Төтенше жағдайлар туындаған кезде оларды бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік көзделген қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету, олардың алдын алу және жою жөніндегі Қағидаларын бекіту туралы

«Құқықтық актілер туралы» Қазақстан Республикасының 2016 жылғы 6 сәуірдегі Заңының 27-бабына сәйкес, VI шақырылған Атырау облыстық мәслихаты кезекті XLІХ сессиясында ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

1. Қоса беріліп отырған Төтенше жағдайлар туындаған кезде оларды ұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік көзделген қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету, олардың алдын алу және жою жөніндегі қағидалары бекітілсін.

2. Осы шешімнің орындалуын бақылау Атырау облыстық мәслихатының заңдылықты сақтау, депутаттық этика және құқық қорғау мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясына жүктелсін (А.Абдолов).

3. Осы шешім Әділет органдарында мемлекеттік тіркелген күннен бастап күшіне енеді және ол алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

 

Лауазымы     Аты-жөні

 

Атырау облыстық мәслихатының

2020 жылғы «__»___________

№____ шешімімен бекітілген

 

Төтенше жағдайлар туындаған кезде оларды бұзғаны үшін

әкімшілік жауапкершілік көзделген қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті

қамтамасыз ету, олардың алдын алу және жою жөніндегі қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

1. Авариялық-құтқару жұмыстары және басқа да кезек күттірмейтін жұмыстар кезінде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, Атырау облысының жергілікті атқарушы органдарымен, Атырау облысының Төтенше жағдайлар департаменті, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Атырау облысы бойынша департаменті, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері әскери бөлімдерінің қолбасшылығы және Атырау облысы Полиция департаментімен өзара іс-қимыл және ақпарат алмасу аясында жүзеге асырылады.

2. Төтенше жағдайларды жою кезінде полицияның күштері мен құралдарын пайдалану төтенше жағдайлар кезіндегі ішкі істер органдарының жоспарланған шараларына сәйкес жүзеге асырылады.

3. Төтенше жағдайлар кезіндегі авариялық-құтқару жұмыстары және басқа да кезек күттірмейтін жұмыстар кезінде қоғамдық тәртіпті қорғау жөніндегі іс-шараларды жоспарлау және жүзеге асыру, төтенше жағдайдың сипаттамасы мен табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың нақты қауіптілік дәрежесін ескере отырып жүзеге асырылады.

4. Төтенше жағдайлар кезіндегі авариялық-құтқару және басқа да кезек күттірмейтін жұмыстар кезінде қоғамдық тәртіпті сақтаудың негізгі міндеттері:

- төтенше жағдайлардың туындауы туралы халықты уақытылы құлақтандыруды және ақпараттандыруды қамтамасыз ету;

- қалаларда және басқа елді-мекендерде, халықты эвакуациялау жолдарының бойында қоғамдық тәртіпті сақтау;

- материалдық және мәдени құндылықтарды қорғау болып табылады.

5. Төтенше жағдайлар кезіндеге авариялық-құтқару және басқа да кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргізу кезінде жүзеге асырылатын қоғамдық тәртіпті сақтаудың негізгі шаралары:

1) дауыс зорайтқыш байланысын қолдана отырып және басқа арналар арқылы, туындаған төтенше жағдайлар және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қабылданған шаралар туралы халықты дәйекті ақпаратпен уақытылы құлақтандыруды қамтамасыз ету;

2) төтенше жағдай аймағын қоршау және неғұрлым қауіпсіз шептер мен бағыттар бойынша өткізу режимін ұйымдастыру;

3) азаматтарды эвакуацияланғандарды жинау орындарына шұғыл эвакуациялауды қамтамасыз ету, зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсету;

4) төтенше жағдайлар аймағында және іргелес аумақтарда жол жүрісі қауіпсіздігін ұйымдастыру, эвакоколонналар мен азаматтық қорғаныс күштерінің колонналарына сүйемелдеуді қамтамасыз ету;

5) азаматтардың қараусыз қалған мүліктерін күзету;

6) мемлекеттік органдар, жергілікті өзін-өзі басқару органдары орналасқан әкімшілік ғимараттарды, аса маңызды объектілер және халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету объектілерін күзету;

7) арнайы карантиндік, санитариялық-гигиеналық және профилактикалық іс-шараларды сақтай отырып, адамдарды, техника мен көлік құралдарын жабық шептер мен бағыттар арқылы өткізуді қамтамасыз ету үшін бақылау-өткізу және режим пункттерін құру;

8) эпидемиялар мен эпизоотиялар кезінде карантиндік іс-шараларды жүргізу барысында құқықтық режимді қамтамасыз ету;

9) халық арасында жаппай тәртіпсіздіктің, дүрбелеңнің, жалған және арандатушылық қауесеттердің таралуының алдын алу және жолын кесу бойынша іс-шараларды жүргізу;

10) төтенше жағдайлар аймағынан қаза тапқан және зардап шеккен адамдарды әкетуге медицина қызметкерлеріне көмек көрсету;

11) көшелер мен жолдардың бұзылған және қозғалыс үшін қауіпті учаскелерінде көлік пен жаяу жүргіншілердің қозғалысын белгіленген тәртіппен шектеу немесе тыйым салу, жол жүрісін реттеу үшін қажетті техникалық құралдар орнатуды ұйымдастыру;

12) ұйымдардың, қоғамдық бірлестіктердің немесе азаматтардың көлік құралдарын табиғи апат болған жерге бару, жедел медициналық көмекке мұқтаж азаматтарды емдеу мекемелеріне жеткізу үшін тарту;

13) эвакуациялау кезінде теміржол станцияларында халықты отырғызу және түсіру кезінде қоғамдық тәртіпті сақтауды ұйымдастыру.

2-тарау. Төтенше жағдайлар кезінде қызмет атқару ерекшеліктері

6. Төтенше жағдайлар, халықтың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін, авариялық-құтқару және қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуді талап ететін жаппай тәртіпсіздіктер, табиғи апаттар, өрттер, ірі өндірістік авариялар, апаттар, эпидемиялар, эпизоотиялар туындаған кезде пайда болады.

Мұндай жағдайларда полиция органдары мен Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің ішкі әскерлері өзара іс-қимыл жасай отырып, мынадай арнайы іс-шараларды ұйымдастырады және жүзеге асырады:

1) белгіленген қоғамдық тәртіпті және жол жүрісі қауіпсіздігін қалпына келтіру мен сақтау, қылмыстардың және өзге де құқыққа қарсы әрекеттердің алдын алу және олардың жолын кесу;

2) халықты қорғау, шығындарды есепке алу, адамдарды құтқару және зардап шеккендерге қажетті көмек көрсету;

3) қараусыз қалған меншікті күзету;

4) авариялық-құтқару және қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуге көмек көрсету.

7. Облыстық полиция департаменті, қалалық басқармалары, аудандық бөлімдері жеке құрамының төтенше жағдайлар кезіндегі іс- қимылдарға тұрақты әзірлігін қамтамасыз ету мақсатында жедел жоспарлар әзірленеді, оларды полиция органының басшысы бекітеді және төтенше жағдайлар департаментімен (одан әрі - ТЖД) келісіледі. Жоспарларда мыналар қарастырылады:

1) төтенше жағдайлар туындаған кезеңде қызмет көрсетілетін аумақтағы ықтимал жағдайдың сипаттамасы;

2) қоса берілгендерді қоса алғанда, полиция органдарының күштері мен құралдарын, қойылған жедел-қызметтік міндеттерді орындауға әзірлікке келтіру тәртібі;

3) төтенше жағдайлар кезінде полицияның бастығы мен кезекші органының жедел әрекеттерінің тізбесі мен реттілігі;

4) төтенше жағдайлар кезінде іс-шараларды жүзеге асыру үшін тартылатын күштер мен құралдардың, және оларды орналастыру есебі, қызметтік нарядтардың, арнайы топтардың түрлері, олардың мақсаттары мен арнайы міндеттері, резервтің құрамы және оны пайдалану тәртібі;

5) күш-жігерді жұмылдыру қажет аумақта (учаскеде), қоғамдық тәртіпті сақтау және қылмысқа қарсы күрес, меншікті ұрлаудың алдын алу бойынша қызмет атқарудың ерекше жағдайлары;

6) тізбесі жергілікті атқарушы органдармен алдын ала келісілетін маңызды объектілерді күзету;

7) қызмет өткеретін жеке құрамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету, азаматтарды эвакуациялау және мүлікті құтқару, сондай-ақ халықтың шығындарын есепке алу жөніндегі шаралар;

8) белгіленген өткізу режимін, жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қауіпті аймақтарды қоршау, бөгеттер мен тосқауылдарды, бақылау-өткізу пункттерін және патрульдік топтарды өрістету тәртібі;

9) ұсталғандар мен сотталғандарды, қаруды, оқ-дәрілерді, арнайы құралдарды, бағалы мүлікті және қызметтік құжаттарды қауіпті аймақтардан эвакуациялау;

10) көршілес полиция органдарымен, ТЖД, басқа да құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимыл жасау;

11) басқаруды және байланысты ұйымдастыру тәртібі;

12) халық арасында жалған қауесет пен үрейдің жолын кесу жөніндегі шаралар.

8. Жоспарға қосымша жалғанады:

1) қызмет көрсетілетін аумақтың шекаралары, полиция органдарының, қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің орналасу, cоның ішінде ішкі әскердің құрамалары мен әскери бөлімдерінің орналасу пункттері, маңызды объектілер, су басуы және авариялар болуы мүмкін аудандар, құрама эвакуациялау пункттердің орналасуы, эвакуациялаудың негізгі және қосалқы маршруттары көрсетілетін карта;

2) жеке құрамды құлақтандыру схемасы, қоса берілгендерді қоса алғанда күштер мен құралдардың есебі, сондай-ақ оларды әртүрлі жағдайларда орналастыру нұсқалары;

3) шұғыл іс-қимылдардың схемаларын, жоспарларын, карталарын, кестелерін, картотекаларын, авариялық-құтқару және қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуге тартылатын көліктер мен азаматтарға арналған рұқсаттамалардың үлгілері.

Қажет болған жағдайда полиция басшысының шешімімен жергілікті жағдайлар мен ерекшеліктерге қарай басқа да құжаттар әзірленуі мүмкін.

9. Полиция бастығы төтенше жағдайлардың туындауы немесе туындаудың нақты қатері туралы ақпаратты алып:

1) жеке құрамды тиісті жоспарлар мен есептер бойынша құлақтандыруға және жинауға;

2) төтенше жағдайлардың уақыты, орны, сипаты, зардаптардың ауқымы, қаза тапқандардың болуы мен зардап шеккендердің саны, жедел жағдайдың күрделенуі, халыққа, полицияға қауіп-қатердің дәрежесі туралы келіп түскен мәліметтерді бағалап, осының негізінде жедел жоспарды қолданысқа енгізу туралы тиісті шешім қабылдауға, кезекшіге, қызметтер мен бөлімшелердің басшыларына қажетті тапсырмалар беруге, төтенше жағдайлар болған жерге жедел топтарды жіберуге;

3) қажет болған жағдайда жағдайды алдын ала тексеріп алу және нақтылау үшін жеке өзі шығуға;

4) жоғары тұрған полиция органын, тиісті атқарушы билік органдарын, ұлттық қауіпсіздік, прокуратура, ТЖД органдарын хабардар етуге;

5) жағдайдағы өзгерістерді болжау және жеке құрам мен халықты қорғау, күштер мен құралдарды пайдалану жөнінде уақтылы шешімдер қабылдау мақсатында метеорологиялық, гидрологиялық, сейсмикалық, медициналық, санитариялық-эпидемиологиялық және басқа да қызметтерден тұрақты ақпарат алуды ұйымдастыруға, қажет болған кезде төтенше жағдай ауданында барлау жүргізуге;

6) жағдай шиеленіскен аудандарға күштер мен құралдардың жүрудің, байланысты жүзеге асырудың, ақпарат алмасудың уақыты мен тәртібін белгілеуге;

7) жедел штабтың, басқару пункттерінің жұмысын ұйымдастыруға, жедел резервтің саны мен құрамын айқындауға;

8) жеке құрамның, техникалық және арнайы құралдардың төтенше жағдайлар кезіндегі іс-қимылдарға әзірлігін тексеруге, жеке құрамға қойылған міндеттерді орындау бойынша нұсқама өткізуді ұйымдастыруға;

9) жедел штабтың жұмысын тұрақты бақылауға, қызметтер мен бөлімшелердің, арнайы топтардың басшыларын тыңдауға, келесі кезеңге міндеттер қоюға;

10) жедел жағдайдың өзгеруіне ден қою жөнінде шешімдер қабылдауға міндетті.

10. Полиция бастығы жағдайдың қалыпқа келуіне қарай:

1) күштер мен құралдарды олардың тұрақты орналасқан жерлеріне бөлуді жүзеге асыру, жеке құрамды қызмет атқарудың күнделікті режиміне біртіндеп ауыстыруды ұйымдастыру;

2) құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету және эвакуацияланған азаматтарды тұрақты тұрғылықты жерлеріне қайтаруға жәрдем көрсетуді ұйымдастыру;

3) төтенше жағдайлар кезінде жеке құрамның және қоса берілген күштердің іс-қимылдарының қорытындыларын шығару, қажет болған кезде тәжірибе мен анықталған кемшіліктерді ескере отырып, жедел жоспарларды түзету;

4) жоғары тұрған полиция органына төтенше жағдайлардың салдарын жою жөніндегі операцияның аяқталғаны туралы есеп беру қажет.

3-тарау. Төтенше жағдайлар кезінде патрульдік-бекеттік нарядтардың кезек күттірмейтін әрекеттері

11. Өрт кезінде:

1) жақын маңдағы өрт сөндіру бөліміне, қалалық, аудандық, желілік орган бойынша кезекшіге дереу хабарлау және қажет болған жағдайда халықты құлақтандыру, өрт сөндіруді, адамдар мен мүлікті құтқаруды ұйымдастыру;

2) өрттің туындау себептерін анықтау, оқиға орнын күзету және күдіктілерді ұстау, куәларды, көрген адамдарды анықтау шараларын қабылдау;

3) зардап шеккендер болған жағдайда медициналық көмек шақыру немесе оларды емдеу мекемелеріне жіберу;

4) жанып жатқан ғимараттарға өртті жоюға тартылған адамдардан басқа ешкімді жібермеу.

12. Халыққа қауіп төндіретін жарылғыш құрылғылар, жарылғыш заттар, сондай-ақ радиоактивті, химиялық және басқа да заттар табылған кезде:

1) оқиға туралы кезекшіге баяндау, қауіпті аймақты қоршау және оған адамдар мен көлікті жібермеу шараларын қабылдау;

2) оқиға орнына авариялық немесе арнайы қызметтерді шақыруды ұйымдастыру, адамдарды эвакуациялауға және құтқаруға жәрдемдесу.

13. Апаттар, зілзалалар мен авариялар туындаған кезде:

1) болған жағдай туралы кезекшіге, лауазымды тұлғаларға баяндау;

2) адамдарды, мүлікті құтқару, зардап шеккендерге көмек көрсету және оларды емдеу мекемелеріне жіберу шараларын қолдану;

3) өрт сөндіруді ұйымдастыру;

4) оқиға салдарын жоюға тартылған адамдардан басқа, оқиға орнына бөгде адамдарды жібермеу;

5) тергеу жүргізуге тағайындалған тұлғалар келгенге дейін оқиға орнын күзетуді қамтамасыз ету;

6) қажет болған жағдайларда төтенше оқиғаның салдарын жою үшін халықты, көлікті және басқа да құралдарды тартуды ұйымдастыру.

14. Су тасқыны, сел кезінде:

1) кезекшіге баяндау және шешім сұрату, лауазымды тұлғалар мен халықты су басу қаупі туралы құлақтандыру;

2) адамдар мен мүлікті құтқару шараларын қабылдау, қажет болған жағдайда халықты (бірінші кезекте балаларды, әйелдерді, қарттар мен науқастарды) және мүлікті эвакуациялауды ұйымдастыру, зардап шеккендерге көмек көрсету;

3) су басқан аудандардан халықты көшіру кезінде тәртіпті қамтамасыз ету;

4) қараусыз қалған мүлікті қорғауды ұйымдастыру.

15. Эпидемиялар және эпизоотиялар кезінде:

1) медициналық мекемелердің лауазымды тұлғаларын және кезекшіні ауру фактілері туралы хабардар ету;

2) жеке қауіпсіздік шараларын сақтай отырып, адамдардың, көліктің қозғалысын және малды залалданған аймаққа айдалуын шектеуді қамтамасыз ету;

3) сумен жабдықтау көздерін және жұқтырудың ықтимал ошақтарын күзетуді ұйымдастыру;

4) адамдар көп жиналатын жерлерде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету.

16. Жер сілкінісі кезінде:

1) жағдайды анықтау, кезекшімен, басқа да нарядтармен және полиция қызметкерлерімен байланыс орнату;

2) көлік және жаяу жүргіншілер қозғалысы үшін қауіпті орындарды белгілеу;

3) адамдар мен мүлікті құтқару, зардап шеккендерге көмек көрсету және оларды медициналық көмек пункттеріне жіберу, сондай-ақ өртті оқшаулауға және жоюға шаралар қабылдау.

17. Боран, дауыл және қарлы боран кезінде:

1) кезекшіге жағдайды баяндау, көлік пен жаяу жүргіншілердің қозғалысына бақылауды күшейту, жүргізушілер мен азаматтарды қауіптілік және қажетті сақтық шаралары туралы ескерту;

2) дәрменсіз күйдегі зардап шеккендерге көмек көрсету, еңбекке қабілетті халықты және көлік құралдарын көшелерді, жолдарды және басқан үйлерді тазарту үшін жұмылдыруға жәрдемдесу.

Правила по обеспечению общественного порядка и безопасности при возникновении чрезвычайных ситуаций, их предупреждению и ликвидации, за нарушение которых предусмотрена административная ответственность
Дата публикации
26 октября 2020