ОТБАСЫНЫҢ ТҰТАСТЫҒЫН САҚТАП ҚАЛУ МАҢЫЗДЫ

ОТБАСЫНЫҢ ТҰТАСТЫҒЫН САҚТАП ҚАЛУ МАҢЫЗДЫ

         2021 жылғы  11 тамызда  ZOOM платформасында Отбасы институтын нығайту және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы мәселелерді талқылау мақсатында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты - Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның төрайымы, Ләззат Рамазанованың қатысуымен отбасын нығайту,отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелері бойынша заң жобаларын талқылауда онлайн жиын өтті.

         Жиынға Атырау облысы әкімінің орынбасары Хаменова Бақытгүл Қайыржанқызы қатысып, өңірдегі отбасылық құндылықтар, демографиялық саясат, әйелдер мен балалардың құқығын қорғау, зорлық-зомбылыққа тосқауыл тақырыбында баяндама жасап отбасылық институтты дамытуда отбасын сақтап қалу үшін ұлттық идеологияны нығайтуға басымдық беруге тоқталып өтті. 

            Кездесуге Ұлттық және Облыстық комиссия мүшелері, мәслихат депутаттары, облыстық басқармалар басшылары, ішкі істер, сот өкілдері, Атырау қаласы, аудандар әкімінің орынбасарлары, барлық селолық округ әкімдері, өңірлік комиссия хатшылары, комиссия мүшелері, облыстық Әкелер кеңесі, Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан құрылған Аналар кеңесі,  ҮЕҰ, БАҚ өкілдері  қатысты.

          Кездесуге төрағалық еткен Ләззат Рамазанова өз сөзінде:                               -"Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне отбасы институтын нығайту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы бүгінгі күні қарастырылуда. Қазақстандық отбасылар мен бақытты балалардың әл-ауқаты біздің еліміздің басты басымдықтарының бірі болып табылады, Мемлекет басшысы отбасы институтын нығайтуды жеке бақылауында ұстайды және бізде елде қабылданған заңдардың қоғамның, біздің елдің әрбір тұрғынының игілігі үшін жұмыс істеуі өте маңызды»,- екенін айтты.

         Жиын барысында Атырау бизнес және құқық колледжінің директоры, «Әйелдер күші Альянсы» қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының жетекшісі Әйтиева Нұрлы Тельманқызы, Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдерге көмек көрсету  бөлімшесі директоры Иманғалиева Айбаршын Тұқпатоллақызы; Атырау облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Ғизатолла Отарұлы,  «АБЫРОЙ-БЕДЕЛ» ерлердің қоғамдағы беделі мен әкенің отбасындағы қадірін арттыру жөніндегі қоғамдық бірлестігінің төрайымы Асылхан Елдана Асылханқызы; Құрманғазы аудандық Аналар кеңесінің төрайымы Хасенова Балғаным Хасенқызы, Атырау облысы Атырау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының судьясы Абуғалиева Смал Сарсенбекқызы сөз алып,  отбасы институтын нығайтуға, отбасылық құндылықтарды сақтауға және отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған заңнамалық нормаларды жетілдіру қажеттілігі туралы ұсыныстарын айтты.

         Сондай-ақ, жас отбасылардың ажырасу мәселесі, некеге тұрудың электронды жүйесінің тиімсіздігі, отбасылық тәрбиеде ата-аналардың жауапкершілігінің төмендігі, қазіргі баланың ақпараттық ағымға байланысты тілінің орысша шығуы, балаларға арналған қазақ  ертегілері, қиял ғажайып кітаптардың, кино мен мультфильмдердің жеткіліксіздігі, отбасы тәрбиесіне байланысты телевизиялық бағдарламалардың саусақпен санап алардай аздығы т.б  мәселелер көтерілді. Сонымен қатар Әкелер институтын дамыту, отбасындағы әкенің тәрбиесіне басым бағыт беру, мысалы отбасындағы зорлық-зомбылықтың негізгі көрінісі ұяда не көрсең ұшқанда соны ілерсің дегеннің  кебін киген ұрпақтың санасын жаңарту. Отбасындағы зорлық-зомбылықтан әйелдерді, балаларды қорғау үшін құрылған дағдарыс орталығын агрессор азаматтарды тәрбиелеу, оларға психологиялық көмек көрсету орталықтарына айналдыру ұсыныстары да айтылды.

         Кездесу барысында көтерілген мәселелерді Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия одан әрі талқылау және шешім қабылдау үшін назарға алды.

Дата публикации
12 августа 2021