Зиянды өндірістерде жұмыс істеген азаматтарға берілетін арнаулы әлеуметтік төлем туралы ақпарат алуға болады ма?

Зиянды өндірістерде ұзақ уақыт жұмыс істеген азаматтарға берілетін арнаулы әлеуметтік төлем 2024 жылдың басында енгізілді. Ол төрт көзден: республикалық бюджет, өмірді сақтандыру компаниялары, жұмыс берушілердің қаражаты есебінен; сондай-ақ, БЖЗҚ-дағы міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) және міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) есебінен төленеді. Оны тағайындау үшін қызметкерге кемінде 84 күнтізбелік ай мерзім бойына МКЗЖ төленуі керек, сондай-ақ, ол жұмыстан шығуға немесе денсаулыққа зиянсыз қызметке ауысуға міндетті. Төлем қызметкер 55 жасқа толғаннан кейін ғана тағайындалады. Егер қызметкер барлық талаптарға сай болса, онда оған барлық төрт көзден толық төлем жасалады.

          Егер қазақстандық азамат зиянды өндірісте бұрын жұмыс істеген болса, онда  арнаулы әлеуметтік төлемді рәсімдей алады. Төлем жасауға қойылатын талаптар да дәл осындай, бірақ  төлем төрт көзден емес, тек екі көзден: «БЖЗҚ» АҚ және республикалық бюджеттен берілетін болады. Оны ресімдеу үшін "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясына (ХҚКО) жүгіну қажет.

Дата публикации
22 ноября 2024