Атырау облысы Құрылыс басқармасының 2026–2028 жылдарға арналған бюджеттік бағдарламаларының жобалары «Ашық бюджеттер» порталында жарияланды.
Жобалар білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, коммуналдық шаруашылық, қоршаған ортаны қорғау, тұрғын үймен қамтамасыз ету және ауылдық елді мекендердің инфрақұрылымын дамыту бағыттарын қамтиды.
Тұрғындар бюджеттік бағдарламалардың мазмұнымен танысып, ашық талқылауға қатысып, өз ұсыныс-пікірлерін білдіре алады.
🔗 Толық ақпарат: budget.egov.kz
Исатай ауданының Томан ауылында 80 орындық балабақша қараша айында пайдалануға беріледі. Қазір нысанның құрылысы толық аяқталып, мектепке дейінгі ұйымды ашуға қажетті құжаттар рәсімделіп жатыр, – деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Аумағы 2 209,2 шаршы метр болатын балабақша төрт топқа есептелген. Ғимаратта балаларға арналған топтық бөлмелермен қатар, оқу-тәрбие процесін ұйымдастыруға қажетті кабинеттер мен қосалқы бөлмелер қарастырылған.
Томан ауылында бұған дейін мектепке дейінгі білім беру ұйымы болмаған. Жаңа балабақшаның ашылуы ауыл балаларының мектепке дейінгі білімді өз елді мекенінде алуына жағдай жасайды.
– Балабақша салу ауыл тұрғындары үшін өзекті мәселелердің бірі болды. Нысан ашылғаннан кейін балалар өз ауылында мектепке дейінгі білім алады. Бұл – Томан тұрғындары көптен күткен маңызды әлеуметтік нысан, – деді балабақша меңгерушісінің міндетін атқарушы Ақмарал Өтебаева.
Балабақша іске қосылғаннан кейін мұнда 15-ке жуық адам, оның ішінде тәрбиешілер, педагогтер және өзге де қызметкерлер жұмыс істейді.
Құрылыс жұмыстары Атырау облысының құрылыс басқармасының тапсырысы бойынша жүргізілді. Мердігер ұйым – «Гранд Мастер» ЖШС.
Атырау облысында 1500 көрерменге арналған көпфункционалды «Атырау Арена» спорт кешенінің құрылысы бастау алды. Халықаралық талаптарға сай салынатын жаңа нысан “Нұрсая” шағынауданында 4,6 гектар аумақта бой көтермек.
Іргетасқа уақыт капсуласын салу рәсіміне Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов, дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы басшылығы, спорт ардагерлері мен спортшылар қатысты.
Облыс әкімі жаңа спорт нысаны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұқаралық спортты дамыту және заманауи спорт инфрақұрылымын қалыптастыру жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру аясында салынып жатқанын атап өтті.
– Бүгінде облыста тұрғындарды спорттық инфрақұрылыммен қамту деңгейі 71 пайызды құрайды. Өңірде спортты дамыту жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Былтыр сегіз спорт кешені пайдалануға берілсе, биыл тағы 22 нысанды ашу жоспарланған. Олимпиадалық спорт түрлерін дамытуға ерекше көңіл бөліп отырмыз. «Атырау Аренада» 20 олимпиадалық спорт түрімен айналысуға мүмкіндік туады. Бұл кешен болашақ чемпиондарды тәрбиелейтін маңызды орталыққа айналады деп сенемін, – деді Серік Шәпкенов.
Кешен EPC келісімшарты негізінде салынады. Мердігер «Әлем құрылыс» ЖШС жобалаудан пайдалануға берілгенге дейінгі толық жұмыс цикліне жауапты. Жобада әр спорт түрі бойынша халықаралық стандарттарға сай жабдықталған заманауи жаттығу залдары қарастырылған. Нысан пайдалануға берілгесін екі мыңға жуық бала мен жасөспірім тұрақты түрде спортпен шұғылдана алады.
Жоба жетекшісі Нұрсұлтан Жыланбастың айтуынша, құрылысқа 400-ге жуық жұмысшы мен 20 техника жұмылдырылады.
– Құрылысты 2027 жылғы қарашада аяқтау көзделген. Кешенде футбол, волейбол, баскетбол, жүзу, үстел теннисі, садақ ату, бокс, таэквондо, дзюдо, еркін күрес, грек-рим күресі, әйелдер күресі, семсерлесу, триатлон және өзге де спорт түрлері бойынша бөлімдер жұмыс істейді. Сонымен қатар жасанды өрмелеу қабырғасы салынады, бұл елімізде санаулы кешенде ғана бар. Бұдан бөлек, халықаралық деңгейдегі жарыстарды өткізуге мүмкіндік беретін 5000 шаршы метрлік әмбебап спорт залы болады, – деді Нұрсұлтан Жыланбас.
Кешен базасында оқу-жаттығу жиындары, республикалық және халықаралық жарыстар, сондай-ақ бұқаралық спорттық және мәдени іс-шаралар өткізу жоспарланған. Барлық санаттағы тұрғындарға қолжетімді болатын жаңа нысан Атырау облысындағы ең ірі спорт орталықтарының біріне айналмақ.
Атырауда мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған заманауи «Алмалы» оңалту орталығының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Әлеуметтік маңызы зор нысан Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайдың IV отырысындағы тапсырмасы негізінде пайдалануға берілді.
Іс-шараға Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов, мемлекеттік органдар өкілдері, ардагерлер мен өңір тұрғындары қатысты.
Жалпы аумағы 22 мың шаршы метрді құрайтын үш қабатты орталықтың құрылысы 2023 жылы басталған. Бір мезетте 150 адамды қабылдай алатын мекеме балалар мен ересектерге кешенді оңалту қызметін көрсетеді. Жаңа орталықтың ашылуы нәтижесінде өңірде көрсетілетін қызмет көлемі едәуір артпақ. Бұған дейін жыл сайын шамамен 1100 ерекше қажеттілігі бар азамат оңалту көмегін алса, енді олардың саны 2300 адамға дейін көбейеді.
Салтанатты рәсімде сөз сөйлеген облыс әкімі әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту мен ерекше қажеттілігі бар азаматтарды қолдау мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.
– Бұл орталық мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жан-жақты қолдау көрсетеді. Осындай маңызды әлеуметтік нысанның іске қосылуы – облысымыз үшін үлкен қуаныш. Бұл – әр адамға тең мүмкіндік беретін инклюзивті қоғам қалыптастыру жолындағы маңызды қадам. Жобаның жүзеге асуына үлес қосқан барша азаматқа алғыс айтамын. Ұжымға табысты еңбек, ал орталық көмегіне жүгінушілерге мықты денсаулық пен тезірек сауығып кетуді тілеймін, – деді Серік Шәпкенов.
Орталықта тірек-қимыл аппараты бұзылған, балалар церебралды сал ауруына шалдыққан, Даун синдромы мен аутизм спектріндегі ауытқулары бар 3 пен 18 жас аралығындағы балаларға кешенді оңалту қызметі көрсетіледі. Мұнда АВА-терапия кабинеттері, механотерапия залдары, сенсорлық интеграция бөлмелері, сондай-ақ еңбек және арт-терапия шеберханалары бар.
Ересектерге, оның ішінде І және ІІ топтағы мүгедектігі бар азаматтарға да қолайлы жағдай жасалған. Орталықта физиотерапия кабинеттері, заманауи құрылғылармен жабдықталған емдік дене шынықтыру залы, бассейн және су емдеу кешені жұмыс істейді.
«Алмалы» мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік оңалту орталығының директоры Анар Қаюпованың айтуынша, қызметі алты негізгі бағыт бойынша ұйымдастырылған. Олар – әлеуметтік-тұрмыстық, медициналық, психологиялық, педагогикалық, әлеуметтік-еңбек және мәдени оңалту жұмыстары.
– Орталық кешенді оңалтуға арналған заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Әрбір қызмет алушыға жеке оңалту және әлеуметтік бейімдеу бағдарламасы әзірленеді. Дәрігерлер, мейіргерлер, психологтар, логопедтер, дефектологтар және басқа да мамандарды қоса алғанда, 189 қызметкер еңбек етеді, – деді Анар Қаюпова.
Қазіргі таңда Атырау облысында 27 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі азамат тұрады. «Алмалы» орталығының ашылуы — әлеуметтік саладағы елеулі жаңалық және ерекше қажеттілігі бар жандарға жайлы орта құру бағытындағы кезекті бір маңызды қадам.
Атырау қаласында салынып жатқан жаңа Орталық саябақтың құрылысы биыл толық аяқталып, пайдалануға беріледі. Аумақтағы құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Жалпы көлемі 4 гектар болатын демалыс орны Әлия Молдағұлова көшесінің бойында орналасқан. Бұл туралы Атырау облысы Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Нұрберген Құсайынов мәлімдеді, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Саябақ аумағына жүздеген тал-терек егіліп, аллеялар, гүлзарлар, заманауи субұрқақтар мен көркем композициялар орнатылады.
– Орталық саябақтың құрылысы 2023 жылдың қараша айында басталды. Қазір жұмыстар белгіленген кестеге сәйкес жүргізілуде. Бұл тұрғындар үшін жайлы әрі қолжетімді қоғамдық орын болмақ. Мұнда барлық жастағы адамдарға арналған демалыс, серуендеу, спортпен шұғылдану және балалар алаңдары қарастырылған, – деді Нұрберген Құсайынов.
Жаңа саябақтың құрылысы Атырау облысы Құрылыс басқармасы мен “NCOC” компаниясының тапсырысы негізінде жүзеге асырылып жатыр. Жобаның мердігері – “Нұрсат” ЖШС.
Саябақ аумағында тұрғындар үшін балалар және спорт алаңдары, мәдени іс-шараларға арналған сахналар және
демалыс бұрыштары жасалады. Сондай-ақ тамақтануға арналған фуд-корт аймағы қойылып, жарықтандыру және навигациялық жүйелер орнатылады.
Басқарма басшысының айтуынша, жаңа саябақ атыраулықтар үшін табиғат пен заманауи инфрақұрылым үйлескен сүйікті орынға айналмақ.
Атырау облысы Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасымен «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 27, 37-баптарына, «Мемлекеттік мүлік туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 17-бабына сәйкес Басқарманың ережесін бекіту бойынша мақсатында «Атырау облысы Құрылыс басқармасы» мемлекеттік мекемесі туралы ережені бекіту туралы» қаулы жобасы жасақталып, Ашық нормативтік құқықтық актілердің интернет-порталында жарияланғандығын хабарлаймыз.
Аталған қаулы жобасына ескерту және (немесе) ұсыныстар келесі сілтеме бойынша енгізу мүмкін:
https://legalacts.egov.kz/npa/view?id=15143409