Ерікті жарналар үшін шот ашқым келеді, себебі, жинағымның мөлшері аздау екендігі туралы ойлана бастадым. Қартайған шағымда көбірек зейнетақы алғым келеді. Қайда жүгінуге болады?
Сіз дұрыс шешім қабылдадыңыз. Ерікті жарналар – бұл қартайғанда өзіңізді қомақты зейнетақымен қамтамасыз етудің қосымша мүмкіндігі. Сондықтан да болашақта қауіпсіздіктің қаржылай көмегіне ие болу үшін қазірден бастап өз зейнетақы капиталыңызды қалыптастыру маңызды. Сонымен қатар, 2021 жылдың 1 мамырынан бастап ерікті зейнетақы жарналарын есепке алу үшін жеке зейнетақы шотын ашу өте оңай болмақ. Оған сіздің БЖЗҚ-ға келіп түскен алғашқы ерікті зейнетақы жарнаңыз негіз болады.
ЕЗЖ-ны салымшы–жеке тұлға өз табысы есебінен өз пайдасына, сондай-ақ, салымшының (жеке немесе заңды тұлға) алушының пайдасына аудара алады. Бұл ретте жарналардың мөлшері мен кезеңділігін салымшы дербес айқындайды.
Жеке тұлға өз пайдасына өз табысы есебінен ЕЗЖ төлеген кезде салық заңнамасында ЕЗЖ төленген сомаға салықтық шегерім көзделгенін атап өткен жөн.
Бұдан басқа, 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап салық агенті (жұмыс беруші) өз қаражаты есебінен қызметкердің пайдасына төлейтін ЕЗЖ, корпоративтік табыс салығын есептеу кезінде шегерімге жатқызылады. Сонымен қатар, жұмыс беруші қызметкердің пайдасына төлеген ЕЗЖ сомасы қызметкердің табысына салық салу кезінде ескерілмейді.
БЖЗҚ-ға ЕЗЖ төлеуді сіз екінші деңгейдегі банктер (ЕДБ) немесе «Қазпошта» АҚ арқылы жүзеге асыра аласыз. Айтпақшы, кейбір банктер жарналарды онлайн (ұялы қосымша немесе өзіне-өзі қызмет көрсету терминалдары арқылы) аудару мүмкіндігін ұсынады. Бұдан басқа, жұмыс берушіге өтініш беру мүмкіндігі де бар, оның негізінде жұмыс беруші ЕЗЖ-ны өтініш берушінің не үшінші тұлғаның пайдасына БЖЗҚ-ға тұрақты түрде аударатын болады.