«БЖЗҚ» АҚ Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2021 жылғы 12 ақпандағы № 27 қаулысымен бекітілген Салымшылардың (алушылардың) жеке зейнетақы шоттарындағы (ЖЗШ) міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары және ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы жинақтарын есепке алуды жүргізу қағидаларының 2021 жылдың 01 наурызынан бастап күшіне енгені туралы хабарлайды. Бұған сәйкес ЖЗШ зейнетақы жинақтары болмаған жағдайда 1 (бір) ай өткен соң жабылады.
Осылайша БЖЗҚ-да бұрын ашылған, оның ішінде адам жұмысқа тұрып, шот ашуға өтініш берген немесе зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт жасасқан, бірақ қандай да бір себептермен аударымдар жасай алмаған жағдайларда, сондай-ақ, зейнетақы жинақтары болған және зейнетақы жинақтарының барлық сомасы төленіп, аударым жүзеге асырылған ЖЗШ-ларға төлем не аударым жасалғаннан кейін 1 (бір) ай ішінде зейнетақы жарналары түспеген жағдайларда мұндай ЖЗШ жабылады.
Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылдан бастап БЖЗҚ-да міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) есепке алынатын ЖЗШ ашу үшін жеке тұлғаға өтінішті рәсімдеу мақсатында БЖЗҚ-ға жүгінудің қажеті жоқ. Шот алғашқы жарна келіп түскен кезде БЖЗҚ ақпараттық жүйесінде автоматты түрде ашылып, жеке тұлғаны сәйкестендіру зейнетақы жарнасын аудару кезінде төлем тапсырмасының электрондық форматында көрсетілген дербес деректер бойынша жүзеге асырылады. Ал қолданыстағы құжаттың деректемелері мен өзге де деректемелері туралы барлық қажетті мәліметтерді БЖЗҚ мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен алады. БЖЗҚ «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясынан электрондық хабарлама алған күннен бастап салымшы МЗЖ есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартқа қосылған болып есептеледі.
Осылайша егер жеке зейнетақы шотында жинақтар болса, бірақ уақытша толықтырылмаса, ол жүйеде қала береді әрі оған инвестициялық кіріс есептеліп отырады. Ешбір жинағы жоқ шоттар ғана жабылады. Егер азамат жұмысқа қайта орналасса немесе бірыңғай жиынтық төлемді аударса, мұндай жағдайда жаңа шот бірінші жалақыдан бастап автоматты түрде ашылып, міндетті зейнетақы жарнасы есепке алынып, «бос» (жинақсыз) шоттың пайда болуына тұсау салынады. Ал жаңа шотқа аударым жасауға мүмкіндік әрқашан да болады.
Сондай-ақ, барлық зейнетақы жинақтары төленген және аударылған шоттар, төленгеннен және аударылғаннан кейін бір ай бойы жарналар түспеген шоттар да жабылатын болады.
Егер жеке зейнетақы шотыңызда қандай да бір жинағыңыз болса Сіздің шотыңыздың жабылмайтынын жеткіземіз.