Мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсету – заң талабы
Мемлекеттік рәміздер – тәуелсіз елдің айбынын айқындайтын, халықтың рухын көтеретін қасиетті нышандар. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы, Мемлекеттік Елтаңбасы және Мемлекеттік Гимні – еліміздің егемендігі мен бірлігінің символы. Сондықтан мемлекеттік рәміздерге құрметпен қарау – әрбір азаматтың борышы әрі заң талаптарының бірі.
Қазақстан Республикасында мемлекеттік рәміздерді қолдану және қорғау тәртібі 2007 жылғы 4 маусымдағы «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық заңымен реттеледі. Аталған заңға сәйкес мемлекеттік органдар, ұйымдар және азаматтар мемлекеттік рәміздерді белгіленген талаптарға сай пайдаланып, оларға құрмет көрсетуге міндетті.
Мемлекеттік рәміздер – ел тәуелсіздігінің басты белгілерінің бірі болғандықтан, оларды кеңінен насихаттау маңызды. Бүгінде білім беру мекемелерінде, мемлекеттік ұйымдарда және қоғамдық орындарда рәміздердің маңызы түсіндіріліп, түрлі патриоттық іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Мұндай жұмыстар қоғамда отансүйгіштік сезімді нығайтып, жас ұрпақтың елге деген құрметін арттыруға ықпал етеді.
Сонымен қатар, мемлекеттік рәміздерді пайдалану кезінде заң талаптарын сақтау міндетті. Мемлекеттік Ту мен Елтаңба белгіленген ұлттық стандарттарға сәйкес дайындалып, тиісті орындарда дұрыс орналастырылуы тиіс. Уақыт өте келе тозған немесе бүлінген рәміздерді уақтылы ауыстыру қажет.
Бұл талаптар Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2023 жылғы 8 маусымдағы №137 бұйрығымен бекітілген мемлекеттік рәміздерді ауыстыру қағидаларында нақты көрсетілген. Аталған құжатқа сәйкес ұлттық стандарттарға сәйкес келмейтін немесе бүлінген мемлекеттік рәміздер міндетті түрде ауыстырылуы тиіс.
Мемлекеттік рәміздерді қорлау немесе оларды заң талаптарын бұза отырып пайдалану жауапкершілікке әкеледі. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 372-бабына сәйкес мемлекеттік рәміздерді қорлағаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Ал Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 458-бабына сәйкес мемлекеттік рәміздерді пайдалану тәртібін бұзған тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
Мемлекеттік рәміздер – халқымыздың тарихын, мәдениетін және тәуелсіздігін бейнелейтін қастерлі белгілер. Оларды қадірлеу, дұрыс пайдалану және кеңінен насихаттау – әрбір азаматтың ортақ міндеті. Мемлекеттік рәміздерге деген құрмет – Отанға деген құрметтің жарқын көрінісі.
Аудандық ішкі саясат бөлімі