Біржолғы зейнетақы төлемі (БЗТ) – Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексінде белгіленген тәртіппен міндетті зейнетақы жарналарының салымшысы (зейнетақы төлемдерін алушы) тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) емделуге ақы төлеу мақсатында бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан алатын міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтарының сомасы. БЗТ-ны өзіне немесе жұбайы/зайыбы не жақын туыстарының пайдасына мынадай шарттардың бірі болған кезде алуға болады:
- Егер салымшының міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) есебінен қалыптастырылған жеке зейнетақы шотындағы (ЖЗШ) зейнетақы жинақтарының сомасы ҚР Үкіметі бекіткен әдістемеге сәйкес айқындалған зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілігі шегінен (ТЖШ) асса (ТЖШ-дан асатын соманы пайдалануға болады);
- Егер зейнеткердің зейнетақысы оның еңбекке жарамды кезінде алып жүрген орташа айлық кірісінің кемінде 40%-на тең алмастыру коэффициентін қамтамасыз ететін болса; Кірісті алмастыру коэффициентінің мөлшері Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен тәртіп бойынша айқындалады. Орташа айлық кірісті алмастыру коэффициентін есептеу кезінде алушының базалық және ынтымақты құрамдауыштар есебінен қалыптасқан зейнетақысының мөлшері және зейнеткерлікке шыққан күннің алдындағы, бірақ республика бойынша орташа айлық кірістен аспайтын табысы ескеріледі (жинақтардың 50% - на дейін пайдалануға болады);
- Егер МЗЖ-ның салымшысы сақтандыру ұйымымен зейнетақы аннуитеті шартын жасаса (жеке зейнетақы шотындағы жинақтардың 100%-на дейін пайдалануға болады);
- Егер азамат еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы алушы болса (ЖЗШ-дағы жинақтардың 100%-на дейін пайдалануға болады).
Бұл ретте БЖЗҚ-дан зейнетақы жинақтарын алу болашақ зейнетақы төлемдерінің мөлшерінің азайып, кезеңінің қысқаруына себеп болатынын ескеру қажет. Сондықтан, зейнетақы қаражатын алу туралы шешім қабылдамас бұрын, зейнет жасына жеткенде зейнетақының қай деңгейіне иек артатыныңызды шешіп, өзіңіз үшін басымдықтарды анықтауыңыз керек.