Мәселен, көршім өзінің зейнетақы жинақтарын баспанаға алып қойды делік, мен алған жоқпын, алайда болашақта екеуіміздің зейнетақымыз бірдей болады деген сөз рас па?
Біздің елде көп деңгейлі зейнетақы жүйесі жұмыс істейді. ҚР «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңда зейнетақыны бірнеше көзден алу қарастырылған. Бұл мемлекеттік бюджеттен төленетін төлемдер – базалық және ортақ зейнетақы, сондай-ақ, жинақтаушы зейнетақы.
Мемлекеттік бюджеттен төленетін зейнетақы – бұл мемлекеттен қосымша төлем емес, оның еңбек өтілін ескере отырып, әрбір азамат үшін заңмен белгіленген төлемдер.
Мемлекеттік базалық зейнетақы республикалық бюджет туралы Заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төменгі күнкөріс (ЕТК) шамасының 54 пайызы мөлшерінде төленеді. Оның мөлшері зейнетақы жүйесіне қатысу өтілінің он жылдан асатын әрбір толық жылы үшін республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ЕТК шамасының 2 пайызына, бірақ 100 пайызынан аспайтын мөлшерге ұлғайтылады.
Бұл ретте ортақ төлем 1998 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша кемінде алты ай еңбек өтілі бар адамдарға тағайындалады және еңбек өтіліне лайықты етіп жүзеге асырылады.
Қазақстанда жинақтаушы зейнетақы 1998 жылдан бастап енгізілді, яғни әрбір азамат еңбек қызметі барысында БЖЗҚ-дағы өзінің жеке зейнетақы шотына зейнетақы жарналарын аударып, одан зейнетақы төлемдерін алады.
Осылайша, БЖЗҚ-дан жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің мөлшері зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру кезіндегі зейнетақы жинақтарының сомасына байланысты, ал бұл өз кезегінде зейнетақы жарналарының мөлшеріне, оларды аудару жүйелілігіне, инвестициялық қызметке байланысты болады. Бұл ретте зейнетақы төлемдері өтініш берілген күннен бастап белгіленеді және зейнетақы жинақтары таусылғанша жүзеге асырылады. Өз зейнетақы жинақтары туралы мәліметтерді 24/7 тәртібінде жеке кабинеттен және БЖЗҚ-ның немесе электрондық үкіметтің мобильді қосымшасынан алуға болады.
Тиісінше, зейнетақы мөлшері еңбек өтіліне және көп жағдайда жеке зейнетақы шотындағы жинақтардың мөлшеріне байланысты. Әрине, зейнетақы жинақтары біржолғы төлем ретінде алынған жағдайда азаяды. Осы ретте болашақ зейнетақының болжамды мөлшерін enpf.kz сайтындағы зейнетақы калькуляторының көмегімен есептеп шығарып, сол арқылы мерзімінен бұрын алу келешекте зейнетақы төлемдерінің көлеміне қалай әсер ететінін көруге болады.