізу ұсынылады;

3) жоғарыда аталған алған білімді тестілеу Жоспардың мақсатты көрсеткіші ретінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы оқыту қорытындысы бойынша тестілеуді сәтті (100%-дан кемінде 60% жинаған) тапсырған жұмыскерлер саны туралы көрсеткішті енгізу ұсынылады;

4) оқыту ұйымдастыру кезінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы өзекті материалдарды пайдалану ұсынылады;

5) бюджетте қаражат болған кезде, қаржылық немесе қаржылық емес көтермелеу шараларын қарастырумен жұмыскерлерді түрлі алаңдарда тақырыптық оқытуға ынталандыру ұсынылад;

6) корпоративтік ресурстарда сыбайлас жемқорлық тәуекелдері, мүдделер қақтығысы туындаған жағдайларда іс-қимыл алгоритмі бойынша
түбіртек-парақтар мен қысқаша нұсқаулықтарды әзірлеу және орналастыру көзделеді.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру жөніндегі
іс-шаралар жоғарыда ұсынылған шаралармен шектелмейді.

 

  1. Қорытынды ережелер

 

  1. Аппарат қызметшілері сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттарды сақтамағаны үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілікке тартылады.
  2. Аппарат қызметшілерінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттарды сақтауын бақылау Атырау облысы әкімінің аппараты басшысына жүктеледі.

 

Дата публикации
30 декабря 2025