7 наурыз күні Ақжайықтың жағасында, кәрі Каспий сағасында орналасқан айбынды Атырау өңірінде Халықаралық әйелдер күніне орай бірақатар іс-шаралар ұйымдастырылды.
Алдымен салтанат сарайында Атырау облысы әкімі Серік Шәпкенов өңірдегі ерен еңбегімен елге елеулі болып, қоғамның ілгері жылжуына бір кісідей атсалысып жүрген қыз-келіншектерді қабылдап, әрқайсысына лайықты құрмет көрсетіп, құттықтауын жолдады.
Кейін мерекелік жиын Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрындағы «Әйел атты ұлылық» тақырыбында салтанатты іс-шараға ұласты.
Зиялы қауым өкілдері, түрлі салада қызмет жасайтын әйел-аналар қатысқан шараның алғашқы ресми бөлігінде Серік Жамбылұлы сөз сөйлеп, барша ақ жаулықты аналарды, нәзік жанды аруларды төл мерекелерімен құттықтап, ризашылығын білдірді.
Одан әрмен аймақ басшысы өз саласының үздік деген қыз-келіншектерін алғыс хатпен және төрт «Алқын алқа», алты «Күміс алқа» иегерін марапаттады. Алқа иегерлері атанған көп балалы аналардың арасында үй шаруасындағы, мемлекеттік қызметтегі және педагогикада еңбек ететін әйел-аналарымыз бар екенін атап өтуіміз керек.
Келесі шараның бейресми бөлігінде қонақтардың назарына Н.Жантөрин атындағы Атырау облыстық филармониясының концерттік бағдарламасы ұсынылды.
Филармония құрамындағы камералық ансамбль, Мәдениет қайраткері Шәрипа Жәменова, халықаралық-республикалық конкурстардың лауреаттары Меруерт Уәли, Артур Борисенко, Алиса Құрмет, Ақмарал Наурызова, Бақытбек Сисенғалиев, Тілепберген Қошқаров, Ержан Мырзахметов, Мейіржан Қабдолов, Әділбек Байтанат, Айбар Ғаниұлы, Әли Төлеуов, Азамат Ізниев, «Інжу Маржан», «Камелия» би ансамбльдері және «Заман» дуэті өнер көрсетті.
