Мен 2 топтағы мүгедектігі бар адаммын, салықты қайтару үшін БЖЗҚ-ға құжаттар тапсырдым, ЖТС төлеудің кейінге қалдырылған түрімен 5 000 000,00 теңге БЗТ-дан салықтың толық мөлшері неге қайтарылмағанын түсіндіруді сұраймын?

Естеріңізге сала кетейік, қолданыстағы салық заңнамасына сәйкес тұрғын үй жағдайларын жақсартуға немесе емделуге ақы төлеуге біржолғы зейнетақы төлемдерін (БЗТ) пайдаланған кезде жеке табыс салығын (ЖТС) салымшының таңдауы бойынша төлеуге болады: БЗТ алған кезде немесе кесте бойынша зейнетақы төлемдеріне дейін кейінге қалдырумен. 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап әлеуметтік осал санаттарға жататын тұлғалар БЗТ түріндегі табысқа стандартты салық шегерімдерін қолдануға құқылы.

 Бұл ретте БЖЗҚ-дан БЗТ түріндегі салық салынатын табыс сомасы мынадай тәртіппен айқындалады:

БЗТ түріндегі табыс сомасынан Салық кодексінің тиісті баптарында көрсетілген салық шегерімдерінің сомасы алынады. Қорытынды қалдық салық салынатын табыс болып есептеледі.

  Мысалы, егер салымшының 2021 жылы алған БЗТ түріндегі табысы 5 000 000,00 теңгені құраса, салық міндеттемелері 500 000,00 теңгені құрайды (5 000 000,00* 10%), содан кейін 2021 жылы 882 АЕК мөлшерінде 2 572 794,00 теңге (882*2 917,00[1] теңге) сомасында стандартты салық шегерімдерін қолданған кезде міндеттемелерді азайту бағытында салық түзетулері жүргізіледі.

 Осылайша, салық міндеттемелерінің қалдығы (кейінге қалдырылған ЖТС) 242 720,60 теңгені құрайды, ол былайша есептелген:

((5 000 000,00 - 2 572 794,00)*10%).

Егер Сіз БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін алушы болсаңыз және кейінге қалдырылған ЖТС сомасы толығымен немесе ішінара ұсталып, бюджетке аударылған болса, салықты қайтару үшін БЖЗҚ-ға берілген құжаттар негізінде 882 АЕК шегінде берешек қалдығын түзете отырып, ЖТС өтеледі және төленеді.

Жаңа Салық кодексінің күшіне енуіне байланысты 2026 жылғы 1 қаңтардағы қалған салық міндеттемелері 2026 жылғы қаңтарда жойылады.

 

[1] 2021 жылғы айлық есептік көрсеткіш 2917 теңгеге тең болды  

Дата публикации
06 ноября 2025