Атырау облысы Жылыой ауданы әкімдігінің сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің ішкі талдауы бойынша ТАЛДАМАЛЫҚ АНЫҚТАМА
Құлсары қаласы 14 -24 сәуір 2021 жыл
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 8 бабының 5 тармағына сай Мемлекеттік органдар, ұйымдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілері сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдауды жүзеге асырады, оның нәтижелері бойынша сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою жөнінде шаралар қабылдайды және Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының 2016 жылғы 19 қазандағы № 12 бұйрығымен бекітілген сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізудің үлгілік қағидаларында белгіленген тәртіппен жүзеге асырады.
Осы талдау аудан әкімінің 2016 жылғы 23 маусымдағы
№61 өкімімен бекітілген талдау жүргізу жөніндегі жұмыс тобымен жүргізілді.
Талдаумен жоспарда белгіленген «Жылыой ауданы жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімі» мемлекеттік мекемесінің қызметін реттейтін нормативтік құқықтық актілердегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау және персоналды басқару, мүдделер қақтығысын реттеу, мемлекеттік қызмет көрсету, бақылау-қадағалау қызметтерін іске асыру және ұйымдастырушылық-басқарушылық қызметінен туындайтын өзге де мәселелер бойынша сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау бағыттары қамтылды.
Бөлімнің қызметін реттейтін нормативтік құқықтық актілердегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау бойынша: Күнделікті жұмыста Қазақстан Республикасының 2013 жылғы 15 сәуірдегі «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Заңын, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің м.а. 2020 жылғы 31 қаңтардағы №39/НҚ «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер тізілімін бекіту туралы» бұйрығын, Жер кодексін негізге алады.
Персоналды басқару, мүдделер қақтығысын реттеу бойынша:
«Жылыой ауданы жер қатынастары сәулет және қала құрылысы бөлімі» мемлекеттік мекемесі 5 штат бірлігінен (1- басшы, 4 бас маман) тұрады.
Жылыой ауданы әкімдігінің 2020 жылғы 25 қыркүйектегі №258 «Кейбір мемлекеттік мекемелерді қайта ұйымдастыру туралы» және Жылыой ауданы әкімдігінің 2020 жылғы 1 қазандағы №277 «Жылыой ауданы әкімдігінің 2013 жылғы 16 қыркүйектегі №470 ‟Жылыой ауданы жергілікті атқарушы органдарының штат саны лимиттерін бекіту туралы‟ қаулысына өзгеріс енгізу туралы» қаулыларына сәйкес аудандық жер қатынастары бөлімі мен аудандық сәулет және қала құрылысы бөлімі біріктіліп, бөлім басшысы лауазымына 2 қараша 2020 жылы аудан әкімінің №28-к өкімімен І.Кайруллин тағайындалған. 1 сәуір 2021 жылға мемлекеттік қызмет өтілі 2 жыл 8 айды құрайды.
«Мемлекеттік әкімшілік қызметшінің лауазымдық нұсқаулығын әзірлеу мен бекіту қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Төрағасының 2016 жылғы 21 қазандағы №20 бұйрығына сәйкес бөлімнің мемлекеттік қызметкерлерінің лауазымдық нұсқаулықтары бөлім басшысының 2 желтоқсан 2020 жылғы №27 бұйрығымен бекітілген. Аталған нұсқаулықтың 5 тармағындағы «Лауазымдық нұсқаулық жобасының әрбір парағына мемлекеттік әкімшілік қызметшінің тікелей басшысы қол қояды» деген талаптары сақталмаған.
Екі бөлім қайта ұйымдастырылған кезде жаңадан ұйымдастырылған бөлімге штаттан тыс қызметкерлерді 02.11.2020-31.12.2020 жылға дейін келісім-шарт жасақтап, жұмысқа қабылдау жөнінде бұйрық шыққан.
ҚР «Еңбек кодексінің» 30 бабында «Еңбек шарты: белгіленбеген мерзімге; осы тармақтың 3), 4), 5) және 6) тармақшаларында белгіленген жағдайлардан басқа, бір жылдан кем емес белгілі бір мерзімге жасалуы мүмкін» делінген.
Алайда, бөлімнің штаттан тыс қызметкерлердің келісім-шарттары бір жылдан кем уақытқа, яғни 2 ай мерзімге жасақталып, аталған баптың тармақтары бұзылған.
Бөлім қайта ұйымдастырылған кезде бөлімдегі 10 штаттан тыс қызметкерлерді бұйрықпен жұмыстан босатқан. Оның ішінде 3 қызметкер сол кезде бала күтімі демалысында болған. Аталған бала күтімі демалысындағы қызметкерлерді жаңадан ұйымдастырылған жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөліміне жұмысқа қабылдау және қайтадан бала күтіміне жіберу туралы бұйрық қабылданбаған. Алайда, З.Бекмағанбетованы бала күтіміндегі негізгі қызметкер К.Алимбаеваның орнына хатшы етіп, Б.Демеуованы негізгі қызметкер Б.Өскенбайдың орнына хатшы етіп, Ф.Байбулованы негізгі қызметкер М.Ерғалиеваның орнынан іс-қағаздарын жүргізуші етіп, А.Шармұханбетовті негізгі қызметкер Б.Шудабаеваның орнына әдіскер етіп жұмысқа қабылдаған. Ал, негізгі қызметкерлерді жаңа бөлімге қабылдаған бұйрықтар шықпаған.
2021 жылғы 5 қаңтар жағдайымен жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысымен бөлім бойынша 16 штаттан тыс қызметкерлердің штаттық кестесі бекітілген. Бекітілген штат кестесіне сәйкес А.Қыздарбаева инспектор-есепші, Р.Салихова бағдарлама операторы, Н.Оспанов шабарман, Б.Қарасаева іс-қағаздарын жүргізуші, А.Багитжанов мұрағатшы, А.Алимұқанов жүргізуші, Е.Қаржаубаев аударма ісі жөніндегі редактор, Қ.Досанғалиев статистик, Қ.Алимбаева хатшы, Б.Өскенбай басшысының хатшысы, М.Ерғалиева іс-қағаздарын жүргізуші, Б.Шудабаева әдіскер, С.Тәжиева еден жуушы, Р.Молдағалиева, Е.Елеусинов, А.Даулетбаевалар күзетші болып бекітілген.
Ішкі талдау жүргізу барысында бекітілген штаттық кестеге сәйкес жұмысқа қабылданған қызметкерлердің ішінде, тек шабарман қызметіндегі Н.Оспановқа және аударма жөніндегі редактор Е.Қаржаубаевқа ғана қызметтік нұсқаулық жасақталған. Қалған қызметкерлердің функционалдық міндеттері жасақталмаған.
Штаттан тыс қызметкерлерге еңбек ақы төлеу:
«Мемлекеттік органдарға техникалық қызмет көрсетуді және олардың жұмыс істеуін қаматамасыз ететін жұмыскерлер санының біріңғай салааралық нормативтерін бекіту туралы» Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 23 желтоқсандағы №1002 бұйрығын басшылыққа ала отырып бөлімнің штаттан тыс қызметкерлерінің 2021 жылға штаттық кестесі тексерілді. Тексеріс барысында 5 (бес) штаттан тыс қызметкердің аталған бұйрыққа сай артық екені анықталды.
Атап айтқанда 2 бірлік іс қағаздарын жүргізушінің 1-і артық (жылына 26040 бірлік кіріс және шығыс құжаттамасы болған жағдайда 2 бірлік тиесілі), 1 штат хатшы- бұйрық бойынша қаралмаған бірлік, 1 штат – әдіскер, аталған бірлік бөлімге қарауға жатпайды, 1 штат - компьютерлік техника (бағдарламалар операторы) – бірлік бөлімде 118 компьютерлік техника болған жағдайда қаралады, 1 штат – аударма жөніндегі редактор, аталған бірлік бөлімге қарауға жатпайды. Сондықтан, штаттан тыс 5 артық бірлік қысқартылуға жатады.
Сонымен қатар Атырау облысы сәулет және қала құрылысы басқармасының 2021 жылғы 24 ақпандағы №19-03-5/63 санды хатында сәулет және қала құрылысы саласының мамандарының біліктілігін арттыру мақсатында, Алматы қаласындағы Қазақ Бас сәулет-құрылыс академиясына осы салаға жауапты орынбасардың, бөлім басшысын және мамандарын жіберулерді сұраған.
Аталған бөлім басшысының қолымен 2021 жылдың 9 наурызында №307 санды хат жолданған. Жолданған тізбенің ішінде мамандар санатына жатқызылып бөлімнің шабарманы Оспанов Нұрболат Есмұқашевич және Салихова Раушан Исатаева ұсынылған. Оспанов Нұрболат Есмұқашевич 2021 жылдың 3 сәуірі мен 10 сәуір аралығында Алматы қаласына іс-сапарға жіберіліп, 189 605 (бір жүз сексен тоғыз мың алты жүз бес) теңге іс-сапар шығындары төленген. Аталған азамат мемлекеттік қызметкер болмауына байланысты 189 605 (бір жүз сексен тоғыз мың алты жүз бес) теңге бюджетке кері қайтарылу қажет.
Мемлекеттік қызмет көрсету бойынша:
«Жылыой ауданы жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімі» мемлекеттік мекемесі өз жұмыстарында мемлекеттік қызмет көрсету кезінде Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік қызмет көрсету туралы» Заңын басшылыққа алады. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2020 жылғы 1 қазандағы №301 «Жер қатынастары саласындағы мемлекеттік қызметтерді көрсету жөніндегі қағидаларды бекіту туралы» бұйрығына сәйкес «Жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуге шешім беру», «Іздестіру жұмыстарын жүргізу үшін жер учаскелерін пайдалануға рұқсат беру», «Жер учаскелерін қалыптастыру жөніндегі жерге орналастыру жобаларын бекіту туралы», «Елді мекендер шегінде объектілер салу үшін жер учаскелерін беру», «Сауда-саттықты (конкурстарды, аукциондарды) өткізуді талап етпейтін мемлекет меншігіндегі жер учаскелеріне құқықтарды алу» мемлекеттік қызметтерді көрсетеді. 2021 жылдың басынан бері:
«Жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуге шешім беру» - 15;
«Жер учаскелерін қалыптастыру жөніндегі жерге орналастыру жобаларын бекіту туралы» - 172;
«Іздестіру жұмыстарын жүргізу үшін жер учаскелерін пайдалануға рұқсат беру» - 3,
мемлекеттік қызмет көрсетілген.
2015 жылдан бастап Қазақстан Республикасының Жер кодексінің 48-бабының талаптарына сәйкес кейбір жер учаскелері аукциондар мен конкурстар арқылы беріліп келеді.
2020 жылы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелері бойынша 3 конкурс өткізіліп, жалпы 131 жер, ауданы 114778 га құрайтын жер учаскелері уақытша өтеулі жер пайдалану (жалдау) құқығымен табысталған.
2020 жылдың 31 желтоқсанында жасақталған келісім-шарттар тұтынушыларға, яғни, конкурс жеңімпаздарына, күні бүгінге дейін, яғни, 4 (төрт) ай өткенге дейін табысталмаған. Бөлім қызметкерлері тұтынушыларды телефонмен шақырамыз, алайда келмейді деген уәж айтуда. Бұдан бөлек журналға келісім-шарттарды алған тұтынушылар қолдарын қойған кезде алған күнін қойдырмаған.
Бұдан бөлек журналда тұтынушылардың келісім-шартты алғандары жөнінде тек фамилиялары жазылып (Ихсанов, Қайнарбаев), қолдары қойылмаған. Керісінше, қолдары қойылып, тегі (фамилиялары) жазылмаған (Жолаев, Артыгалиев, Қарымсақов, Сисенов, Мухамбетов).
Бұдан бөлек С.Сақтағанов, А.Багитовтың келісім-шарттарын Ихсанов қолын қойып алған. Осындай жағдайлар С.Балжигитов, Д.Азиевтің келісім-шарттары бойынша орын алған.
Бақылау-қадағалау қызметтерін іске асыру және ұйымдастырушылық-басқарушылық қызметінен туындайтын өзге де мәселелердегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау бағыты бойынша: Бөлімде бақылау – қадағалау функциялары жоқ.
Жергілікті «Кең Жылой» газетінде және өзге де бұқаралық ақпарат құралдарында Жылыой ауданы жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімінің қызметiне қатысты сондай-ақ мемлекеттік қызметшілерінің атына сын айтылған теріс мақалалар жарияланбаған.
ҚР «Жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерiн қарау тәртiбi туралы» Заңына сәйкес, келіп түскен өтініштерге мерзімінде өтініш иелеріне жауаптар берілмеген. Себебі әр мемлекеттік қызметкер бірыңғай электрондық құжат айналымы жүйесі қондырылған (ЕСЭДО) компьютерлер бола тұра жұмыс жасамайды. Өтініш иелеріне жауап жолдаған кезде өздерінің компьютерлерінен хаттың жобасын жасақтамай, қабылдау бөліміндегі хатшыға флешка арқылы жолдап отыр. Бұл белгілі бір проблемаларды тудырады, сәйкесінше жұмыс уақытын алады.
Азаматтар мен заңды тұлғалардан қолданыстағы заңнаманы бұзу мәселелері сыбайлас жемқорлық сипатындағы әрекеттеріне байланысты өтініштер, қызметкерлердің әрекетіне шағымдар келіп түспеген.
Жоғарыда көрсетілген шаралар бойынша Жылыой ауданы жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөліміне ұсынылады:
1) Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңын орындау барысында кемшіліктерге жол бермеу мақсатында мемлекеттік қызметкерлер арасында тиісті іс-шаралар жиі жүргізу және жауапкершіліктерін күшейту.
2) Мемлекеттік қызмет стандартын бұзуға жол бермеу мақсатында мемлекеттік қызметкерлері арасында түсіндіру жұмыстарын жиі жүргізу.
3) Қазақстан Республикасының «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» Заңының талаптарын мемлекеттік қызметкерлердің қатаң сақтауы және жауапкершіліктерін күшейту туралы шаралар қабылдау.
4) әр мемлекеттік қызметкер бірыңғай электрондық құжат айналымы жүйесі қондырылған (ЕСЭДО) компьютерлермен дербес жұмыс жасауын қамтамасыз ету;
5) жаңа бөлімге негізгі қызметкерлерді қабылдау жөнінде бұйрықтар дайындау.
6) қызметкерлердің функционалдық міндеттерін жасақтау.
7) штаттан тыс 5 артық бірлікті қысқарту.
8) мемлекеттік қызметкер болмауына байланысты Н.Оспановтан 189 605 (бір жүз сексен тоғыз мың алты жүз бес) теңгені бюджетке кері қайтару.
Жұмысшы топтың төрағасы Ә.Шәкіров
Мемлекеттік-құқықтық, жұмылдыру дайындығы және төтенше жағдайлар бөлімнің басшысы, жұмысшы топтың мүшесі А.Арыстанғалиева
Кеңсе басшысы, жұмысшы топтың мүшесі Ш.Жанаева
Персоналды басқару қызметі (кадр қызметі) бөлімінің басшысы, жұмысшы топтың мүшесі Г.Мирманова
Экономика және қаржы бөлімі басшысының орынбасары, жұмысшы топтың мүшесі А.Сабирова