|
|
Атырау облысы Мәдениет
және тілдерді дамыту
басқармасы басшысының
2026 жылғы « » мамырдағы
№_____ бұйрығына
1-қосымша
|
|
|
Атырау облысы Мәдениет
және тілдерді дамыту
басқармасы басшысының
2026 жылғы « » мамырдағы
№_____ бұйрығымен бекітілген
|
Атырау облысы Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы
экономика және қаржы бөлімі туралы ереже (06-01-14-06)
1-тарау. Жалпы ережелер
- Атырау облысы Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы экономика және қаржы бөлімі (бұдан әрі - Бөлім) Атырау облысы Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының (бұдан әрі - Басқарма) құрылымдық бөлімшесі болып табылады.
- Бөлім өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, заңдарын, Қазақстан Республикасы Президенті мен Үкіметінің актілерін, өзге де нормативтік құқықтық актілерді, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.
- Бөлімнің құрылымын және штат санын Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен штат санының бекітілген лимиті шегінде басқарма басшысы бекітеді.
- Бөлім:
1) бөлім басшысынан;
2) 2 (екі) бас маманнан тұрады.
2-тарау. Бөлімінің мақсаттары, құқықтары мен міндеттері
- Мақсаты:
- Басқарманың және оған қарасты мәдениет мекемелерінің бюджеттік қаражаттарын сапалы жоспарлау, уақтылы қаржыландыру және бюджеттің нақты, тиімді атқарылуын ұйымдастыру.
- Басқармада бухгалтерлік, салықтық және қаржылық есептілікті Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес дұрыс, анық және уақтылы жүргізуді қамтамасыз ету, мемлекеттік мүліктің сақталуын қадағалау.
- Басқарманың мұқтаждықтары үшін тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алуды заңдылық, бәсекелестік және бюджет қаражатын үнемдеу қағидаттары негізінде ұйымдастыру және өткізу.
- Басқарманың және оған бағынысты мекемелердің қаржы-шаруашылық қызметінде, сондай-ақ мемлекеттік тапсырыстарды орындау барысында бюджет заңнамасының бұзылуына жол бермеу, ішкі аудит пен бақылауды жүзеге асыру.
- Өңірдегі мәдениет және тілдерді дамыту саласындағы мемлекеттік бағдарламалардың, іс-шаралар мен инфрақұрылымдық жобалардың (күрделі және ағымдағы жөндеулер) қаржылық негіздемесін, мониторингін және талдауын жүргізу.
- Құқықтары мен міндеттері:
Құқықтары:
- Басқарманың өзге құрылымдық бөлімшелерінен, қарамағындағы мәдениет мекемелерінен және мемлекеттік тапсырысты орындаушылардан бөлім құзыретіне кіретін мәселелер бойынша қажетті құжаттарды, есептерді, мәліметтерді, анықтамаларды, ауызша және жазбаша түсініктемелерді сұрату және белгіленген мерзімде алуға.
- Басқарма басшылығына қарасты мекемелердің штаттық кестелерін бекіту, өзгерту, сондай-ақ олардың қаржы-шаруашылық қызметін жетілдіру бойынша ұсыныстар енгізуге.
- Басқарманың құрылымдық бөлімшелері әзірлеген және бюджет қаражатын жұмсауды көздейтін бұйрықтардың, келісімшарттардың, келісімдердің және өзге де құжаттардың жобаларына қаржылық заңдылық тұрғысынан сараптама жасауға және бұрыштама (виза) қоюдан бас тартуға (егер заңнамаға қайшы келсе).
- Мемлекеттік сатып алу рәсімдерін өткізу үшін конкурстық (аукциондық) комиссиялардың құрамы бойынша басшылыққа ұсыныстар беруге, қажет болған жағдайда тиісті сала мамандарын сарапшы ретінде тартуға.
- Қарамағындағы мекемелер мен бағдарламалардың бюджетті игеру деңгейіне, қаржылық тәртібіне тексерулер мен мониторинг жүргізуге, анықталған кемшіліктерді жою туралы міндетті нұсқаулар беруге.
- Қаржы-экономикалық және мемлекеттік сатып алу мәселелері бойынша уәкілетті мемлекеттік органдармен (Қаржы министрлігі, Қазынашылық, Мемлекеттік кірістер органдары, Ішкі мемлекеттік аудит және т.б.) Басқарма атынан өзара іс-қимыл жасау және хат-хабар алмасуға құқылы.
Міндеттері:
- Қазақстан Республикасының Бюджет, Салық, Еңбек кодекстерінің, «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңының және өзге де нормативтік құқықтық актілердің талаптарын қатаң сақтау және Басқармада сақталуын қамтамасыз етуге.
- Бюджеттік өтінімдерді, қаржыландыру жоспарларын және шығыс сметаларын уақтылы әрі сапалы жасақтау, мемлекеттік сатып алу жоспарын уақтылы бекіту және оған өзгерістер енгізуге.
- Басқарма қызметкерлерінің еңбекақысын, іссапар және өзге де төлемдерін дәл есептеуді, салықтар мен міндетті аударымдардың бюджетке уақтылы әрі толық көлемде аударылуын қамтамасыз етуге.
- Дебиторлық және кредиторлық берешектердің өсуіне жол бермеу, төлем тәртібін және қаржылық міндеттемелердің орындалу мерзімдерін қатаң бақылауда ұстауға.
- Басқарма бойынша тоқсандық, жылдық қаржылық, салықтық және статистикалық есептерді уақтылы жасақтап, жоғары тұрған және уәкілетті органдарға тапсыруға.
- Бюджет қаражатының мақсатсыз және тиімсіз жұмсалу тәуекелдерінің алдын алуға, анықталған бұзушылықтар мен кемшіліктер туралы Басқарма басшысына жедел түрде ақпарат пен ұсыныстар енгізуге.
- Мемлекеттік сатып алу веб-порталындағы жұмыстардың үздіксіздігін, хабарландырулардың заңға сәйкес орналасуын және жасалған келісімшарттардың мониторингін тұрақты жүргізуге.
- «Ашық бюджет» порталы мен ресми ресурстардағы қаржылық есептілік пен ақпараттардың жариялылығын, анықтығын және уақтылы жаңартылуын қамтамасыз етуге.
- Бөлімде іс қағаздарын жүргізуді (номенклатураны) дұрыс ұйымдастыру, бухгалтерлік және өзге де құжаттардың сақталуын қамтамасыз етіп, белгіленген мерзімде ведомстволық мұрағатқа тапсыруға.
- Бөлімге келіп түскен жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін заңда белгіленген мерзімде сапалы қарау, сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жол бермеуге міндетті.
- Функциялары:
- Басқарманың және оған қарасты мәдениет мекемелерінің алдағы жылдарға арналған бюджеттік сұранымдарын, шығыс сметаларын, бюджеттік бағдарламалардың жобаларын және бюджеттік паспорттарын жасақтайды, уәкілетті органдарда қорғайды.
- Қаржыландырудың жеке жоспарларын, міндеттемелер мен төлемдер бойынша қаржыландыру жоспарларын әзірлейді, оларға белгіленген тәртіппен өзгерістер мен толықтырулар енгізеді.
- Бөлінген бюджеттік қаражаттардың, лимиттердің және ағымдағы трансферттердің нысаналы, тиімді және уақтылы жұмсалуын қадағалайды, тиісті облыстық басқармаға және қазынашылық органына қаржылық тапсырыстар жолдайды.
- Сала бойынша мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар аясында атқарылатын жұмыстарға, сондай-ақ қарасты коммуналдық мемлекеттік кәсіпорындардың жылдық даму жоспарларының орындалуына мониторинг пен талдау жүргізеді.
- «Ашық бюджет» интернет-порталына және облыс әкімінің ресми сайтына салаға қажетті қаржы-экономикалық ақпараттар мен есептерді уақтылы орналастыруды қамтамасыз етеді.
- Өңірдегі (облыс, аудан) мәдениет және тілдерді дамыту мекемелерінің ағымдағы, күрделі жөндеу жұмыстарына қажеттіліктері мен проблемалық мәселелерін жинақтайды, талдайды және уәкілетті органдарға ұсыныстар дайындайды.
- Басқарма бойынша бухгалтерлік есеп пен есептілікті Қазақстан Республикасының Бюджет заңнамасына сәйкес дұрыс және анық жүргізуді қамтамасыз етеді.
- Басқарма қызметкерлерінің еңбекақыларын, іссапар шығыстарын, жәрдемақыларын және өзге де төлемдерін уақтылы есептейді, төлем карточкалары шотына аудару құжаттарын рәсімдейді.
- Дебиторлық және кредиторлық берешектердің мезгілінде өтелуін, төлем тәртібінің сақталуын және төлемге негіз болған құжаттардың (келісімшарттар, актілер, сметалар) заңдылығын бақылайды.
- Негізгі қорлар мен материалдық құндылықтардың толық қаржылық есебін жүргізеді, олардың сақталуын және коммуналдық сала бойынша жұмыстардың ұйымдастырылуын қадағалайды.
- Салықтарды, зейнетақы жарналарын, әлеуметтік және өзге де міндетті бюджеттік төлемдерді заңнамаға сәйкес есептейді, уақтылы аударады және тиісті салықтық, статистикалық, қаржылық есептерді дайындап тапсырады.
- Басқарма бойынша тоқсандық және жылдық жиынтық қаржылық есептерді жасақтайды, бюджеттің атқарылу қорытындысы туралы ай сайын басқарма басшысына ақпарат ұсынады.
- Басқарманың қарамағындағы мәдениет мекемелерінің штаттық кестелерін, еңбекақы жүйесі бойынша тоқсандық есептемелерін тексереді және бекітуге ұсынады.
- Бухгалтерлік және есеп айырысу құжаттарының дұрыс толтырылуын, сақталуын бақылайды және оларды белгіленген ережелерге сәйкес ведомстволық мұрағатқа өткізуді ұйымдастырады.
- Басқарма қызметінің бағыттары бойынша жұмыс сапасы мен өнімділігін арттыру мақсатында ішкі аудит пен бақылау жұмыстарын ұйымдастырады.
- Қарамағындағы мекемелер мен мемлекеттік тапсырыс бойынша қызмет көрсетушілердің қаржы-шаруашылық қызметіне, олар ұсынған қаржылық есептердің шынайылығына тексеру жүргізеді.
- Басқарманың стратегиялық және операциялық жоспарларының іске асырылуын бақылайды, қол жеткізілген нәтижелерді бағалайды.
- Бюджет қаражатын пайдалану кезіндегі заң бұзушылықтардың алдын алу, анықтау және жол бермеу жөнінде басқарма басшысына ұсыныстар әзірлейді.
- Бақылау іс-шараларын жүргізу шеңберінде тиісті тұлғалардан қажетті құжаттарды, анықтамаларды, ауызша және жазбаша түсініктемелерді заңнама аясында сұратады және алады.
- ҚР «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңнамасына сәйкес, тауарлардың, жұмыстардың және көрсетілетін қызметтердің көлемдерін анықтайды және мемлекеттік сатып алудың жылдық (нақтыланған) жоспарын жасақтайды.
- Бекітілген жоспар негізінде веб-портал арқылы заңда көзделген тәсілдермен (конкурс, аукцион, баға ұсыныстарын сұрату, бір көзден алу және т.б.) мемлекеттік сатып алу рәсімдерін ұйымдастырады және өткізеді.
- Тапсырыс берушінің техникалық ерекшеліктері мен жобалық құжаттары негізінде қазақ және орыс тілдерінде конкурстық (аукциондық) құжаттамаларды әзірлейді, веб-порталға хабарландырулар орналастырады.
- Порталда автоматты түрде тіркелген әлеуетті өнім берушілер тарапынан түскен сұрау салулар мен ескертулерді қарайды, қажет болған жағдайда құжаттамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізеді.
- Конкурстық (аукциондық) комиссиялардың құрамын айқындау бойынша ұсыныстар дайындайды, рәсімдердің заңдылығын сақтай отырып, сатып алу жеңімпаздарын анықтайды.
- Мемлекеттік сатып алу бойынша жасалған келісімшарттардың уақтылы және сапалы орындалуын қамтамасыз етеді.
- Бөлімнің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша сыбайлас жемқорлық пен құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою жөнінде шаралар қабылдайды.
- Бөлімге орындауға келіп түскен жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін, қызметтік құжаттарды ҚР заңнамасында белгіленген мерзімде сапалы қарауды қамтамасыз етеді және бақылау карточкаларына тиісті деректерді уақтылы енгізеді.
- Жергілікті атқарушы органдармен және өзге де уәкілетті мемлекеттік органдармен өз құзыреті шегінде өзара іс-қимылды ұйымдастырады.
- Бөлімнің тоқсандық, жылдық жұмыс жоспарларын жасақтайды және орындалуын қамтамасыз етеді.
Бөлім Заңға, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің, мемлекеттік қызмет саласындағы уәкілетті органның актілеріне сәйкес өзінің міндеттері мен функцияларын іске асыру үшін қажетті өкілеттіктерді иеленеді.
Бөлім басқарма басшысының орынбасарына тікелей бағынады.
3-тарау. Бөлімнің қызметін ұйымдастыру
- Бөлімнің Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне, Президентінің актілеріне және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес өз міндеттерін іске асыру үшін қажетті құқықтары мен міндеттері болады.
- Бөлімді Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен лауазымға тағайындалатын және лауазымнан босатылатын басшы басқарады.
- Бөлімнің басшысы Бөлім қызметін жалпы басқаруды жүзеге асырады, оған жүктелген міндеттердің орындалуына және өз өкілеттіктерін жүзеге асыруына дербес жауапты болады.
- Бөлімнің басшысы облыс әкімі аппаратының басшысына құрылымдық бөлімшенің құрылымы мен штат саны жөнінде ұсыныстар береді.
- Бөлімнің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша Бөлімінің атынан басқа құрылымдық бөлімшелерге жіберілетін құжаттарға Бөлімнің басшысы, ал ол болмаған жағдайда – оны алмастыратын адам қол қояды.