Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары

Мен «зиянды өндірісте» жұмыс істеймін, жұмыс беруші ай сайын мен үшін 10% міндетті зейнетақы жарналарымен бірге 5% міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын өз есебінен аударуға тиіс пе? Олардың аударылғанын қалай қадағалап отыруға болады?

 Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) - еңбек жағдайлары зиянды жұмыстармен айналысатын, кәсіптері өндірістердің, жұмыстардың, жұмыскерлер кәсіптерінің тізбесінде көзделген жұмыскерлердің пайдасына Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына агенттер меншікті қаражаты есебінен аударған ақша.

Егер сіздің жұмыс берушіңіз Қазақстан Республикасының салық заңнамасында көзделген тәртіппен және мерзімдерде арнаулы салық режимі қолданылатын шаруашылық субъектісі болмаса, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары кірістер төленген айдан кейінгі айдың 25-інен кешіктірілмей төленеді. Салық органдары МКЗЖ аударылуын бақылайды және егер жұмыс беруші қаражатты сіздің шотыңызға уақтылы аудармаса, салық органдары жұмыс берушіден мерзімі өткен әрбір күн үшін есептелген өсімпұлмен бірге БЖЗҚ-дағы сіздің шотыңызға аударуға жататын қаражатты да өндіріп алады

Сіз міндетті және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары бойынша зейнетақы шоттарыңыздың жай-күйін бақылай аласыз. Мысалы, БЖЗҚ кеңселерінің кез келгеніне тікелей жүгінуге болады. Онда шоттың жай-күйі туралы білуге, сондай-ақ, ақпарат алу тәсілін таңдау туралы қосымша келісім жасасуға болады. Жеке кабинет немесе БЖЗҚ ұялы қосымшасы арқылы Интернет арқылы хабарландыру тәсілі тіпті ыңғайлы. Осы әдісті таңдап, сіз жеке зейнетақы шотыңызды өзіңізге ыңғайлы кез-келген уақытта бақылай аласыз. Егер сізде электрондық цифрлық қолтаңба болса, онда үзінді көшірмеңізді тексеріп, ақпарат алу тәсілін Қорға бармай-ақ өзгерте аласыз.

 

 

Дата публикации
20 сентября 2021