БЖЗҚ - да қандай төлемдер бар және оларға кімдер құқылы?
БЖЗҚ-дан белгіленген кесте бойынша міндетті зейнетақы жарналары мен кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы төлемдеріне зейнет жасына толған адамдар: ерлер – 63 жасқа толғанда, әйелдер - ағымдағы жылы 60,5 жасқа толғанда, 2023 жылы - 61 жасқа толғанда құқылы.
Алушылардың екінші санаты - егер мүгедектігі мерзімсіз болып белгіленсе, бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар.
Жасына байланысты зейнетақы және мемлекеттік базалық зейнетақы тағайындау, сондай-ақ, БЖЗҚ-дан міндетті зейнетақы жарналары және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен төлемдер алу үшін бірыңғай өтініш және құжаттар топтамасымен «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясының Халыққа қызмет көрсету орталығына ғана жүгіну қажет. Алушыға белсенді, яғни әдепкі бойынша мемлекеттік кепілдікті төлеу жөніндегі қызмет көрсетілетін болады.
Егер мүгедектігі мерзімсіз болып белгіленсе, бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру үшін, Қордың тікелей кеңсесіне немесе «Электрондық қызметтер» бөліміндегі сайт арқылы жүгінулері қажет.
Зейнетақы төлемдерін алу үшін қажетті құжаттар тізімі enpf.kz сайтында егжей тегжейлі көрсетілген.
Бұл ретте зейнетақы төлемін алуға өтініш берген күн болып:
- зейнет жасына толған алушылар үшін - өтініш Мемлекеттік корпорацияда тіркелген күн;
- бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар алушылар үшін, егер мүгедектігі мерзімсіз болып белгіленсе - БЖЗҚ-ға құжаттар қабылданған не түскен күн есептеледі.
Салымшы 45 жасқа толған кезде, зейнетақы жинақтары республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болған ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызынан төмен болмаған кезде зейнетақы аннуитеті шартын жасасу арқылы өз жинақтарын сақтандыру компаниясына аударуға болады.
Бұдан басқа, зейнетақы жинақтары төлемін алуға Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге тұрақты тұруға кеткен шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған, кету дерегін растайтын құжаттарды ұсынған жағдайда құқығы бар. Тұрақты тұруға кетуге байланысты төлемдерді алу үшін көші-қон полициясы органдарында белгіленген тәртіппен кетуді ресімдеу рәсімінен өту, басқа мемлекеттің азаматтығын алу, содан кейін Қорға қажетті құжаттар тізімін ұсыну қажет.
Зейнеткер немесе БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары бар және зейнет жасына толмаған адам қайтыс болған жағдайда, жинақтар заңнамада белгіленген тәртіппен мұраға қалдырылады. Сондай-ақ, БЖЗҚ қайтыс болған адамды жерлеуді жүзеге асырған адамға 52 АЕК шегінде жерлеуге біржолғы төлем төлейді. Бүгінде оның мөлшері 166 мың 632 теңге.