Үш жыл бұрын Қазақстан Республикасының азаматтығын алдым, оған дейін Бішкекте тұрдым, әрі Қырғызстан Республикасында еңбек өтілім болды. Жақында ЕАЭО елдерінің еңбекшілерін зейнетақымен қамсыздандыру келісімі туралы жаңалықты оқып қалдым, енді мен зейнетке шыққанда туған елдегі өтілім үшін төлемдер ала аламын ба, жоқ па, соны түсінгім келеді?
29.05.2014 жылғы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың 98-бабының 3-тармағына сәйкес, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің еңбекшілері мен отбасы мүшелерін зейнетақымен қамсыздандыру тұрақты тұратын мемлекеттің заңнамасымен, сондай-ақ, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер арасындағы жекелеген халықаралық шартқа сәйкес реттеледі.
Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер –Армения Республикасы, Беларусь Республикасы, Ресей Федерациясы, Қазақстан Республикасы және Қырғыз Республикасының еңбекшілерін зейнетақымен қамсыздандыру туралы осы халықаралық Келісім 01.01.2021ж. күшіне енді.
Келісімнің негізгі мақсаты – жұмысқа орналастырушы мемлекеттің азаматтарымен тең дәрежедегі тәртіппен ЕАЭО-қа мүше мемлекеттер еңбекшілерінің зейнетақы құқықтарын қалыптастыру болып табылады. Яғни, ЕАЭО-ға мүше әрбір мемлекет одаққа мүше басқа мемлекеттердің азаматтарына өз елінің зейнетақымен қамсыздандыру құқықтарының шарттарына тең көлемде кепілдік беруге тиіс.
Өтпелі ережелерді қамтитын Келісімнің 12-бабында зейнетақыны тағайындау және төлеу мынадай тәртіппен жүзеге асырылады:
Келісім күшіне енгеннен кейін алынған жұмыс өтілі үшін зейнетақыны сол жұмыс өтілі болған ЕАЭО-қа мүше мемлекет тағайындайды және төлейді;
Келісім күшіне енбес бұрын болған жұмыс өтілі үшін зейнетақы ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің заңнамасы және 1992 жылғы 13 наурыздағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер азаматтарының зейнетақымен қамсыздандыру саласындағы құқықтарының кепілдіктері туралы келісімге сәйкес тағайындалады және төленеді.
Демек, Келісімнің нормалары Келісім күшіне енгеннен кейін (01.01.2021 ж.бастап), ресми жұмысқа орналасу шартымен, еңбек немесе азаматтық-құқықтық шарт жасасып, жұмысқа орналастырушы мемлекеттің зейнетақы жүйесіне сақтандыру (зейнетақы) жарналарын міндетті түрде төлеумен еңбекшілердің алған жұмыс өтіліне ғана қолданылады.