Жақында маған 2 топ мүгедектігі белгіленді, Мен өзімнің зейнетақы жинақтарымды мерзімінен бұрын ала аламын ба?
ҚР «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңға сәйкес БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін алу құқығы белгілі бір жағдайларда, оның ішінде 1 және 2-топтардағы мүгедектігі мерзімсіз болып белгіленген жағдайда да туындайды. БЖЗҚ алушыларға зейнетақы төлемдерін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен жүзеге асыруға міндетті. Аталған тәртіп, оның ішінде БЖЗҚ-дан белгіленген кесте бойынша зейнетақы төлемдерінің жылдық сомасының мөлшерін есептеу Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтарынан зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру қағидасымен және Үкіметтің 02.10.2013 жылғы № 1042 қаулысымен бекітілген Зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеуді жүзеге асыру әдістемесімен айқындалған. Осылайша, егер 2-топтағы мүгедектік сізге мерзімсіз уақытқа белгіленген болса, БЖЗҚ-дан белгіленген кесте бойынша немесе егер сіздің зейнетақы жинақтарыңыздың жалпы мөлшері ең төменгі зейнетақының 12 еселенген мөлшерінен аз болса, зейнетақы төлемдерін бір рет біржола ала аласыз. Ағымдағы жылы бұл сома 519 264 теңгеге тең. Егер жинақтар жеткілікті болса, онда зейнетақы төлемдері олар таусылғанға дейін жүргізіледі. Бұл ретте кез келген жастағы мүгедектігі бар алушылар үшін БЖЗҚ-дан төленетін ең төменгі зейнетақы төлемі ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70% немесе ағымдағы жылы 24 012 теңгеден кем болмайды.
Өтінішті Қордың enpf.kz сайтында онлайн арқылы беруге болады. БЖЗҚ-ға құжаттардың қабылданған не келіп түскен күні осы санаттағы алушылар үшін зейнетақы төлеміне өтініш жасаған күн болып есептеледі, содан кейін БЖЗҚ он жұмыс күні ішінде зейнетақы төлемдерінің сомасын сіздің банктегі шотыңызға аударады.