ҚҰҚЫҚТЫҚ КЕҢЕС БЕРІЛДІ

ҚҰҚЫҚТЫҚ КЕҢЕС БЕРІЛДІ
 
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Үкіметке азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыруды тапсырған болатын. Сонымен қатар, қоғамдық диалогты дамыту, ашықтықты қамтамасыз ету және азаматтардың мұң-мұқтажына дер кезінде назар аудару – мемлекеттік органдар жұмысының негізгі басымдығына айналуы қажет екенін атап өткен еді.
Осы бағытта Махамбет ауданына қарасты Сарытоғай, Ақтоғай және Бақсай ауылдық округтерінің тұрғындарына құқықтық көмек көрсету шарасы өткізілді. Аудан әкімдігі мен Атырау облысы Әділет департаментінің бірлесіп ұйымдастырған шарасына Махамбет ауданы әкімдігі аппаратының басшысы Алшынбек Мұқанғалиев жетекшілік етті.
Аталған шара аясында облыстық Әділет департаменті басшысының орынбасары Гүланда Қыстаубаева бастаған адвокат, нотариус және жеке сот орындаушылардан құралған арнайы мамандар тобы тұрғындарға құқықтық кеңестер беріп, олардың күнделікті өмірде жиі кездесетін сұрақтарына заң аясында нақты әрі түсінікті жауаптар ұсынды. Көптеген тұрғындар өздерін мазалаған мәселелер бойынша жан-жақты ақпарат алып, шешім жолдарын білді.
Кездесу барысында жиі қойылған сұрақтардың бірі – тұрғын үй мәселесіне қатысты болды. Бұл бағытта аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы Рамазан Тәжбентаев тұрғындарға заң тұрғысынан кеңес берсе, жерге қатысты сауалдарға аудандық жер қатынастары бөлімінің бас маманы Алтынбек Зұлқашев жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Дата публикации
28 апреля 2025