Атырау облысы Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы және оның ведомстволық бағынысты ұйымдарының қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілген сыртқы талдау нәтижелері бойынша АНЫҚТАМА

МАЗМҰНЫ

1.       

I.         КІРІСПЕ БӨЛІМ

1.1 Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізу негіздемелері

2

2.       

II.        АҚПАРАТТЫҚ БӨЛІМ

2.1 Басқарманың ұйымдастырушылық-басқарушылық қызметі

2

3.       

2.2 Басқарманың штаттық саны

3

4.       

2.3 Мемлекеттік орган қызметшілерінің лауазымдық өсуі

4

5.       

III.      ТАЛДАУ БӨЛІМІ

3.1 Басқарманың ұйымдастырушылық-басқарушылық қызметіндегі тәуекелдер

4

6.       

3.1.1 Біліктілік талаптары мен лауазымдық міндеттерді белгілеудегі тәуекелдер

4

7.       

3.1.2 Қызметтік автокөлікті пайдалану кезіндегі тәуекелдер

5

8.       

3.1.3 Іссапар шығыстарын өтеу кезінде бюджет қаражатын негізсіз пайдалану тәуекелі

6

9.       

3.1.4 Ішкі бақылауды ұйымдастыру және орындаушылық тәртіп бөлігіндегі тәуекелдер

8

10.   

3.2 «Атырау облысы Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының Махамбет атындағы облыстық академиялық қазақ драма театры» КМҚК қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау

8

11.   

3.3 «Атырау облысы Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының Нұрмұхан Жантөрин атындағы облыстық филармониясы» КМҚК қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау

10

12.   

3.4 «Атырау облысы Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының Халық шығармашылығы мен мәдени-демалыс қызметін ұйымдастырудың ғылыми-әдістемелік орталығы» КМҚК қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау

13

13.   

3.5 «Атырау облысы Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының Атырау Жастар театры» КМҚК қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау

14

14.   

3.6 «Атырау облысы Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы» КММ қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау

17

15.   

3.7 Лауазымдарды қоса атқару және жұмыс уақыты режимін сақтау кезіндегі тәуекелдер

18

16.   

3.8 Кадрлық қамтамасыз ету және біліктілік стандарттарын сақтау саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау

18

17.   

3.9 Мемлекеттік сатып алу саласындағы тәуекелдер

19

18.   

3.10 Мәдениет ұйымдарының материалдық құндылықтарын сыртқа шығару тәуекелдері

24

19.   

3.11 Ведомстволық бағынысты ұйымдарда сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенсті институционалдық дамытудағы тәуекелдер

25

 

 

Атырау облысы Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы мен оның ведомстволық бағынысты ұйымдарының қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілген сыртқы талдау нәтижелері бойынша АНЫҚТАМА

І. КІРІСПЕ БӨЛІМ

1.1 Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізу негіздемелері

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабының 2-тармағына және Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізу қағидаларына сәйкес, Атырау облысы әкімінің бірлескен өкімі (15.01.2026 ж. №13-ө)және Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті басшысының бұйрығы (15.01.2026 ж. №18) негізінде «Атырау облысы Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – Басқарма) және оның ведомстволық бағынысты ұйымдарының қызметінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізілді.

Бұл ретте сыртқы талдау жүргізу мерзімі Атырау облысы әкімінің бірлескен өкімі (19.02.2026 ж. №49-ө) және Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті басшысының бұйрығы (19.02.2026 ж. №19) негізінде ұзартылды.

Талдаумен Басқарманың және оның ведомстволық бағынысты ұйымдарының қызметі қамтылды.

Қамтылатын кезең: 2023-2025 жылдар.

Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізу кезеңі: 20.01.2026 ж. 10.04.2026 ж. дейін.

 

 

ІІ. АҚПАРАТТЫҚ БӨЛІМ

2.1 Басқарманың ұйымдастырушылық-басқарушылық қызметі

Атырау облысы әкімінің 18.07.2023 жылғы №126 қаулысымен бекітілген Басқарма туралы ережеге сәйкес, Басқарма Атырау облысында мәдениет және тілдерді дамыту саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асырады және осы міндетті іске асыру үшін 35 функция жүктелген.

Ережеге сәйкес, Басқармаға ресми түрде 14 ведомстволық бағынысты ұйым бекітілген. Алайда, іс жүзінде бұл салада 15 ұйым арқылы 45 функция іске асырылуда.

«Атырау облысы Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының Атырау Жастар театры» КМҚК әкімдіктің 30.10.2023 жылғы №208 тиісті қаулысы негізінде құрылып, Басқарманың қарамағына берілгені анықталды («Атырау облысының Мемлекеттік сатып алу және коммуналдық меншік басқармасы» ММ 22.11.2023 жылғы №88 бұйрығы).

Қазіргі уақытта Басқарма туралы ережені функциялар мен ведомстволық бағынысты ұйымдардың тізбесі бөлігінде өзектендіру талап етіледі. Негізгі құрылтай құжатына 15-ші ұйымды енгізу оған қатысты қабылданатын шешімдердің мәртебесін ресімдеуге мүмкіндік береді.

Өзгерістерді уақтылы енгізу құқықтық базаның біркелкілігін қамтамасыз етеді, өкімдік актілерді ресімдеудің заң техникасына қатысты ықтимал ескертулерді болдырмайды және жауапкершілік салаларын ажырату кезіндегі құқықтық белгісіздіктен туындайтын сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының алдын алудың тиісті деңгейін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

2.2 Басқарманың штаттық саны

Басқарманың 2023-2025 жылдардағы штаттық кестелеріне жүргізілген талдау келесі динамиканы көрсетті. 2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Басқарманың штаттық саны 17 бірлікті құрады, іс жүзінде Басқарма құрылымында басқарушы құрам 8 бірлікті (Басқарма басшысы – 1, басшының орынбасары – 1, бөлім басшылары – 6) құрады, бұл жалпы штаттық санның 47%-ын құрады, орындаушы құрам – 9 бірлік.

  1. Мәдениет және өнер мекемелерінің қызметін қамтамасыз ету бөлімі;
  2. Ономастика бөлімі (2 бірлік: бөлім басшысы және бас маман);
  3. Тілдерді дамыту және талдау бөлімі;
  4. Архивтер жұмысын қамтамасыз ету бөлімі;
  5. Бухгалтерлік есеп, есептілік және қаржы-экономикалық қызмет бөлімі;
  6. Мәдени-бұқаралық іс-шараларды ұйымдастыру және кадр жұмысы бөлімі.

Атырау облысы әкімдігінің 29.06.2023 жылғы №107 қаулысына сәйкес, архив саласының функциялары 2 штаттық бірлікпен бірге Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасынан Атырау облысының Цифрландыру және архивтер басқармасына берілді. Ведомство атауы «Атырау облысы Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы» ММ болып өзгертілді.

Қазіргі уақытта Басқарманың басқарушы құрамы 6 бірлікті (жалпы санның 40%-ы), орындаушы құрам – 9 бірлікті құрайды.

  1. Мәдениет және өнер мекемелерінің қызметін қамтамасыз ету бөлімі;
  2. Ономастика және тілдерді дамыту бөлімі;
  3. Экономика және қаржы бөлімі;
  4. Мәдени-бұқаралық іс-шараларды ұйымдастыру және кадр жұмысы бөлімі.

2023-2025 жылдар аралығында түрлі негіздер бойынша 5 қызметкер жұмыстан босатылды (теріс себептермен – 1 (А.А.Р, 23.02.2023 ж. №51-ө, қылмыс немесе қасақана қылмыстық теріс қылық жасағаны үшін соттың айыптау үкімінің заңды күшіне енуі, «ҚР Мемлекеттік қызметі туралы» ҚР Заңының 61-бабы 1-тармағының 12-тармақшасы); зейнеткерлікке шығуына байланысты – 1; негізгі қызметкердің жұмысқа шығуына байланысты – 2; өз еркімен – 1).

Басқарманың мемлекеттік қызметшілерінің біліктілігін арттыру және қайта даярлау облыс әкімі аппаратының басшысы бекіткен жоспар-кестеге сәйкес жүйелі негізде жүргізілді. 2023-2025 жылдар аралығында 12 қызметкер біліктілікті арттыру курстарынан, ал 3 қызметкер қайта даярлау курстарынан өтті.

2.3 Мемлекеттік орган қызметкерлерінің лауазымдық өсуі

2023-2025 жылдар аралығында 6 бос лауазымға конкурстар өткізілді (оның бірі – ішкі конкурс), барлық лауазымдар жасақталды (2023 жылы – 1 лауазым, 2024 жылы – 4 лауазым, 2025 жылы – 1 лауазым). 2024 жылы Басқармада экономика және қаржы бөлімі мен ономастика және тілдерді дамыту бөлімі басшыларының лауазымдары бос болды. Экономика және қаржы бөлімінің басшысы лауазымына ішкі қызметкерлердің мансаптық өсу мүмкіндігі болған жоқ, себебі Бөлімнің бір бас маманы бала күтіміне байланысты демалыста болса, екінші бас маманның қажетті жұмыс өтілі болмады. Осыған байланысты, аталған лауазымға жалпы конкурс нәтижесі бойынша Нұрлы Бисембайқызы Есімова тағайындалды. Ономастика және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы лауазымына осы Бөлімнің бас маманы Айгүл Базарбайқызы Қуаныш ұсынылды (жоғарылатылды).

 

III. ТАЛДАУ БӨЛІМІ

3.1 Басқарманың ұйымдастырушылық-басқарушылық қызметіндегі тәуекелдер

3.1.1 Біліктілік талаптары мен лауазымдық міндеттерді белгілеудегі тәуекелдер

Басқарма қызметінде мемлекеттік орган туралы бекітілген Ереже мен қызметкерлердің нақты лауазымдық нұсқаулықтары арасындағы сәйкессіздіктер анықталды. Басқарма туралы ережеде келесідей тар мамандандырылған функциялардың кең ауқымы бекітілген:

  1. Тарих және мәдениет ескерткіштерінде ғылыми-реставрациялау жұмыстарын қамтамасыз ету;
  2. Археологиялық жұмыстарды ұйымдастыру және оларды әлеуметтік-экономикалық даму жоспарларында есепке алу;
  3. Реставрациялау қызметін лицензиялауды келісу;
  4. Қала құрылысын жобалау кезінде тарихи-сәулеттік тірек жоспарлары мен карта-схемаларын әзірлеу;
  5. Қорғау міндеттемелерін ресімдеу және ескерткіш иелерінің оларды орындауын бақылау.

Алайда, бұл өкілеттіктер тиісті қызметкерлердің функционалдық міндеттерінде (лауазымдық нұсқаулықтарында) көрініс таппаған.

Бұрын көрсетілген ұсынымдардың болуына және белгіленген мерзімдердің өтуіне қарамастан, бүгінгі таңда Басқарма ведомство қызметінің нақты бейініне сәйкес келетін жаңартылған біліктілік талаптарын ұсынбаған.

Лауазымдық нұсқаулықтарда аталған функциялардың болмауы қызметкерлерге мемлекеттік органға жүктелген міндеттерді орындамағаны үшін дербес жауапкершіліктен жалтаруға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, нұсқаулықтарда бұл міндеттердің ресми түрде болмауы қызмет бейініне сәйкес келмейтін біліктілік талаптарын белгілеуге (мысалы, реставрациялық білімнің орнына педагогикалық білім) жағдай жасайды, бұл арнайы білімі жоқ тұлғаларды жұмысқа қабылдауға негіз болады.

Бұдан бөлек, ескерткіштерді қорғау және археология саласындағы білім мен тәжірибеге қойылатын ерекше талаптарды алып тастау арқылы бос лауазымдарды нақты кандидаттарға жасанды түрде «бейімдеу» үшін жағдайлар жасалады.

Ұсыным:

  1. Лауазымдық нұсқаулықтарға бейіндік функцияларды енгізу және кадрларды субъективті іріктеу мен протекционизмге жол бермейтін тиісті біліктілік талаптарын белгілеу арқылы бекітілген Ереже мен лауазымдық нұсқаулықтар арасындағы сәйкессіздіктерді жою.

 

3.1.2 Қызметтік автокөлікті пайдалану кезіндегі тәуекелдер

Қызметтік автокөлікті пайдалануды ұйымдастыруды талдау барысында мыналар анықталды:

2025 жылғы 4 ақпанда ведомстволық бағынысты «Атырау облысы Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының Халық шығармашылығы мен мәдени-демалыс қызметін ұйымдастырудың ғылыми-әдістемелік орталығы» КМҚК теңгерімінен Басқарма теңгеріміне бұрын KZ 191 AY 06 мемлекеттік нөмірімен тіркелген 2024 жылғы «Kia Sorento» маркалы қызметтік автокөлігі берілді, 21.05.2025 ж. оған жаңа KZ 607 BG 06 мемлекеттік нөмірі беріліп, қайта тіркелді. Өткізу белгіленген тәртіппен рәсімделген, тіркеу құжаттары бар. Штаттық кестеде көзделген жүргізуші лауазымы қазіргі уақытта бос. Көлік құралын мекеме басшысы жеке өзі басқарады. Жүргізуші лауазымына кандидаттардың болмауына байланысты, басшы бұрын «Kia Sorento» қызметтік автокөлігі берілген ведомстволық бағынысты «Атырау облысы Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының Халық шығармашылығы мен мәдени-демалыс қызметін ұйымдастырудың ғылыми-әдістемелік орталығы» мекемесінен жүргізушіні іссапарға жіберу (прикомандирование) туралы шешім қабылдаған.

Бұл ретте, 2025 жыл ішінде «Enbek.kz» порталында аталған жүргізуші бос лауазымына хабарландырулар жарияланбағаны анықталды. Сонымен қатар, ведомстволық бағынысты ұйымнан қызметкерді іссапарға тарту өкілеттігін пайдалану соңғысының жұмыс тиімділігіне тікелей әсер етіп, оның штаттық ресурстарына қосымша жүктеме түсіреді, бұл өз кезегінде лауазымдық жағдайды Басқарма мүддесі үшін пайдалануға әкеп соғады.

Басшының орынбасарына бекітілген KZ 016 AI 06 мемлекеттік нөмірлі «Hyundai Greta» автокөлігі бойынша 12.02.2025 ж. жүргізуші жұмысқа қабылданған, алайда 20.11.2025 ж. онымен еңбек шарты бұзылған. Көрсетілген кезеңнен бастап қазіргі уақытқа дейін жүргізуші лауазымы бос, автокөлікті басшының орынбасары дербес басқарады.

Лауазымды тұлғалардың түсіндірмесі бойынша, бос лауазымдар кандидаттардың болмауына және жалақы деңгейінің төмендігіне байланысты толтырылмаған.

Жүргізуші лауазымдары бос болған жағдайда басшы мен оның орынбасарының қызметтік автокөліктерді өз бетінше басқаруы кезінде қызметтік автокөлікті жеке мақсаттарда пайдалануға және оның нақты пайдаланылуын бақылаудың (бағыттар мен жұмыс уақытын есепке алу) жеткіліксіздігіне байланысты ықтимал сыбайлас жемқорлық тәуекелдері сақталады. Демалыс және мереке күндері автокөліктің тиісті гаражжайдың болмауына байланысты лауазымды тұлғалардың тұрғылықты жері бойынша орналастырылатыны, ал ведомстволық бағынысты ұйымнан жүргізушіні уақытша тарту негізгі жұмыс орны бойынша жалақы төлеу арқылы жүзеге асырылатыны анықталды, бұл мекеме ресурстарын мақсатсыз пайдалану және еңбек ресурстарын тартудың негізділік принципін бұзу тәуекелін тудырады.

Ұсынымдар:

  1. Жүргізушілердің бос лауазымдарын толтыру бойынша шаралар қабылдау немесе жүргізушілерді тиісті құжаттық рәсімдеумен уақытша тартуды қамтамасыз ету.
  2. GPS-навигация деректеріне жүйелі мониторинг жүргізу, сондай-ақ қызметтік сапарлардың бағыттары мен мақсаттарын көрсете отырып, жол парақтарын міндетті түрде жүргізу және тексеру арқылы қызметтік автокөліктің пайдаланылуын бақылауды күшейту.

3.1.3 Іссапар шығыстарын өтеу кезінде бюджет қаражатын негізсіз пайдалану тәуекелі

Талдау барысында Басқармада 2023-2025 жылдар кезеңінде іссапар шығыстарын рәсімдеу және төлеу кезінде бұрын мемлекеттік аудит нәтижелерімен расталған (2025 жылғы 14 қарашадағы №44-Т аудиторлық есеп) жүйелі бұзушылықтар анықталды.

Негізгі бұзушылықтар Қызметтік іссапарларға арналған шығыстарды өтеу қағидаларының (бұдан әрі – № 256 Қағидалар) талаптарын сақтамаумен байланысты.

Мәселен, 2023-2025 жылдары Басқарма қызметкерлері мен бөлім басшыларына ерекше жағдайлардың құжаттық расталуынсыз авиабилеттерге жұмсалған шығындар өтелген. №256 Қағидалардың 2-тарауы 3-тармағының 3) тармақшасын бұза отырып, іссапардың шұғылдығы туралы деректер немесе теміржол көлігіне билеттердің болмауы туралы мәліметтер болмаған жағдайда әуе ұшулары ақыланған. Негізсіз төлемдердің жалпы сомасы 354,3 мың теңгені құрады (оның ішінде 2024 жылы – 233,5 мың теңге және 2025 жылдың 9 айында – 120,8 мың теңге).

Бұдан бөлек, аудит барысында 2023 жылы 244,1 мың теңге сомасында іссапар шығыстарының артық төлену фактілері тіркелді. Іссапарға жіберу туралы бұйрықтарда көзделмеген такси (автокөлік) шығындарын негізсіз өтеу, сондай-ақ тұрғын жайды жалдау бойынша шығыстарды өтеу бөлігіндегі бұзушылықтар анықталды.

Анықталған фактілер регламенттеудің жеткіліксіздігі және мұндай төлемдер негіздемелерінің құжаттық расталмауы жағдайында Басқарма қызметкерлеріне төлемдерді жүзеге асыру кезінде субъективті шешімдер қабылдау мүмкіндігіне байланысты ықтимал сыбайлас жемқорлық тәуекелінің бар екенін айғақтайды. Атап айтқанда, қызметкерлерге таксимен жүруді өз бетінше таңдау құқығын беру бюджет қаражатын негізсіз пайдалануға жағдай жасауы мүмкін.

Сонымен қатар, көлік шығыстарын өтеудің қолданыстағы тәртібі қызметкерлердің қауіпсіздігіне әлеуетті қатер төндіреді, өйткені кейбір жағдайларда қоғамдық көліктің орнына таксиді пайдалану негізсіз болып табылады және қызметкерлердің орын ауыстыруына байланысты тәуекелдерді арттырады.

Анықталған бұзушылықтардың себептері нормативтік құқықтық актілер талаптарының сақталмауынан және қызметтік іссапарларға бөлінетін бюджет қаражатының жұмсалуына тиімді ішкі бақылау тетіктерінің болмауынан туындауы мүмкін.

Ұсынымдар:

  1. Әрбір сапардың міндетті негізделуін қамтамасыз ете отырып, көлік шығыстарын өтеудің нақты қағидаларын белгілеу.
  2. Шығыстардың құжаттық расталуына және нормативтік талаптардың сақталуына қатаң бақылауды қамтамасыз ету.
  3. Қызметкерлердің орын ауыстыру кезіндегі қауіпсіздік жағдайларына талдау жүргізу және қауіпсіз баламалы көлік түрлерін пайдалануды қарастыру.

3.1.4 Ішкі бақылауды ұйымдастыру және орындаушылық тәртіп бөлігіндегі тәуекелдер

2023-2025 жылдар кезеңінде Басқарманың 6 қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ, көрсетілген кезеңде Басқарма басшысы А. Жоламановқа қатысты қызметтік тергеу жүргізілді. Бірыңғай тәртіптік комиссия отырысының №8 хаттамасына сәйкес, Атырау облысының прокуроры Б. Жұмақановтың 08.09.2025 жылғы №2-05150-25-06733 заңдылықты бұзушылықтарды жою туралы ұсынысы негізінде, тергеу нәтижелері бойынша Басқарма басшысы А. Жоламановқа қатысты тәртіптік жаза қолдану «негізсіз» деп танылды.

Талдау барысында 2025 жылдың І және ІІ тоқсанындағы Жоспардың орындалуы туралы есептілік әкім аппаратына 30 қыркүйекте (9 айға кешіктіріліп) жолданғаны анықталды. Жоспар тармақтарының іс жүзінде орындалғанына қарамастан, құжаттарды уақтылы жинақтау мен жолдаудың болмау фактісінің өзі орындаушылық тәртіпке ішкі бақылаудың тиісті деңгейде ұйымдастырылмағанын айғақтайды, бұл басшылықтың дербес жауапкершілігінің төмендеуіне әкеп соғады.

Есептіліктің ұзақ уақыт кешіктірілуі Басқармадағы істің нақты жағдайы жоғары тұрған органдар үшін ашық болмайтын жағдай туғызады, бұл ықтимал кемшіліктерді «іс жүзінде орындау» деген желеумен жасыруға мүмкіндік береді. Құжаттың орындалуы «бас маманның иелігінде болды» деген сілтеме Басқармада шығыс хат-хабарларына жедел мониторинг жүргізу тетіктерінің жоқтығын көрсетеді.

Бұл басқарушылық олқылықтар үшін жауапкершілікті төменгі буынға ысырып тастауға және бақылаудың жоқтығы үшін басқарушы құрамның жазасыз қалуына жағдай жасайды.

Ұсыным:

  1. Бірінші басшының лауазымдық нұсқаулығын ведомствоаралық өзара іс-қимылды қамтамасыз ету және мемлекеттік органның мүдделерін білдіру, сондай-ақ тапсырмалардың (оның ішінде жоғары тұрған органдар мен басшылықтың) уақтылы және сапалы орындалуын бақылау функцияларымен толықтыру.

3.2 «Атырау облысы Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының Махамбет атындағы облыстық академиялық қазақ драма театры» КМҚК қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау

Ведомстволық бағынысты «Атырау облысы Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының Махамбет атындағы облыстық академиялық қазақ драма театры» КМҚК қызметінде көлік шығыстары лимиттерінің сақталмауынан көрініс тапқан №256 Қағидаларды бұзу фактілері анықталды. Атап айтқанда, бұйрыққа сәйкес қызметкерге теміржол көлігімен жүру ұсынылған, алайда іс жүзінде екі бағытта да әуе ұшуы жүзеге асырылып, кейіннен шығыстар бюджет есебінен толық өтелген жағдайлар анықталды; бұл ретте ұшу фактісі отырғызу талондарының түпнұсқаларынсыз, тек авиакомпаниялардың анықтамаларымен расталған. Бұл жағдай төлемдерді негізсіз асыра көрсетуге және мемлекеттік қаражатты жұмсауға жағдай жасайды (А.С.С, 14.06.2023 ж. №118, №119; Б.А.К, 01.06.2023 ж. №117).

Сондай-ақ, қызметкер іссапарда іс жүзінде бір түн болған кезде екі тәулік үшін тұрғын жайды жалдау шығыстарын негізсіз өтеу фактісі анықталды. Екі күнтізбелік күн үшін тәуліктік ақы есептеу №256 Қағидалар нормаларына сәйкес келгенімен, екінші тәулік үшін тұру ақысын төлеудің құжаттық және нақты негіздемесі жоқ. Бұл бұзушылық бюджет қаражатын артық жұмсау тәуекелін және аванстық есептерді қабылдау кезінде жауапты тұлғалар тарапынан формальды бақылаудың бар екенін айғақтайды (С.Т.К, 20.12.2024 ж. №111; Т.М.М, 20.12.2024 ж. №112 аванстық есеп; Т.М.М, 10.10.2025 ж. №244).

Растаушы құжаттарды ұсынбай, теміржол көлігімен жүру (қайту жолы) шығыстарын негізсіз өтеу тәуекелі байқалады (Н.Б.Ш, 30.04.2025 ж. №79).

Бұйрықта қызметкерді қабылдаушы тараптың есебінен толық қамтамасыз ету туралы шарттың болуына қарамастан, ұйым бюджеті есебінен тәуліктік ақыны негізсіз төлеу жағдайы анықталды. Бұл факт бір шығыстарды екі мәрте қаржыландыру тәуекелін және мемлекеттік қаражатты тиімсіз пайдалануды айғақтайды (Г.С, 29.10.2025 ж. №265).

Сонымен қатар, бұйрықтарды талдау барысында мекемеде тәртіптік жазаларды жедел алып тастаудың тұрақты тәжірибесі қалыптасқаны анықталды. Мәселен, кадрлар жөніндегі маман Б. Есәлиеваға жұмыстағы олқылықтары үшін сөгіс жарияланып (04.08.2023 ж. №05-1/103 бұйрық), ол 02.10.2023 ж. (№05-1/139 бұйрық) алынып тасталған. Кейінірек оған қайтадан ескерту жасалып (08.02.2024 ж. №05-1/19 бұйрық), ол бір айдан кейін алынған (13.03.2024 ж. №05-1/31 бұйрық). Ұқсас жағдай басқа қызметкерлер бойынша да байқалады. Архивариус К.Қ 13.12.2024 ж.                  №05-1/131 бұйрығымен жаза қолданылып, ол 10 күннен кейін (23.12.2024 ж.) №05-1/136 бұйрығымен алынған.

2025 жылғы ұжымдық жауапкершілікке тарту фактісі ерекше назар аудартады. «Е-өтініш» жүйесіндегі өтініштерді қарау кезінде заңнаманы бұзғаны үшін басшының орынбасары Н.Б (26.06.2025 ж. №05-1/63 бұйрық) және кадр маманы Б.Е (26.06.2025 ж. №05-1/64 бұйрық) сөгіс жарияланды. Кейін, 27.08.2025 ж. жұмысқа кешіккені және ішкі тәртіпті бұзғаны үшін қызметкерлерге (Н.Б, Б.Е, М.Р, Ж.Қ, Т.Т) қатаң сөгістер мен сөгістер берілді (№05-1/79, 80, 81, 82, 83 бұйрықтар). Алайда, бұл жазалардың барлығы 2025 жылдың қазан айында (№05-1/111 және №05-1/125 бұйрықтар), яғни бір жарым айдан кейін алынып тасталған.

Сондай-ақ, Д.Б, А.Ш, Ж.Б, Н.Е, Ж.Қ қатысты алдымен жұмысқа шықпағаны (прогул) үшін еңбек шарттарын бұзу туралы бұйрықтар шығарылып (21.08.2025 ж.), бірақ бірнеше күннен кейін бұл бұйрықтардың күші жойылып, қызметкерлер қатаң сөгіс беріле отырып жұмысқа қайта алынған (25.08.2025 ж. №05-3/169, 170, 171, 172, 173 бұйрықтар). Кейін, 2025 жылдың желтоқсанында бұл жазалар да мерзімінен бұрын алынған (№05-1/157 бұйрық). Сол сияқты, әкімшілер А.Д, А.Б және бас әкімші Р.Д ескертулері жарияланғаннан кейін 16 күн өткен соң алынып тасталған (26.11.2025 ж. берілген, 12.12.2025 ж. алынған).

Тәртіптік шаралардың қолданылу мерзімінің қысқалығы (кейбір жағдайларда 10-нан 16 күнге дейін) жауапкершілікке тарту рәсіміне формальды көзқарасты айғақтайды, мұндай жағдайда тәртіптік ықпал ету өзінің алдын алу мақсатына жетпейді. Тәртіптік өндіріс құқыққа қайшы әрекеттердің, соның ішінде сыбайлас жемқорлық сипатындағы әрекеттердің алдын алу мен жолын кесудің негізгі құралы болып табылатынын ескеру маңызды. Осыған байланысты, жазаларды мерзімінен бұрын алып тастаудың кең таралған тәжірибесі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің пайда болуын азайтатын маңызды тежеуіш фактор – «жазалану қаупіне» кері әсерін тигізуі мүмкін.

Сонымен қатар, мұндай әрекеттер лауазымды тұлғалардың мемлекеттік және кәсіби мерекелерге сыйлықақылар мен өзге де көтермелеу төлемдерін алу мүмкіндігіне байланысты сыбайлас жемқорлық көріністерінің тәуекелін тудырады, өйткені қолданыстағы жаза болған кезде оларды есептеу мүмкін емес. Осылайша, тәртіптік шараларды мерзімінен бұрын алып тастау қызметкерлерді сыйлықақыландыру үшін шектеулерді жасанды түрде айналып өту құралы ретінде пайдаланылуы мүмкін.

Сондай-ақ, аталған мекеме 2025 жылғы 8 қазанда «2026 жылға арналған жаңа өзгерістер мен толықтырулары бар ҚР Салық кодексі» қызметін сатып алуға №15506973-1 хабарландыру жариялаған, онда техникалық ерекшелікте: «Егер өнім берушінің дұрыс емес немесе қате сүйемелдеуінен әкімшілік жаза қолданылса, өнім беруші Тапсырыс берушіге келтірілген зиянды өтеуге міндетті» деп көрсетілген. Алайда, әкімшілік айыппұлдар Тапсырыс берушіге салынады, сондықтан «барлық әкімшілік жауапкершілікті» өнім берушіге жүктеу ҚР қолданыстағы заңнамасына қайшы келуі мүмкін. Бұдан бөлек, «қызметтерді дұрыс емес немесе дәл көрсетпеу» ұғымы нақты анықталмаған. Мұндай жалпы тұжырымдама Тапсырыс берушіге оны өз қалауы бойынша анықтауға мүмкіндік береді, бұл өнім беруші үшін тәуекелдер тудырады. Өнім берушіге нақты критерийлерсіз жауапкершілік жүктеу қысым жасауға немесе жасырын сөзге келуге жол ашады. Егер шартта зиян сомасы нақты көрсетілмесе, бұл қосымша төлемдер немесе парақорлық тәуекелдерін тудырады.

Ұсынымдар:

  1. Бюджет қаражаты есебінен өтеу алдында отырғызу талондарының, жол жүру билеттерінің және өзге де бастапқы құжаттардың түпнұсқаларын, сондай-ақ іссапардың нақты ұзақтығының есептелген тәуіліктік ақы мен тұру шығыстарына сәйкестігін міндетті түрде тексеру арқылы іссапар шығыстарының негізділігіне қатаң бақылауды қамтамасыз ету;
  2. Бұйрықтардың шарттарын және қабылдаушы тарап ресурстарының есебін тексеруді қоса алғанда, іссапар шығыстарын қосарланған қаржыландыруды болдырмау рәсімін енгізу;
  3. Алдын алу әсерін қамтамасыз ету үшін жазаларды жазбаша негіздемесіз мерзімінен бұрын алып тастауға тыйым салып және олардың қолданылу мерзімдеріне бақылау енгізе отырып, тәртіптік саясатты қайта қарау;
  4. Сатып алудың барлық шарттарын міндетті заңгерлік келісумен, өнім беруші жауапкершілігінің нақты критерийлерін әзірлеу және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін тудыратын екіұшты тұжырымдарды алып тастау арқылы мемлекеттік сатып алудың шарттық міндеттемелерін ҚР заңнамасына толық сәйкес келтіру.

3.3 «Атырау облысы Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының Нұрмұхан Жантөрин атындағы облыстық филармониясы» КМҚК қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау

Бос лауазымдардың бөлінуіне жүргізілген мониторинг және штаттық кестені талдау шеңберінде ұйымның бірқатар қызметкерлері бос позицияларды қоса атқару (0,5 мөлшерлеме көлемінде қосымша ақы белгілей отырып) жағдайында еңбек қызметін жүзеге асыратыны анықталды. Лауазымдық нұсқаулықтарды зерделеу кезінде функционалдық тұрғыдан үйлеспейтін міндеттері бар лауазымдарды қоса атқару фактілері тіркелді (мысалы, бас механик басқарушы лауазымы мен жүргізуші орындаушы позициясы). Мұндай тәжірибе өкілеттіктердің тиісті деңгейде аражігі ажыратылмауына және ішкі бақылау жүйесінің ықтимал әлсіреуіне байланысты сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің туындауына әкеп соғуы мүмкін. Атап айтқанда, тауарлық-материалдық құндылықтарды есептен шығару және жұмыс уақытын есепке алу туралы шешімдер қабылдау кезінде мүдделер қақтығысының туындау ықтималдығы бар. Осыған байланысты, бизнес-процестердің ашықтығын қамтамасыз ету және сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттарды сақтау мақсатында, жүктелген функциялардың нақты орындалуы тұрғысынан аталған тағайындаулардың мақсатқа сәйкестігіне қосымша талдау жүргізу қажет деп саналады.

Сондай-ақ, талдау барысында КМҚК басшысына бекітілген жүргізушінің еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі инженер функцияларын қоса атқара отырып, 0,5 мөлшерлемеде еңбек қызметін жүзеге асыратыны, ал басшының орынбасары жекелеген жағдайларда жүргізуші штаттық бірлігі болмаған кезде қызметтік көлік құралын басқаратыны анықталды. Бағыттарды объективті бақылаудың техникалық құралдары (GPS-мониторинг) және автокөлікті пайдалану мен оны бақылау функцияларының жеткілікті түрде бөлінбеуі жағдайында, аталған мән-жайлар жұмыс уақытын тиімсіз пайдалануға, көлік құралдары мен жанар-жағармай материалдарын мақсатсыз пайдалану ықтималдығына байланысты сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің туындауына алғышарттар жасауы мүмкін. Бұл Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ашықтық, есептілік және тиісті ішкі бақылау қағидаттарын қамтамасыз ету мақсатында қосымша регламенттеуді талап етеді.

Сонымен қатар, талдау барысында 2024-2025 жылдар кезеңінде Тапсырыс берушінің сахналық костюмдер мен сахна шымылдығын тігу жөніндегі жұмыстарға «шартты тікелей жасасу арқылы бір көзден алу» тәсілімен мемлекеттік сатып алу туралы төрт хабарландыру орналастырғаны анықталды. Бұл тәсілді қолдану «Мемлекеттік сатып алу туралы» ҚР Заңының 39-бабы 3-тармағының 32) тармақшасына сілтеме жасау арқылы формальды түрде негізделген. Алайда, контрагенттерді таңдау рәсімдерін егжей-тегжейлі зерделеу бәсекелестікті шектеудің тұрақты схемасын айқындады.

Барлық сатып алуларға Атырау облысында тіркелген тұлғалардың нақты шеңбері қатысқан: «БАРМАКОВА Л.К.» ЖК, «Базаева» ЖК және «ЧЕКИРОВА Р.С.» ЖК. Сонымен қатар, «бәсекелестердің» болуына қарамастан, барлық төрт жағдайда (жағдайлардың 100%-ында) бір тұлға – «БАРМАКОВА Л.К.» ЖК жеңімпаз болып анықталған. Бұл ретте, үш қатысушының баға ұсыныстары арасындағы ең аз айырмашылық балама ұсыныстардың таңдаудың заңдылығын көрсету мақсатында, жеңіске жету ниетінсіз, формальды түрде берілгенін айғақтайды.

Аталған мән-жайлар нақты бір кәсіпкер үшін жасанды түрде артықшылықтар жасау тәуекелін көрсетеді. Өңірде және одан тыс жерлерде баламалы өнім берушілер болған жағдайда, ансамбль мен филармонияның жоспарлы қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін «бір көзден» сатып алудың айрықша құқығын пайдалану бәсекелестік рәсімдердің формальды сипаты мен адал бәсекелестіктің ықтимал шектелуіне әкеледі, бұл бюджет қаражатын тиімсіз жұмсауға және тапсырыс берушінің бір өнім берушіге тұрақты тәуелділігінің қалыптасуына алғышарттар жасайды.

Ұсынымдар:

  1. Жүргізуші мен еңбекті қорғау жөніндегі инженердің міндеттерін талдау, автокөлікті пайдалану және бақылау функцияларын ажырату, GPS-мониторингті енгізу мәселесін қарастыру және қажет болған жағдайда КМҚК ішкі актілерін өзектендіру.
  2. Ұқсас сатып алуларды (киім тігу, залдарды тоқымамен безендіру) жүзеге асыру кезінде бәсекелестік рәсімдерге (баға ұсыныстарын сұрату, ашық конкурс) басымдық беру, өйткені бұл жұмыстар бірегей болып табылмайды және кең нарықта ұсынылған.
  3. Комплаенс қызметі үлестестік белгілерін анықтау үшін бір тұлғалардан сатып алу шоғырлануына тоқсан сайынғы мониторинг енгізсін. Нарықты талдау кезінде нарықтық бағаның объективтілігін қамтамасыз ету үшін басқа өңірлердегі (ҚР) өнім берушілерден коммерциялық ұсыныстар сұратылсын.
  4. Адал бәсекелестікті шектеу үшін жүйелі түрде жағдай жасағаны үшін осы сатып алуларды ұйымдастыруға жауапты тұлғалардың тәртіптік жауапкершілігі туралы мәселені қарастыру.

 

3.4 «Атырау облысы Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының Халық шығармашылығы мен мәдени-демалыс қызметін ұйымдастырудың ғылыми-әдістемелік орталығы» КМҚК қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау

Ұйым қызметін талдау барысында 2023–2025 жылдары шығарылған бұйрықтар қызметкерлерге мерейтойлық даталарға (40–60 жас) орай сыйлықақы төлеу фактілерін айғақтайтыны анықталды.

Бұл ретте аталған төлемдерді ұсыну тәртібі ұйымның ішкі нормативтік актілерімен регламенттелмеген.

Шығарылған бұйрықтарға сәйкес, жекелеген қызметкерлерге 50 000 теңгеден бастап бір лауазымдық айлықақы мөлшеріне дейін сыйлықақы төлемдері жүргізілген, атап айтқанда:

  1. А.Ж.Н – 21.01.2025 ж. № 06-06-4/13 бұйрық;
  2. Г.К – 19.06.2025 ж. № 06-06-4/48 бұйрық;
  3. Ғ. Х.Қ – 17.12.2024 ж. № 06-06-4/87 бұйрық;
  4. Г.Ж.Б – 13.06.2024 ж. № 06-06-4/47 бұйрық;
  5. Т.С.А – 11.06.2024 ж. № 06-06-4/45 бұйрық;
  6. Қ.Р.К – 20.05.2024 ж. № 06-06-4/39 бұйрық;
  7. М.М.Қ – 02.05.2024 ж. № 06-06-4/35 бұйрық;
  8. Д.С – 23.01.2024 ж. № 06-06-4/8 бұйрық;
  9. А.Н.Д – 19.10.2023 ж. № 05-08-5/191 бұйрық.

Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес, еңбекақы төлеу жүйесі мен ынталандырушы төлемдерді ұсыну тәртібі жұмыс берушінің ішкі актілерімен нақты регламенттелуі тиіс. Алайда, талдау барысында аталған кезеңде (2023–2025 жж.) Ұйымның ішкі нормативтік актілерінде қызметкерлердің жеке мерейтойлық даталарына орай төлемдер жүргізу тәртібі мен негіздемелері болмағаны анықталды.

Қызметкерлердің мереке күндері мен мерейтойлық даталарына сыйлықақы беруге рұқсат беретін норма заңнамаға тек 2026 жылы енгізілгенін атап өту қажет. Осылайша, жоғарыда көрсетілген бұйрықтар шығарылған сәтте (2023–2025 жж.) мұндай төлемдер үшін құқықтық негіздер болмаған. Іс жүзінде Ұйым басшылығы қарастырылып отырған кезеңде заңдық күші болмаған нормаларға сүйене отырып, бюджет қаражатын бөлу туралы шешімдер қабылдаған.

Сыйлықақы берудің бекітілген тәртібінің болмауы және заңда көзделмеген негіздерді пайдалану басшылықтың ақшалай қаражатты бөлу кезінде шешімдерді субъективті қабылдауына жағдай жасайды. Бұл тәжірибе фаворитизмге және ынталандырушы төлемдер түрінде бюджет қаражатын мақсатсыз пайдалануға жол беретін жоғары сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің бар екенін айғақтайды.

Ашық критерийлер болмаған жағдайда бірінші басшының өз қалауы бойынша сыйлықақы беруі бюджет заңнамасының қағидаттарын бұзады және әкімшілік құқық бұзушылықтардың туындауына ықпал етеді.

Ұсынымдар:

  1. Жұмыс берушінің актілері шығарылған сәтте заңдық күші жоқ негіздер бойынша қаражат есептеуді болдырмай, сыйлықақы төлемдерін ҚР Үкіметінің №1127 қаулысының талаптарына қатаң сәйкестікте жүзеге асыруды қамтамасыз ету.
  2. Бюджет қаражатын пайдаланудың толық ашықтығын қамтамасыз ете отырып, әрбір төлем үшін толыққанды құжаттық растаманың (нақты еңбегі көрсетілген, сомалары мен күндері егжей-тегжейлі жазылған бұйрықтар) міндетті түрде болуын регламенттеу.
  3. Сыйлықақы беру тәртібін бұзғаны және негізсіз шығыстарға жол бергені үшін лауазымды тұлғаларды тиісті жауапкершілік шараларына тарту мәселесін қарастыру.

 

3.5 «Атырау облысы Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының Атырау Жастар театры» КМҚК қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау

2025 жылғы 14 наурыздағы «Көрісу» мерекесіне арналған «Амал келді – жыл келді» театрландырылған мәдени-бұқаралық іс-шарасын дайындау және өткізу шеңберінде қызметтерді сатып алу «Мемлекеттік сатып алу туралы» ҚР Заңының 39-бабы 3-тармағының 32-тармақшасы негізінде шарттарды тікелей жасасу арқылы бір көзден алу тәсілімен жүргізілді. Барлығы әртүрлі өнім берушілермен бес шарт жасалды, атап айтқанда:

  1. №22311358, 28.02.2025 ж. «Кенжетай» ЖК-мен 6 528 000 теңге сомасына жасалған;
  2. №22306361, 27.02.2025 ж. Venera Event-пен 6 965 000 теңге сомасына жасалған;
  3. №22264784, 24.02.2025 ж. Р.Б. Галиевамен 6 000 000 теңге сомасына жасалған;
  4. №22211176, 18.02.2025 ж. «ОРЫНАЙ» ЖК-мен 3 561 400 теңге сомасына жасалған;
  5. №22211113, 18.02.2025 ж. «Синкопа» ЖШС-мен 4 220 000 теңге сомасына жасалған.

Сатып алудың бәсекелестік емес тәсілін қолданудың заңдылығына қарамастан, іс-шара бюджетін бірнеше жеке шарттарға бөлу әлеуетті тәуекелдер тудырады. Келесі тәуекел факторлары анықталды: сатып алуды бірнеше шартқа бөлшектеу бәсекелестік рәсімдерді айналып өтуге ықпал етуі мүмкін; мердігерлерді таңдаудың ашық тетігінің болмауы бюджет қаражатын субъективті бөлу ықтималдығын арттырады; бір іс-шарада бірнеше мердігердің болуы сапаны және сметаға сәйкестікті бақылауды қиындатады; шарттарды жасасудың қысқа мерзімі формальды ресімдеу және құжат айналымындағы қателіктер ықтималдығын арттырады; құнын бағалаудың және орындаушыларды таңдаудың бірыңғай критерийлері жоқ. Бұл ретте нарықта аталған қызметтердің әлеуетті өнім берушілерінің жеткілікті саны бар және сатып алудың бір бөлігі үшін ашық бәсекелестік рәсім немесе баға ұсыныстарын сұрату баламалы тәсіл болуы мүмкін еді, бұл ашықтықты, бәсекелестікті және шығыстарды оңтайландыруды қамтамасыз етер еді.

Мекеменің ақылы қызметтерін талдау барысында, 2025 жылға бекітілген тарифтерге сәйкес, басқа қалалар мен республика өңірлерінен келетін мекемелер мен ұжымдардың іс-шараларын, ұйымдастырушылық кеңестерін, сондай-ақ концерттерді, цирктік және өзге де іс-шараларды өткізу құны шартпен айқындалатыны және келесіні құрайтыны анықталды: 1 сеанс (200 000-нан 500 000 теңгеге дейін); қосымша сеанс (150 000-нан 300 000 теңгеге дейін); республикалық деңгейдегі театрлардың гастрольдік сапарлары үшін сахнаны жалдау (200 000-нан 500 000 теңгеге дейін).

Бұл ретте қызметтердің нақты құнын айқындаудың бекітілген критерийлері жоқ және тиісті шешімдерді мекеме басшылығы дербес қабылдайды. Қалыптасқан тәжірибе басшылыққа құнды белгілеу кезінде дискрециялық өкілеттіктер береді, бұл шешімдерді субъективті қабылдауға жағдай жасайды және сыбайлас жемқорлық көріністерінің туындау ықтималдығын арттырады.

Сондай-ақ, ұйымның кадр құрамын талдау барысында жақын туыстық қатынастардағы тұлғалардың (Ә.Н, Г.С) бірлесіп жұмыс істеуі бөлігінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы бұзу тәуекелдері анықталды.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» ҚР Заңының (бұдан әрі – Заң) 1-бабының 4) тармақшасына сәйкес, мемлекеттік ұйымдарда немесе квазимемлекеттік сектор субъектілерінде басқарушылық функцияларды орындайтын тұлғалар мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген тұлғаларға теңестірілген тұлғалар болып табылады. Демек, Театр басшысына заңнамада белгіленген сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер толық көлемде қолданылады.

Кадрлық құжаттаманы зерделеу барысында Театр басшысының жұбайы актриса (0,25 мөлшерлеме) лауазымында екені анықталды. Бұл ретте ұйымда аталған тұлғалар арасындағы тікелей бағыныстылық пен бақылауды болдырмайтын функционалдық бағыныстылықтың бекітілген схемасы жоқ.

Бұл факт Заңның 14-бабын бұзу болып табылады, оған сәйкес мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген тұлғаларға теңестірілген тұлғалардың өздерінің жақын туыстары және (немесе) жұбайлары иеленетін лауазымдарға тікелей бағынысты лауазымдарды иеленуіне, сондай-ақ оларды тікелей бағынысында ұстауына тыйым салынады.

Өкілеттіктерді берудің ашық тетігі мен бағыныстылық схемаларының болмауы жұбайына қатысты субъективті басқарушылық шешімдер қабылдау (сыйлықақы беру, рөлдерді бөлу, графикті бекіту) және ұйым мен ұжымның мүдделеріне нұқсан келтіре отырып, жақын туысына заңсыз артықшылық беру үшін қызметтік жағдайды пайдалану тәуекелдерін тудырады.

Ұсынымдар:

  1. Сатып алуға қатысушылардың үлестестігі және мүдделер қақтығысының болуы тұрғысынан жүйелі мониторинг жүргізуді қамтамасыз ету, сондай-ақ әлеуетті өнім берушілер арасында бәсекелестік ортаны ынталандыру үшін лоттарды кеңейту мен техникалық ерекшеліктерді егжей-тегжейлі жазуды пысықтау;
  2. Бір іс-шараны жасанды түрде бөлуді болдырмау үшін сатып алудың бөлшектелуін бақылау;
  3. Ақылы қызметтердің құнын есептеу тәртібін бағаны айқындаудың объективті критерийлерімен әзірлеп, бекіту және ашықтықты қамтамасыз ету мен сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету үшін жариялау ұсынылады;
  4. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» ҚР Заңының 14-бабында белгіленген шектеулерді сақтау мақсатында Театр басшысының жұбайының қызметіне тікелей бағыныстылығын және әкімшілік ықпалын болдырмайтын функционалдық өзара іс-қимылдың ішкі схемасын әзірлеп, бекіту, сондай-ақ жақын туыстарға қатысты кадрлық және қаржылық шешімдер қабылдау кезінде мүдделер қақтығысы туралы міндетті хабарлау тетігін енгізу.

 

3.6 «Атырау облысы Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы» КММ қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау

КММ қызметін талдау барысында хабарландырулардың атауларын бұрыс көрсету арқылы мемлекеттік сатып алудың ашықтығы мен адал бәсекелестік қағидаттарын бұзу фактілері анықталды.

Мәселен, 2024 жылғы 1 ақпандағы №11544855-1 және 2024 жылғы 8 ақпандағы №11628106-1 сатып алуларда хабарландырудың нысанасы ретінде «Маркерлік тақтаға арналған ысқыш (губка)» көрсетілген. Алайда, лоттарды егжей-тегжейлі талдау барысында іс жүзінде өзге де кеңсе тауарларының кең тізімі (степлерлер, USB-адаптерлер, желім, тіркеу журналдары, құжаттарды тігуге арналған жіптер және т.б.) сатып алынатыны, ал жағдайлардың бірінде лоттар тізімінде ысқыштың (губканың) өзі мүлдем жоқ екені анықталды.

Сатып алынатын ТЖҚ (тауарлар, жұмыстар, қызметтер) нақты мазмұнына сәйкес келмейтін хабарландыру тақырыптарын қалыптастырудың мұндай тәжірибесі әлеуетті өнім берушілерді әдейі адастыру белгілерін қамтиды. Бұл сатып алуға қатысу үшін жасанды кедергілер жасайды, бәсекелестікті шектейді және атауы бойынша жалпы іздеуді айналып өтіп, лоттар туралы егжей-тегжейлі ақпаратқа қол жеткізе алатын «алдын ала белгіленген» субъектілерден сатып алу тәуекелдерін арттырады.

Ұсынымдар:

  1. Мемлекеттік сатып алу туралы хабарландырулар атауларының олардың нақты мазмұнына және лоттардың сипаттамаларына қатаң сәйкестігін қамтамасыз ету, тар немесе сәйкес келмейтін тақырыптарды пайдалану тәжірибесін болдырмау.
  2. Кешенді сатып алуды жоспарлау кезінде тауарлардың дұрыс классификациясын қолдану (мысалы, бір тауардың атауының орнына «Кеңсе тауарлары ассортиментте» деп көрсету), бұл бәсекелестікті жасанды шектеу тәуекелдерін барынша азайтуға және әлеуетті өнім берушілердің кең ауқымының қолжетімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

 

3.7 Лауазымдарды қоса атқару және жұмыс уақыты режимін сақтау кезіндегі тәуекелдер

«Дина Нұрпейісова атындағы Академиялық қазақ халық аспаптары оркестрі» КМҚК (бұдан әрі – Оркестр) кадр құрамын талдау барысында жекелеген қызметкерлердің шамадан тыс еңбек жүктемесіне және ықтимал мүдделер қақтығысына байланысты жүйелі тәуекелдер анықталды.

А.У.Б екі ұйымда жиынтық жүктемесі 2,0 штаттық бірлікті құрайтын еңбек қызметін жүзеге асыратыны анықталды («Д. Нұрпейісова атындағы Оркестр» КМҚК – 1,0 костюмші және 0,5 архивариус; Г. Сланов атындағы облыстық кітапхана – 0,5 архивариус).

ҚР Еңбек кодексінің 68 және 110-баптарына сәйкес, қоса атқару кезіндегі жұмыс уақытының жиынтық ұзақтығы белгіленген нормадан күніне 4 сағаттан аспауы тиіс (жиынтығында тәулігіне 12 сағаттан аспауы керек). 2,0 мөлшерлемедегі жұмыс іс жүзінде 16 сағаттық жұмыс күнін білдіреді, бұл барлық объектілерде еңбек функцияларын толыққанды орындау мүмкіндігін физикалық тұрғыдан жоққа шығарады. Бұл факт жұмыс орнында формальды түрде болу («өлі жандар») және жалақыны негізсіз төлеу тәуекелін тудырады.

Бұдан бөлек, әртүрлі мемлекеттік ұйымдарда бірдей лауазымдарды (архивариус) қоса атқару қызметтік құжаттама мен мұрағат қорларына бақылаусыз қол жеткізуге жағдай жасайды. Бұл ішкі ақпараттың жылыстауы, мұрағаттық материалдарды жеке мақсатта немесе үшінші тұлғалардың мүддесінде рұқсатсыз пайдалану тәуекелдерін туындатады.

Сонымен қатар, басшылық тарапынан қызметкердің негізгі жұмыс уақытында және қоса атқаратын жұмыс уақытында жұмыс орнында нақты болуына бақылаудың болмауы іс жүзінде жұмыс істелмеген уақыт үшін заңсыз табыс алуға жағдай жасайды.

Ұсынымдар:

  1. Жұмыс уақытын есепке алу жүйесіне (табельдерге) мониторинг жүргізу және сағаттардың «сәйкес келуі» (наложение) тұрғысынан екі ұйымдағы жұмыс кестелерін салыстыру.
  2. Жұмыс уақыты лимитінің бұзылуы (тәулігіне 12 сағаттан астам) анықталған жағдайда қоса атқарылатын жұмыс бойынша еңбек шарттарын бұзу мәселесін қарастыру.
  3. Мұрағаттық құжаттарға қол жеткізу тәртібін регламенттеу және сыртқы қоса атқару кезінде жұмыс істеу барысында қызметтік ақпараттың сақталуына бақылауды күшейту.
  4. Бұзушылықтар расталған жағдайда лауазымды тұлғаларға қатысты тиісті шаралар қабылдау.

 

3.8 Кадрлық қамтамасыз ету және біліктілік стандарттарын сақтау саласындағы тәуекелдер

Ведомстволық бағынысты ұйымдар (Нұрмұхан Жантөрин атындағы облыстық филармония, Махамбет атындағы облыстық академиялық қазақ драма театры) қызметкерлерінің жеке істерін талдау барысында қызметкерлердің білім деңгейінің атқаратын лауазымдарына сәйкес келмеу фактілері анықталды.

Атап айтқанда, Н. Жантөрин атындағы облыстық филармонияда әртістер лауазымдарын А.Т және Д.Е иеленіп отыр (олар 4-курс студенттері, алайда тексеру кезінде дипломдары болмаған). Сондай-ақ, М. Өтемісұлы атындағы академиялық қазақ драма театрында түрлі позицияларда бейінді білімі жоқ тұлғалар есепте тұр: актриса (Л.Н), дыбыс режиссері (Ж.Т), инженерлік-техникалық персонал (инженер Т.А, техник Б.Қ, техник-электрик М.И), сонымен қатар бірқатар қосымша қызмет қызметкерлері (реквизиторлар мен костюмшілер).

Қызметкерлерді біліктілік талаптарын айналып өтіп жұмысқа алу тәжірибесі ұйым басшыларына жеке қалауы мен лоялдылығына сүйене отырып, тұлғаларды жұмысқа орналастыру туралы шешімді дара қабылдауға мүмкіндік береді. Қалыптасқан жағдай болашақта осындай фактілердің жүйелі түрде қайталану тәуекелін тудырады, бұл кадр саясатының ашықтығына нұқсан келтіреді және қызметкерлерді басшылықтың лоялдылығына тікелей тәуелді етеді. Бұдан бөлек, біліктілігі жоқ техникалық персоналды (инженер, техник, электрик) күрделі объектілердегі жұмысқа жіберу қауіпсіздікке қатер төндіреді, бұл ықтимал авариялық жағдайлардың салдарын жасыру әрекеті кезінде лауазымдық құқық бұзушылықтарға әкеп соғуы мүмкін.

Ұсынымдар:

  1. Кадрларды субъективті іріктеу фактілерін болдырмау мақсатында кандидаттардың белгіленген талаптарға сәйкестігіне бақылауды күшейту бойынша шаралар қабылдау.
  2. Қазіргі қызметкерлердің кәсіби мәртебесін құжаттық растау үшін олардың біліктілігін арттыру немесе қайта даярлау мүмкіндігін қарастыру.
  3. Техникалық мамандықтар бойынша білімі туралы құжаттары жоқ тұлғалардың қауіптілігі жоғары объектілерде жұмыс істеуіне жол бермеу үшін шұғыл тексеру жүргізу.

3.9 Мемлекеттік сатып алу саласындағы тәуекелдер

«Атырау облысы Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының Тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығы» 2025 жылғы 15 сәуірде «200 тарихи-мәдени мұра нысанына тарихи-мәдени сараптама жүргізу» атауымен №14521523-1 хабарландыруын жариялады. Аталған хабарландырудың техникалық ерекшелігінде сараптамаға жататын нысандардың нақты тізімі шарт жасалғаннан кейін ғана берілетіні көрсетілген. Бұл ретте, нысандардың сипаттамасы мен олардың орналасқан жері толық көрсетілмегендіктен, жұмыс көлемін бағалау қиынға соғады, бұл басқа әлеуетті қатысушылар үшін бәсекелестікті шектеуі мүмкін. Сатып алу рәсімінің жоғарыда көрсетілген ашық еместігі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін арттырады, өйткені орындаушылар нақты бір мердігерге бейімделген шарттар арқылы артықшылықтар алуы мүмкін және мемлекеттік ресурстарды тиімсіз пайдалану ықтималдығын жоғарылатады. Айта кету керек, 2023 жылғы 12 шілдеде «200 тарихи-мәдени мұра нысанына тарихи-мәдени сараптама жүргізу» атауымен №10348265-1 хабарландыруы жарияланған болатын, онда 200 нысанның нақты тізімі мен олардың орналасқан жері көрсетілген, бұл рәсімнің ашықтығын және барлық қатысушылар үшін тең жағдайларды қамтамасыз еткен еді.

«Атырау облысы Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының Облыстық балалар кітапханасы» 2025 жылғы 22 сәуірде «Іс-шараларды өткізу бойынша қызметтер» атауымен №14572838-1 хабарландыруын жариялады. Сатып алу нысанасының түрі қызмет ретінде таңдалған, алайда техникалық ерекшелікте тауарларға жататын 42 зат (ойыншықтар, кеңсе тауарлары, кітаптар, кәдесыйлар және т.б.) тізілген. Жоғарыда көрсетілген сәйкессіздік өнім берушіні ашық емес таңдау тәуекелін тудырады, өйткені қатысушылар талаптар мен сатып алу құнын дұрыс бағалай алмайды. Бұдан бөлек, «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңның 6-бабына сәйкес, мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарын жасау кезінде тапсырыс беруші тауарларды, жұмыстарды, қызметтерді олардың біртекті түрлері мен жеткізілу орны бойынша лоттарға бөлуге міндетті. Алайда, бұл хабарландыруда 42 тауар бір лотқа біріктірілген, бұл бәсекелестікті шектейді, өйткені тек барлық позицияларды бір уақытта қамтамасыз ете алатын өнім берушілер ғана қатыса алады. Мұндай тәжірибе алдын ала белгіленген өнім берушіні таңдау және сөзге келу үшін қолайлы жағдайлар жасап, сыбайлас жемқорлық тәуекелін арттырады. Сондай-ақ, тауарлардың әртүрлі санаттарын бір лотқа біріктіру құнның негізсіз өсуі және бюджет қаражатын асыра пайдалану ықтималдығын жоғарылатады.

«Атырау облысы Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының Махамбет атындағы облыстық академиялық қазақ драма театры» 2024 жылғы 13 желтоқсанда «Ғимараттың техникалық паспортын дайындау» атауымен №13499674-1 хабарландыруын жариялады, онда жобалау және атқарушылық-техникалық құжаттаманы орындау бойынша техникалық ерекшелік тек ресми (орыс) тілде ұсынылған. 2025 жылғы 10 ақпандағы «Лицензиялық антивирусты орнату қызметтері» атауымен №13940523-1 хабарландыруы бойынша да ұқсас факт анықталды, техникалық ерекшелік тек ресми (орыс) тілде берілген. Бұл негізінен қазақ тілін меңгерген қатысушылардың қолжетімділігін шектеуге әкеп соғады, сондай-ақ орыс тілін меңгерген және құжаттаманың егжей-тегжейімен таныс алдын ала таныс өнім берушілерге артықшылық туғызады. Өз кезегінде, бұл жиынтықта сыбайлас жемқорлық тәуекелін тудырады, өйткені біржақты тілдік ерекшелік іс жүзінде бәсекелестікті шектейді және келісімшартты нақты бір өнім берушіге беру үшін пайдаланылуы мүмкін.

Сондай-ақ, талдау барысында мемлекеттік сатып алу порталында орналастырылған төмендегі хабарландырулардың техникалық ерекшеліктерінде концерттер, конкурстар және өзге де іс-шараларды өткізу шеңберінде адамдардың шектеулі тобы үшін тамақтануды (мейрамханалық кешкі астар, фуршеттер, түскі астар) ұйымдастыруға арналған шығыстар жүйелі түрде қарастырылғаны анықталды.

  1. 2024 жылғы 4 қыркүйектегі №12990077-1 хабарландыру — «Атырау - ардақты өлкем» республикалық эстрадалық орындаушылар конкурсы аясында 30 адамға мейрамханада кешкі ас қарастырылған.
  2. 2025 жылғы 13 наурыздағы №14257767-1 хабарландыру — «Інжу-Маржан» концерті аясында 30 адамға мейрамханада кешкі ас қарастырылған.
  3. 2025 жылғы 3 наурыздағы №14171466-1 хабарландыру — «Еуразия кубогы» халықаралық баянистер конкурсы аясында 12 адамға түскі ас (16, 17, 18 сәуір) және 35 адамға мейрамханада кешкі ас қарастырылған.
  4. 2025 жылғы 17 шілдедегі №15106521-1 хабарландыру — ҚР Конституциясы күніне (30 тамыз) арналған салтанатты іс-шара аясында 12 адамға фуршет қарастырылған.
  5. 2025 жылғы 3 сәуірдегі №14418291-1 хабарландыру — Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне (21 мамыр) арналған салтанатты іс-шара аясында 120 адамға дастархан қарастырылған.
  6. 2025 жылғы 3 сәуірдегі №14418115-1 хабарландыру — Отан қорғаушылар күніне (7 мамыр) арналған салтанатты іс-шара аясында 12 адамға дастархан қарастырылған.
  7. 2024 жылғы 4 қыркүйектегі №12990077-1 хабарландыру — «Атырау - ардақты өлкем» республикалық эстрадалық орындаушылар конкурсы аясында 30 адамға мейрамханада кешкі ас қарастырылған.
  8. 2024 жылғы 4 қыркүйектегі №12989825-1 хабарландыру — Ғарифолла Құрманғалиевтің 115 жылдығына арналған конкурс аясында 15 адамға мейрамханада кешкі ас қарастырылған.
  9. 2024 жылғы 4 қыркүйектегі №12989759-1 хабарландыру — «Нарын» халық аспаптары оркестрінің концерті аясында 20 адамға мейрамханада кешкі ас қарастырылған.
  10. 2024 жылғы 5 сәуірдегі №12090871-1 хабарландыру — Отан қорғаушылар күніне (7 мамыр) арналған іс-шара аясында 12 адамға фуршет және 15 адамға мейрамханада кешкі ас қарастырылған.
  11. 2024 жылғы 27 ақпандағы №11801343-1 хабарландыру — Классикалық музыка және ән кеші аясында 15 адамға фуршет қарастырылған.
  12. 2024 жылғы 20 ақпандағы №11738565-1 хабарландыру — «Сағындырған сырлы саз» концерті аясында 15 адамға мейрамханада кешкі ас қарастырылған.
  13. 2024 жылғы 19 ақпандағы №11724036-1 хабарландыру — Халықаралық әйелдер күніне арналған салтанатты іс-шара аясында 12 адамға фуршет қарастырылған.
  14. 2024 жылғы 27 ақпандағы №11801519-1 хабарландыру — Күлкі күніне (1 сәуір) арналған концерт аясында 20 адамға мейрамханада кешкі ас қарастырылған.
  15. 2024 жылғы 23 ақпандағы №11779766-1 хабарландыру — «Жыр алқабы Атырау» концерті аясында 15 адамға мейрамханада кешкі ас қарастырылған.
  16. 2024 жылғы 24 қаңтардағы №11472265-1 хабарландыру — Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентін Ауғанстаннан шығарудың 35 жылдығына арналған іс-шара аясында 12 адамға фуршет қарастырылған.
  17. 2023 жылғы 16 маусымдағы №10219804-1 хабарландыру — Балықшылар күніне арналған іс-шара аясында 12 адамға фуршет қарастырылған.
  18. 2023 жылғы 14 шілдедегі №10361839-1 хабарландыру — Есеп беру концерті аясында 12 адамға фуршет қарастырылған.
  19. 2023 жылғы 30 қарашадағы №11107203-1 хабарландыру — «Текті жыры сазымен, бабалар рухын оятам» іс-шарасы аясында 12 адамға фуршет қарастырылған.
  20. 2023 жылғы 30 қарашадағы №11107141-1 хабарландыру — «Атырау – алыптар мекені» концерті аясында 12 адамға фуршет қарастырылған.
  21. 2023 жылғы 8 қарашадағы №10984924-1 хабарландыру — «Армысың, ардақты Ақжайығым» концерті аясында 15 адамға фуршет және мейрамханада кешкі ас қарастырылған.
  22. 2023 жылғы 2 қарашадағы №10950349-1 хабарландыру — «Күй күмбірі» концерті аясында 15 адамға мейрамханада кешкі ас қарастырылған.
  23. 2023 жылғы 22 қарашадағы №10950341-1 хабарландыру — «Жайықтың жампоз жыраулары» конкурсы аясында 12 адамға түскі ас және 15 адамға мейрамханада кешкі ас қарастырылған.
  24. 2023 жылғы 10 қазандағы №10817894-1 хабарландыру — Филармония әртістерінің концерті аясында 12 адамға фуршет қарастырылған.
  25. 2023 жылғы 10 қазандағы №10816845-1 хабарландыру — Есеп беру концерті аясында 12 адамға фуршет қарастырылған.
  26. 2023 жылғы 14 шілдедегі №10362157-1 хабарландыру — Есеп беру концерті аясында 12 адамға фуршет қарастырылған.
  27. 2023 жылғы 14 шілдедеғы №10362060-1 хабарландыру — «Жайықтың жампоз жыраулары» конкурсы аясында 12 адамға фуршет және іс-шарадан кейін 60 адамға мейрамханада кешкі ас қарастырылған.
  28. 2023 жылғы 14 шілдедегі №10361948-1 хабарландыру — «Нарын халық аспаптары» концерті аясында 12 адамға фуршет қарастырылған.

Мейрамханалардағы фуршеттер, түскі және кешкі астар барлық маңызды іс-шараларға (конкурстар, концерттер, мерекелік даталар) енгізілген, бұл аталған шығыстарды қосудың жүйелі сипатын көрсетеді. Техникалық ерекшеліктерге тамақтану қызметтерін (әсіресе мейрамханалық деңгейдегі) енгізу мәдени іс-шараларды өткізу мақсаттарымен тікелей байланысты болмауы мүмкін және басым мемлекеттік функцияларға жатпайды. Бұл бюджет қаражатын мақсатсыз пайдалану тәуекелін тудырады. Көптеген жағдайларда тамақтануды дәл осы мейрамханалық қызметтер немесе фуршеттер форматында ұйымдастыру қажеттілігінің нақты негіздемесі, сондай-ақ қызмет көрсетілетін адамдар санын айқындау критерийлері жоқ.

Жоғарыда көрсетілген 28 хабарландырудың техникалық ерекшеліктерін егжей-тегжейлі зерделеу барысында тамақтану форматын (фуршет, түскі ас, кешкі ас) көрсетуден бөлек, оларда мәзір құрамына қойылатын талаптар да бар екені анықталды. Атап айтқанда, бірқатар техникалық ерекшеліктерде мәзірге деликатес өнімдерін қосу, атап айтқанда қызыл және қара уылдырықтың, сондай-ақ албырт (лосось) пен балық балығы (балык) қосылған балық кесінділерінің міндетті түрде болуы қарастырылған. Айта кету керек, қызыл және қара уылдырық, албырт және балық балығы сияқты деликатестерді қосу тамақтану қызметтерінің құнын айтарлықтай арттырады. Қымбат өнімдердің болуына қойылатын талаптар әрдайым мәдени іс-шараларды өткізу мақсаттарына негізделмейді және бюджет қаражатын ұтымды пайдалану қағидаттарына сәйкес келмейтін артық сипатта болуы мүмкін.

Сонымен қатар, талдау барысында барлық 28 хабарландыруда тамақтану қызметтері (фуршеттер, түскі астар, кешкі астар) іс-шараларды ұйымдастыру бойынша кешенді сатып алулардың құрамына енгізілгені және жеке лоттарға немесе дербес хабарландыруларға бөлінбегені анықталды. Салыстыру мақсатында басқа облыстардағы филармониялардың мемлекеттік сатып алу бойынша хабарландырулары іріктеп зерделенді, нәтижесінде мәдениет саласындағы басқа ұйымдар түрлі іс-шараларға қатысушылар үшін тамақтану қызметтерін «Іс-шараға қатысушыларды тамақтандыру қызметтері» КТЖҚ (ТРУ) кодымен жеке хабарландырулармен жариялағаны анықталды.

Мысалы, Қостанай облысы әкімдігі Мәдениет басқармасының «Е. Өмірзақов атындағы Қостанай облыстық филармониясы» 2025 жылғы 12 қарашада №15687681-1 «Іс-шараға қатысушыларды тамақтандыру қызметтері» хабарландыруын жариялады. Онда ұсынылған техникалық ерекшелікте (Қостанай қ.) тамақтану қызметтері дербес сатып алу нысанасы ретінде бөлінген, сондай-ақ нақты сипаттамаға (таңғы ас, түскі ас, кешкі ас) ие. Сонымен қатар, аталған филармонияның мәзірінде деликатес өнімдерін ұсыну туралы талаптарсыз, күнделікті деңгейдегі қарапайым, стандартты мәзір (қуырылған жұмыртқа, ботқа, сорпалар, ет тағамдары, салаттар, шай/кофе) көрсетілген.

Павлодар облысы Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының «Иса Байзаков атындағы Павлодар облыстық филармониясы» 2024 жылғы 26 қаңтарда №11488476-1 «Іс-шараларға қатысушыларды тамақтандыру және орналастыру бойынша қызметтер» хабарландыруын жариялады, онда техникалық ерекшелікте 2024 жыл ішінде әртістерді, қонақтарды және іс-шараларға қатысушыларды орналастыру және тамақтандыру бойынша қызметтер көрсету қажеттігін белгіледі. Сонымен қатар, техникалық ерекшелікте түскі және кешкі ыстық тамақ мәзірі 2 АЕК-тен аспауы тиіс екендігі көрсетілген, яғни тамақтануға шекті сомалар белгіленген, бұл шығыстардың ашықтығын және бюджет қаражатын ұтымды пайдалануды бақылауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Ұсынымдар:

  1. Тапсырыс берушілер сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау үшін шарт жасалғанға дейін барлық нысандардың егжей-тегжейлі сипаттамасы мен нақты орналасқан жерін техникалық ерекшелікке енгізуі қажет.
  2. Тауарлар мен қызметтерді «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңға қатаң сәйкестікте, оларды негізсіз біріктіруге жол бермей, біртекті түрлері бойынша лоттарға бөлу талап етіледі.
  3. Барлық әлеуетті өнім берушілердің тең қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін техникалық құжаттаманың мемлекеттік және ресми тілдерде міндетті түрде ұсынылуын қамтамасыз ету қажет.
  4. Бюджеттің мақсатсыз пайдаланылу тәуекелдерін болдырмау және сатып алудың ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында іс-шараларды ұйымдастыру бойынша кешенді қызметтер құрамына артық өкілдік шығыстарды (мейрамханалық қызмет көрсету, деликатестер) енгізу тәжірибесін алып тастау қажет. Ол үшін қатысушыларды тамақтандыру қызметтерін дербес сатып алу нысанасы (жеке лот) ретінде бөлу керек. Техникалық ерекшеліктерде тамақтанудың шекті құнын белгілеу және қымбат өнімдерді қоспайтын стандартты мәзірді бекіту ұсынылады.

 

3.10 Мәдениет ұйымдарының материалдық құндылықтарын сыртқа шығару тәуекелдері

Пайдалану сипаты қозғалмалы болып табылатын сахналық жабдықтарды, костюмдерді, реквизиттерді және өзге де материалдық құндылықтарды пайдаланумен байланысты мәдениет мекемелерінде әлеуетті сыбайлас жемқорлық тәуекелінің бар екенін атап өткен жөн. Аталған мүлік дайындықтар, өнер көрсетулер және өзге де шығармашылық іс-шараларды өткізу үшін мекеме шекарасынан тыс жерлерге уақытша шығарылуы мүмкін болғандықтан, тиісті есептің, материалдық құндылықтарды беру мен қайтаруды бақылаудың, сондай-ақ оларды пайдаланудың регламенттелген рәсімдерінің болмауы жағдайында оларды жеке немесе өзге де мақсаттарда рұқсатсыз пайдалану үшін жағдайлар туындауы мүмкін. Мәселен, жекелеген ұйымдарда (филармония) мұндай мүлікті пайдалануға бекітілген ақылы қызметтер прейскурантына сәйкес жалға беру арқылы заңды негізде жол беріледі. Сонымен қатар, мұндай қызметтер ресми түрде қарастырылмаған мекемелерде сахналық мүлікті бейресми пайдалану тәуекелі бар, бұл ішкі есепке алу және бақылау шараларын күшейтуді талап етеді.

Ұсыным:

  1. Әлеуетті сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайту мақсатында сахналық костюмдерді, реквизиттерді, жабдықтарды және өзге де материалдық құндылықтарды беру мен қайтару тәртібін регламенттеу, тиісті есепке алу журналдарын (актілерін) жүргізу, материалдық жауапты тұлғаларды бекіту, сондай-ақ мерзімді түгендеу жүргізу арқылы оларды пайдалануды тиісті есепке алу мен бақылауды қамтамасыз ету ұсынылады. Бұдан бөлек, аталған мүлікті қызметтік қызметтен тыс рұқсатсыз пайдалануды болдырмайтын ішкі рәсімдерді қарастыру орынды.

3.11 Ведомстволық бағынысты ұйымдардағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенсті институционалдық дамытудағы тәуекелдер

Мәдениет басқармасының ведомстволық бағынысты ұйымдарының қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізу шеңберінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметінің ұйымдастырылуына зерделеу жүргізілді. Ведомстволық бағынысты мәдениет ұйымдарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенсті ұйымдастыруда бірыңғай тәсілдің жоқ екендігі анықталды.

Негізгі тәуекел шаруашылық жүргізу құқығындағы 11 кәсіпорында (МКҚК) қызметті институционалдық нығайтуға формальды түрде қарауда болып отыр. Олардың жетеуінде, соның ішінде облыстық филармонияда, академиялық оркестрде, халық шығармашылығы орталығында және бірқатар аудандық мұражайларда сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс функциялары қызметкерлерге негізгі лауазымымен қатар қосымша жүктелген немесе 0,5 штаттық бірлік жағдайында орындалады. Мәселен, аталған функциялар, соның ішінде заңгерге, әдіскерге, қор сақтаушыға, экскурсоводқа және мәдениет мекемелерінің өзге де қызметкерлеріне жүктелген.

Мұндай тәжірибе қызметкерлердің сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдауды толыққанды жүргізу және сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулердің сақталуына сапалы мониторингті жүзеге асыру мүмкіндіктерін объективті түрде шектейді. Жекелеген жағдайлар сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс функцияларын кадрлық немесе заңгерлік қызметпен қоса атқаруды көрсетеді, бұл мүдделер қақтығысының туындауына алғышарттар жасауы мүмкін.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңының талаптарына сәйкес, сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметінің функцияларын орындайтын жауапты тұлға ықтимал мүдделер қақтығысы ескеріле отырып айқындалады, бұл ретте сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметінің функцияларын субъектінің басқа құрылымдық бөлімшелерінің функцияларымен қоса атқаруға жол берілмейді.

Бұл ретте, жекелеген ведомстволық бағынысты ұйымдар қызметкерлердің штаттық санының аздығымен сипатталатынын, соған байланысты жеке комплаенс-офицер штаттық бірлігін енгізу қиындық тудыруы мүмкін екенін ескеру қажет. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс функциялары мүдделер қақтығысына жол бермеу және комплаенс-бақылаудың тәуелсіздігін қамтамасыз ету туралы заңнама талаптарын сақтай отырып, нақты лауазымды тұлғаға бекітілуі тиіс.

Осылайша, анықталған мән-жайлар мәдениет басқармасының ведомстволық бағынысты ұйымдарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенсті институционалдық қамтамасыз етудің жеткіліксіздігінен көрінетін сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің туындауына ықпал ететін ұйымдастырушылық факторлардың бар екенін айғақтайды.

Ұсынымдар:

  1. Мәдениет басқармасы тиісті функцияларды лауазымды тұлғаларға бекіту арқылы барлық ведомстволық бағынысты ұйымдарда сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенстің жұмыс істеуін қамтамасыз ету мәселесін қарастырсын;
  2. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс функцияларын кадрлық, қаржы-шаруашылық қызметпен және мүдделер қақтығысын тудыруы мүмкін өзге де функциялармен қоса атқаруды болдырмай, комплаенс-офицерлердің ұйымдастырушылық тәуелсіздігін қамтамасыз ету;
  3. Ведомстволық бағынысты ұйымдардың штат кестелерін сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенстің тиісті түрде жұмыс істеуін қамтамасыз ету бөлігінде қайта қарау мүмкіндігін қарастыру.

Жоғарыда айтылғандардың негізінде Басқармаға мыналар ұсынылады:

  1. Жіберілген бұзушылықтар мен бар сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою бойынша іс-шаралар жоспарын әзірлеу және Департаментпен келісу;
  2. Анықтамада жазылған әрбір факт бойынша тексеру іс-шараларын жүргізу және алдағы уақытта мұндай бұзушылықтарға жол бермеу бойынша шаралар қабылдау.

 

Дата публикации
29 апреля 2026