Қолданыстағы салық заңнамасына сәйкес тұрғын үйге немесе емделуге біржолғы зейнетақы төлемдерін (БЗТ) пайдаланған кезде салымшы жеке табыс салығын (ЖТС) өз қалауына қарай төлей алады: БЗТ алған кезде бірден немесе зейнетақыға дейін кейінге қалдырып төлеу. Сонымен қатар, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап мұндай тұлғалардың БЗТ түріндегі салық салынатын табысына стандартты салық шегерімдері (882 АЕК[1] шегінде) қолданылады. Бұл осы санатқа жататын алушылар БЗТ алған күннен бастап үш жыл ішінде ЖТС қайта есептеу мен өтеуді қолдану үшін БЖЗҚ-ға тиісті өтінішпен және растайтын құжаттармен жүгіне алатынын білдіреді. Алайда, БЗТ-ны 2021-2022 жылдары алған азаматтар түрлі себептермен бұл мүмкіндікті пайдалана алмады. Енді ҚР Салық кодексіне өзгерістер мен толықтырулардың енгізілуіне байланысты 2025 жылғы 15 шілдеден бастап жеке тұлғалардың осындай өтініштері үшін белгіленген талап қою мерзімі 3 жылдан 5 жылға дейін ұлғайтылды. Бірақ бұл ереже тек 2025 жылдың 31 желтоқсанына дейін қолданылады, өйткені 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа Салық кодексі күшіне енеді. Онда ЖТС-ты қайтару үшін көзделген мерзім – 3 жыл. Сондықтан ЖТС қайтаруға құқығы бар адамдарға құжаттарын 2025 жылы тапсырып үлгеру туралы кеңес береміз.
[1] Айлық есептік көрсеткіш