Мен жақында жеке кәсіпкер ретінде тіркелдім. Зейнетақы жарналарын қалай аударуға болады?
«Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 25-бабына сәйкес (бұдан әрі – Заң) жеке практикамен айналысатын адамдар, жеке кәсіпкерлер, сондай-ақ, нысанасы жұмыстарды орындау (қызметтерді көрсету) болып табылатын азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша кірістер алатын жеке тұлғалар үшін Заңның 24-бабы 2-тармағының 5) тармақшасында көзделген жағдайды қоспағанда, өз пайдасына БЖЗҚ-ға төленуге жататын міндетті зейнетақы жарналары алатын табысының 10 пайызы мөлшерінде, бірақ ең төменгі жалақы мөлшерінің 10 пайызынан кем емес және республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төменгі жалақының 50 еселенген мөлшерінің 10 пайызынан көп емес мөлшерде белгіленеді.
Жеке практикамен айналысатын адам, сондай-ақ, жеке кәсіпкер өз пайдасына БЖЗҚ-ға міндетті зейнетақы жарналарын есептеу үшін дербес айқындайтын кіріс алынатын табыс болып табылады. Табысы болмаған жағдайда жеке практикамен айналысатын адамдар, сондай-ақ, жеке кәсіпкерлер БЖЗҚ-ға өз пайдасына республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төмен жалақы мөлшерінің 10 пайызы есебінен міндетті зейнетақы жарналарын төлеуге құқылы.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 18 қазандағы №1116 Қаулысымен бекітілген міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын есептеу, ұстап қалу (есебіне жазу) және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы Қорына аудару және олар бойынша өндіріп алу Қағидаларының 8-тармағына сәйкес міндетті зейнетақы жарналарын аударуды агент қолма-қол ақшасыз төлемдер арқылы жүргізеді. Адвокаттар, жеке сот орындаушылары, жеке нотариустар, кәсіби медиаторлар, жеке кәсіпкерлер, сондай-ақ, азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша табыс алатын, екінші деңгейдегі банктерде және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарда (бұдан әрі-ЕДБ) шоттары жоқ жеке тұлғалар міндетті зейнетақы жарналарын кейіннен БЖЗҚ-ға аудару үшін ЕДБ-ға қолма-қол ақшамен енгізеді. Міндетті зейнетақы жарналарын қолма-қол ақшамен не ЕДБ арқылы қолма-қол емес тәсілмен төлеу Қазақстан Республикасының «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» Заңында айқындалған тәртіппен жүзеге асырылады.