«Қазақ тілі және жасанды интеллект: теориядан практикаға» тақырыбында республикалық семинар өтті.
Іс-шараға тіл саласының мамандары, ғалымдар, жоғары оқу орындарының өкілдері, тіл жанашырлары мен жастар қатысты.
Сала мамандары мен сарапшылар қазақ тілін цифрлық кеңістікте дамыту, жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалану және тілдік технологияларды жетілдіру мәселелері бойынша сөз сөйлеп, ой-пікірлерін ортаға салды.
Қаршыға Ахмедияровтың 80 жылдығына орай ескерткішіне гүл шоқтары қойылды.
Атырауда қазақтың дәулескер күйші-композиторы, дирижер, зерттеуші ғалым, профессор, Қазақстанның халық әртісі Қаршыға Ахмедияровтың туғанына 80 жыл толуына орай ескерткішіне гүл қою рәсімі өтті.
Шараға мәдениет саласының қайраткерлері, ардагерлер, зиялы қауым өкілдері мен күйші-композитордың туған-туыстары қатысты.
АТЫРАУДА «МӘДЕНИЕТ МАРАФОНЫ» ӨТТІ
Атырау облыстық Мәдениет басқармасы мен Облыстық халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен «Мәдениет марафоны» өтті.
Іс-шараға қаладағы мәдениет мекемелерінің ұжымдары мен жасөспірімдерден құралған 150-ге жуық адам қатысты.
Марафон «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында нашақорлықтың алдын алу, салауатты өмір салтын насихаттау және бұқаралық спортты дамыту мақсатында ұйымдастырылды.
Жайық жағалауындағы жүгіру алаңынан басталған марафон барысында қатысушылар белгіленген қашықтықты жүгіріп өтіп, өзара бақ сынады. Мәре сызығын алғашқы болып кесіп өткен қатысушыларға алғыс хат пен медаль табысталды.
Атырау айтыс өнерінің өкілі, өңіріміздің талантты айтыскер ақыны Шалқарбай Ізбасаров республикалық додада жүлделі ІІ орынға ие болды.
Батыс Қазақстан облысы, Жәнібек ауданында мемлекет және қоғам қайраткері Мұстақым Біләлұлы Ықсановтың 100 жылдығына орай «Мұстақымның мұрасы» атты республикалық ақындар айтысы өтті.
Сөз сайысында Шалқарбай Ізбасаров өзінің суырыпсалмалық шеберлігін, тапқырлығы мен ақындық қарымын танытып, Атырау облысының абыройын асқақтатты.
Сонымен қатар, айтысқа Атырау облысының атынан қатысқан Нұржан Өмірбай жүлделі ІІІ орыннан көрінді.
Ақындарымызды жеңістерімен шын жүректен құттықтаймыз! Шалқарбай Ізбасаровқа шығармашылық шабыт, жаңа белестер мен толағай табыстар тілейміз!
Махамбет Өтемісұлы атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрының директоры қызметіне Асхат Ерболатұлы Мусағалиев тағайындалды.
Асхат Ерболатұлы Мусағалиев - кәсіби сахнада 2015 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі актер. Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында «Драма және кино актері», К.Бәйсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінде «Музыкалық театр артисі» мамандықтары бойынша білім алған.
Еңбек жолын Махамбет атындағы театрда бастап, 2023 жылдан бастап Астана қаласының Музыкалық жас көрермен театрында қызмет атқарды. Сахнада көптеген күрделі образдарды сомдап, сахна өнерінде мол тәжірибе жинақтаған.
Сондай-ақ, “Сахнагер-2018”ұлттық театр сыйлығының “Үміт” номинациясының иегері, “Мәдениет саласының үздігі” төсбелгісімен марапатталған.
Жаңа басшыға қызметіне сәттілік, шығармашылық табыс тілейміз!
Дина Нұрпейісова атындағы Академиялық қазақ халық аспаптар оркестрінің 36-концерттік маусымының ашылу салтанаты жоғары деңгейде өтіп, ұлттық өнерді ұлықтаған әсерлі кешке айналды.
Кеш шымылдығы ұлы күйші Дина Нұрпейісованың «Тойбастар» күйімен ашылды. Концертте Ахмет Жұбанов, Кенжебек Күмісбеков, Дина Нұрпейісова, Сейтек, Жантөре, Қаршыға Ахмедияров сынды қазақ өнерінің корифейлерінің шығармалары, сондай-ақ Илья Жақанов, Латиф Хамиди, Кеңес Дүйсекеев, Шөмішбай Сариев, Бәкір Тәжібаев, Ескендір Хасанғалиевтің әндері орындалды.
Оркестрдің толық құрамдағы орындауы, жеке әншілер мен қыздар ансамблінің шеберлігі, дирижер Болат Долдашев, Рахила Ерғалиеваның көркемдік шешімі кештің мазмұнын аша түсті. Әр шығарма халықтың тарихын, туған жерге деген сүйіспеншілігін және ұлттық рухын жеткізді.
Кеш Құрманғазының «Сарыарқа» күйімен түйінделіп,
36-концерттік маусым асқақ рухпен ашылды.
Қызылқоға аудандық музейіне жаңа басшы тағайындалды. Мәдениет саласындағы маңызды мекемеге Бижанов Нұрбол Еламанұлы жетекшілік ететін болды.
Осыған орай ауданға арнайы келген Атырау облысының Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Әбіл Жоламанов музей ұжымына жаңа басшыны таныстырды.
Кездесуде музейдің қазіргі жұмысы, тарихи-мәдени мұраны сақтау, құнды жәдігерлерді жинақтау және насихаттау бағытындағы алдағы міндеттер талқыланды.
Нұрбол Бижанов - жоғары білімді, мемлекеттік және жастар саясатында мол тәжірибе жинақтаған маман. Еңбек жолын 2012 жылы Жангелдин ауылдық округі әкімі аппаратында бастаған. Әр жылдары «Жастар ресурстық орталығы» директоры, аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы және Миялы ауылдық округі әкімі аппаратында қызмет атқарған.
Жаңа басшыға жауапты қызметінде сәттілік, толағай табыс және нәтижелі жұмыс тілейміз!
Атырау облысы халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен Салтанат сарайында Жұмажан Жедібаеваның ән кеші өтті.
Кеш барысында қазақтың ән өнері дәріптеліп, көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Өнерсүйер қауым үшін ерекше әсерге толы кеш болды.
Атырау облыстық халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен «FOLK NEXT - ДӘСТҮРДІҢ ЖАҢА БУЫНЫ» атты интенсивті курс өтті.
Іс-шараның мақсаты - ұлттық мәдениетті заманауи форматта дамыту, материалдық емес мәдени мұраны сақтау, дәріптеу және кейінгі ұрпаққа жеткізу.
Жиында сала мамандары мәдени мұраны сақтау мен насихаттаудың маңызына тоқталып, ұлттық құндылықтарды заманауи тәсілдер арқылы дәріптеу жолдарымен бөлісті. Сонымен қатар QR-код, SMM, жасанды интеллект пен нейрожелі мүмкіндіктерін мәдениет саласында тиімді пайдалану бағыттары бойынша сөз сөйлеп, тәжірибелерімен бөлісті.
Жалпы, шара дәстүрлі құндылықтарды заманауи технологиялармен ұштастырып, мәдени мұраны жаңа форматта танытуға және мәдениет саласындағы жаңа мүмкіндіктерді игеруге бағытталған тиімді алаң болды.
4 қыркүйекте Атырау қаласында 5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері күніне арналған «Тіл – бірлік тұғыры» облыстық салтанатты шарасы өтті.
Салтанатты жиынға облыс басшылығы, мәслихат депутаттары, сала ардагерлері, мемлекеттік органдар мен кәсіпорындардың өкілдері, тіл жанашырлары, жастар, мәдениет қызметкерлері, этномәдени бірлестіктер және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Іс-шара аясында мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге, қазақ тіліндегі ғылыми терминологияны қалыптастыруға, қазақ Уикипедиясын дамытуға және мемлекеттік тілде сапалы қызмет көрсету мәдениетін орнықтыруға үлес қосқан азаматтар марапатталды.
Олардың қатарында қазақ Уикипедиясын дамытуға үлес қосқан белсенділер, тіл мамандары, мемлекеттік қызметшілер мен қоғам өкілдері бар. Сонымен қатар республикалық терминология комиссиясының қарауына ихтиология саласы бойынша 2000-нан астам қазақ тіліндегі терминді жинақтауға атсалысқан маманның еңбегі атап өтілді.
Үздіктерге Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің ведомстволық марапаттары, Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының Құрмет грамотасы, Атырау облысы әкімінің және облыстық мәслихаттың Алғыс хаттары табысталды.
Салтанатты бөлім концерттік бағдарламамен жалғасты.