Сәлематсыз ба! WatsApp мессенджерінде ағам БЖЗҚ-дан зейнетақы жинақтары есебінен автокөлік сатып алуға болатыны туралы жаңалықты жіберді, бұл рас па және қанша сомаға үміт артуға болады?
02.01.2021жылғы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экономикалық өсуді қалпына келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға сәйкес азаматтардың зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне кірмейтін емделуге және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға ақы төлеу үшін, сондай-ақ, жеке басқарушы компанияларға инвестициялық басқаруға беру үшін пайдалануға құқықтары бар.
БЖЗҚ-да міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) және (немесе) міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтары бар төмендегі адамдар зейнетақы жинақтарының бір бөлігін өзінің, жұбайының (зайыбының) жақын туыстарының тұрғын үй жағдайларын жақсарту мақсатында және (немесе) өздері немесе жұбайы (зайыбы) не жақын туыстары үшін емделу ақысын төлеу үшін пайдалану құқығын қолдана алады:
1) олардың зейнетақы жинақтарының сомасы зейнетақы жинағының белгіленген ең аз жеткіліктілік шегінен асып түсуі керек.
Бұл ретте біржолғы зейнетақы төлемі салымшының (алушының) МЗЖ және (немесе) МКЗЖ есебінен зейнетақы жинақтарының сомасы мен уәкілетті оператордан электрондық хабарлама алған күнге Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен Зейнетақы жинақтарының ең төмен жеткіліктілік шегін айқындау әдістемесіне сәйкес есептелген зейнетақы жинақтарының ең төмен жеткіліктілік шегі арасындағы айырма сомасынан аспауы тиіс;
2) зейнетақы мөлшері алушының Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртіппен белгіленетін 40 пайыздан төмен емес деңгейдегі орташа айлық табысын алмастыру коэффициентін қамтамасыз ете алуы керек.
Бұл ретте біржолғы зейнетақы төлемі уәкілетті оператордан бастапқы электрондық хабарламаны алған күнге салымшының (алушының) МЗЖ және (немесе) МКЗЖ есебінен зейнетақы жинақтары мөлшерінің 50 пайызынан аспауға тиіс;
3) сақтандыру ұйымымен зейнетақы аннуитеті шартын жасасқандар;
Бұл ретте біржолғы зейнетақы төлемі салымшының (алушының) жеке зейнетақы шотындағы МЗЖ және (немесе) МКЗЖ есебінен жинақталған зейнетақы жинағының мөлшерінен аспауы қажет.
Осылайша, зейнетақы жинақтары тек қана Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мақсаттар мен тәртіпте пайдаланылуы мүмкін. Бұл ретте зейнетақы жинақтары автокөлік сатып алуға немесе тұтынушылық несие төлеуге жұмсалмайды.