Зейнетақы активтерін басқаратын компанияны таңдау кезінде салымшылар неге баса назар аударғандары жөн?

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (уәкілетті мемлекеттік орган ретінде) зейнетақы активтерін басқаруға рұқсат берілген барлық инвестициялық портфельді басқарушыларға (ИПБ) ерекше талаптар қойды.

ИПБ-лардың инвестициялық портфельді басқаруға лицензиясы, салымшылардың активтерін басқаруда табысты тәжірибесі, бірнеше жылдық жұмыстарының қорытындылары бойынша оң нәтижелері, зейнетақы активтерін инвестициялау кезінде ықтимал шығындарды жабу үшін жеткілікті меншікті капиталы және т.б. болуы тиіс. Бұдан басқа, олар БЖЗҚ-мен зейнетақы активтерін сенімгерлік басқару туралы шарт, сондай-ақ, БЖЗҚ және кастодиан банкпен үш жақты кастодиандық шарт жасасуға міндетті.

Қазір зейнетақы активтерін басқару үшін барлық талаптарға сай келетін ИПБ тізіліміне бес компания кіреді: "Jusan Invest" АҚ, "BCC Invest" АҚ, "Сентрас Секьюритиз" АҚ, "Halyk Finance "Қазақстан Халық Банкінің ЕҰ" АҚ, "Halyk Global Markets"АҚ.

ИПБ-лардың өзіндік инвестициялық стратегиялары бар және инвестициялық портфельдің құрылымын инвестициялық декларация шеңберінде дербес анықтайды. Олар зейнетақы активтерін қандай қаржы құралдарына инвестициялау керектігін Инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыру қағидаларында (ҚРҰБ Басқармасының 2014 жылғы 3 ақпандағы №10 қаулысымен бекітілген) рұқсат етілген тізбе шеңберінде шешеді. 

Зейнетақы жинақтарының бір бөлігін ИПБ-ның сенімгерлік басқаруына аудармас бұрын БЖЗҚ сайтындағы олардың инвестициялық декларацияларын, инвестициялық портфельдерінің құрылымын, инвестициялық қызметтерінің көрсеткіштерін зерделеу ұсынылады. ИПБ-лар, олардың стратегиясы, сондай-ақ, комиссиялық сыйақысы (ол инвестициялық кірістің 7,5%-нан аспауы тиіс)  туралы ақпарат enpf.kz сайтындағы "Қызметтер" - "Инвестициялық портфельді басқарушылар тізбесі" бөлімінде орналастырылған. Зейнетақы жинақтарын ИПБ-ның сенімгерлік басқаруына беру бойынша толық статистика "Көрсеткіштер" - "Зейнетақы жинақтарын басқарушы компанияларға беру" бөлімінде қолжетімді.

Дата публикации
04 октября 2024