Облыс әкімі аппаратының басшысы Нұрлыбек Жеңісбекұлының төрағалығымен мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссия отырысы өтті. Басқосуда мемлекеттік стандартқа сай емес орнатылған рәміздерге жүргізілген мониторингтің нәтижесі талқыланды.
Жиында Атырау облысы Ішкі саясат басқармасының басшысы Гүлнүр Сүйеуова мониторинг қорытындысы туралы айтты.
- 238 мекемедегі мемлекеттік рәміздердің заңнамаға сәйкес пайдаланылуы бойынша Исатай, Қызылқоға, Құрманғазы аудандары және Атырау қаласында мониторинг жүргізілді. 2023 жылдың басынан бастап стандартқа сай келмейтін 68 рәміз анықталып, олар жыл ішінде толықтай қалпына келтірілді.
Жыл басынан бастап облыста нышандарды кеңінен насихаттайтын 50 мыңға жуық адамды қамтыған 200-ден астам іс-шара өтті,- деді Г. Сүйеуова.
Комиссия отырысында аппарат басшысы бұл мәселе күн тәртібінен түспейтінін айтып, нышандарға немқұрайлылық танытқан азаматтарға әкімшілік жаза қолданылатынын ескертті.
- Мұндай салғырттықтың алдын алуымыз керек. Өйткені, рәміздеріміз мемлекетіміздің бет-бейнесі ғана емес, оның тарихы және әрбір адамның өз еліне деген сүйіспеншілігінің белгісі. Мемлекеттік рәміздеріміздің құндылықтарын арттыру мақсатында, аймақтағы мемлекеттік Тудың санын көбейтуді ұсынамын. Бұл тұрғыда шағын кәсіпкерлік субъектілерден бастап, ірі кәсіпорын иелері де қолдау білдіруі тиіс. Мұндай қадам шет ел практикасында оң нәтиже беріп жүр. Бұл жастардың патриоттық сезімін оятып, отансүйгіштікке шақырады деп сенемін,- деді Н. Жеңісбекұлы.