Отандастарымыздың зейнетақы жинақтары жұмыс істеп, табыс әкелуі тиіс. Сондықтан зейнетақы жинақтары елімізде де, шетелде де нарықтық жағдайларда әртүрлі валютадағы түрлі қаржы құралдарына инвестицияланады. Нәтижесінде инвестициялық кіріс әртүрлі көздерден құралады: бағалы қағаздар (салымдар және басқа операциялар) бойынша сыйақы түріндегі кірістер; қаржы құралдарын нарықтық және валюталық қайта бағалау түріндегі кірістер; сыртқы басқарудағы активтер бойынша кірістер және т. б.
Бұл кең таралған әлемдік тәжірибе. Әлемдегі зейнетақы қорлары салымшылардың зейнетақы капиталын инвестициялау және көбейту үшін тартымды және тиімді мүмкіндіктерді үнемі іздестіріп отырады.
Зейнетақы активтерін инвестициялаудың басты қағидаты - оларды әртараптандыру. Мұндай тәсіл олардың ұзақ мерзімді сақталуын және инвестициялаудан тұрақты түрде кіріс алуды қамтамасыз етеді. Бұл өте маңызды, өйткені зейнетақы жинақтарындағы негізгі үлес, әдетте, көптеген жылдар бойы жинақталған инвестициялық кіріске тиесілі болады.
Зейнетақы активтерін инвестициялаумен ҚР Ұлттық Банкі (ҚРҰБ), ал 2021 жылдан бастап инвестициялық портфельді басқарушылар (ИПБ) айналысады.
Ұлттық банк үшін зейнетақы активтері есебінен сатып алуға рұқсат етілген қаржы құралдарының тізбесі Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен, ал инвестициялық портфельді басқарушылар үшін – Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қаулысымен бекітіледі.
Зейнетақы активтерін басқарушылар - ҚР ҰБ және ИПБ-да зейнетақы активтерін инвестициялаудың өзіндік стратегиялары бар. Олар инвестициялық портфельдің құрылымын инвестициялық декларация шеңберінде дербес айқындайды. Инвестиция жасау үшін нақты құралдарды таңдау сенімгерлік басқарушының стратегиясына және оның инвестициялардың сенімділігі мен кірістілігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттеріне сүйене отырып, жүзеге асырылады.