Тіл саясаты – тіл тағдырын белгілейтін мемлекеттік шаралар жүйесі. Тіл саясаты – тілдік дамуға қоғамның саналы ықпал етуінің теориясы мен тәжірибесі, яғни, қолданыстағы тілдерді белгілі бір мақсатта және ғылыми негізде басқару және тілдік жаңа қарым-қатынас қүралдарын жасау болып табылады.
Тәуелсіз Қазақстанда тіл саясатын қалыптастырып, дұрыс бағытта іске асыру мақсатында 1996 жылы Қазақстан Республикасы Президентiнiң №3186 өкімімен Қазақстан Республикасының тiл саясатының тұжырымдамасы бекітілді. Тұжырымдамада «Көп ұлтты мемлекетте этностардың жарасты өмір сүруіне, ұлтаралық бейбітшілік пен келісімнің сақталуына тіл саясаты ықпал етуге тиіс» деп көрсетілген және «мемлекеттік тіл лайықты орынға ие болуға тиісті» деп, қазақ тілінің қоғамдағы рөлі айқындалған.
Аталған тұжырымдама аясында 1997 жылдың 11 шілдесінде «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды.
Мемлекеттік тіл саясатын іске асыру мақсатында Қазақстанда арнайы мемлекеттік бағдарлама қабылданған. Қазіргі таңда Атырау облысы әкімдігімен ҚР Үкіметінің 2019 жылғы 31 желтоқсандағы №1045 Қаулысымен бекітілген «Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын» іске асыру жұмыстары жүргізілуде. Бағдарлама аясында бекітілген Жоспарға сәйкес жергілікті атқарушы органдарға 2025 жылға дейін 3 индикаторға қол жеткізу көзделген, олар:
- Латын графикалы әліпбиді пайдаланатын жазбаша коммуникацияға қатысушылардың үлесін арттыру;
- Мемлекеттік тілді меңгерген халықтың үлесін арттыру;
- Үш тілді меңгерген халықтың үлесін арттыру.
«Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңының 8-бабына сәйкес мемлекеттік тіл Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының, ұйымдарының және жергілікті өзін-өзі басқару органдарының жұмыс және іс қағаздарын жүргізу тілі болып табылады. Облыстық, қалалық және аудандық әкімдіктерде барлық шаралар, оның ішінде ресми мәжілістер, жиналыстар тек мемлекеттік тілде өткізіледі.
Мемлекеттік тілді білу және басқа тілдерді меңгеру – мемлекеттің бәсекеге қабілетті азаматы болудың факторы. Сондықтан мемлекеттік тіл саясатының аясында үштілділік бағдарламасы іске асырылуда. Осы бағытта әкімдік мемлекеттік тапсырыс ұйымдастырып, облыс тұрғындарының «үштілділік» бағдарламасын енгізуге деген қарым-қатынасын анықтау мақсатында әлеуметтік зерттеу жүргізеді. 2021 жылы 807 адамды қамтыған зерттеу нәтижесі бойынша мемлекеттік тілді меңгерген ересек тұрғындардың үлесі – 99,6%, ағылшын тілін меңгерген меңгерген ересек тұрғындардың үлесі – 44,4%, үш тілді (қазақ, орыс, ағылшын) меңгерген ересек тұрғындардың үлесі – 30,5% құрады.
«Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңға сәйкес көрнекі ақпарат мемлекеттік тілде, қажет болған жағдайда орыс және басқа да тілдерде жазылады (21-бап).
Мемлекеттік тіл саясаты аясында жақын жылдарға арналған міндеттер мен дамудың басым бағыттарының бірі – қазақ тілінің латын графикасына кезең-кезеңмен көшуі болып табылады.