Мен бір ай бұрын зейнетақы жинақтарымның бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін, дәлірек айтқанда тұрғын үй сатып алу үшін аудардым. Алайда, мен әлі де қолайлы пәтер таппадым. Уәкілетті операторда ақша қанша уақыт сақталады? Менде әлі уақыт бар ма?
Салымшылардың назарын БЖЗҚ-дан сұратылған зейнетақы жинақтарының сомасы уәкілетті оператордағы арнайы шотқа аударылғаннан кейін бұл сома инвестициялық басқарудан алынатынына, демек, оған инвестициялық табыс есептелмейтініне аударғымыз келеді.
Бұдан басқа, арнайы шотқа аударылған зейнетақы жинақтарына инфляция деңгейін ескере отырып, олардың сақталуы бойынша мемлекеттің заңда көзделген кепілдігі қолданылмайды. Сондай-ақ БЖЗҚ-дан төленетін біржолғы зейнетақы төлемдерінің сомаларынан салымшы таңдаған және оның өтінішінде көрсетілген тәсілге сәйкес жеке табыс салығын (ЖТС) есептеу және ұстап қалу жүргізіледі.
Өз жинақтарыңыздың тиімсіз пайдаланылуын, инвестициялық табыстан және мемлекет кепілдігінен айрылудың, сондай-ақ ЖТС-тың мерзімінен бұрын есептелуін болдырмау үшін салымшыларға (алушыларға) біржолғы зейнетақы төлемдерін жауапкершілікпен және мұқият жоспарлауды және сатып алатын тұрғын үйді алдын ала таңдауға кеңес береміз. Өтінім бергенге дейін зейнетақы жинақтарының мақсатты пайдаланылуын растау үшін қажетті құжаттардың тізімін мұқият зерделеп, оларды уәкілетті операторға уақытылы ұсынуды қамтамасыз еткен жөн.
Азаматтардың зейнетақы жинақтары уәкілетті оператордың («Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ) арнайы шоттарында олар келіп түскен күннен бастап 45 жұмыс күнінен аспайтын мерзімде болуы мүмкін екенін еске саламыз. Осы мерзім ішінде жинақтар нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылуға не салымшының БЖЗҚ-дағы жеке зейнетақы шотына қайтарылуға тиіс.
Осыған байланысты, Сізге ыңғайлы тұрғын үй іздеуге тағы 15 күндей уақыт бар. Егер осы мерзім ішінде көңіліңізден шығатын үй таппасаңыз, ақша БЖЗҚ-дағы зейнетақы шотыңызға қайтарылады. Алайда, өзіңіз қалаған тұрғын үйді тапқан кезде сіз біржолғы зейнетақы төлемін алуға жаңа өтініш бере аласыз.