Берік отбасы – ауыл болашағының кепілі

                             Берік отбасы – ауыл болашағының кепілі


       Ауыл – ұлттың алтын бесігі. Қазақ халқы ежелден ауылды тіршіліктің тамыры, тәрбиенің қайнар көзі деп бағалаған. Ал сол ауылдың тірегі – отбасы. Берік отбасы бар жерде тәрбие бар, бірлік бар, еңбек бар. Сондықтан «Берік отбасы – ауыл болашағының кепілі» деу бекер емес.
      Отбасы – әр адамның алғашқы мектебі. Бала ең алдымен ата-анасының өнегесін көріп өседі. Үлкенге құрмет, кішіге ізет, адал еңбек, туған жерге сүйіспеншілік сияқты құндылықтар отбасында қалыптасады. Егер ата-ана өзара сыйластықта өмір сүріп, баласына дұрыс бағыт-бағдар берсе, ондай шаңырақтан елге пайдасы тиетін азамат өсіп шығады. Мұндай ұрпақ ауылдың да, елдің де дамуына үлес қосады.
      Ауыл өмірі – еңбекпен тығыз байланысты. Мал шаруашылығы, егін егу, кәсіпкерлік – бәрі де отбасының ауызбіршілігін талап етеді. Ынтымағы жарасқан жанұя қиындыққа мойымайды, табысын арттыруға ұмтылады. Бірлігі мықты отбасы ауыл экономикасының нығаюына ықпал етеді. Себебі әр шаңырақтың тұрақтылығы – тұтас қоғамның тұрақтылығы.
      Қазіргі заманда жастардың ауылда тұрақтап қалуы да отбасының беріктігіне байланысты. Жылы ұя, түсіністік пен қолдау бар жерде жас буын өз болашағын туған жерде көруге талпынады. Бұл ауылдың босап қалмауына, мәдениеті мен дәстүрінің сақталуына әсер етеді. Ұрпақ сабақтастығы үзілмей, ұлттық құндылықтар жалғасын табады.
      Қорытындылай келе, ауылдың ертеңі – берік отбасылардың қолында. Әр шаңырақта татулық пен сыйластық орнаса, ауыл көркейіп, дамиды. Сондықтан отбасы құндылығын сақтау – баршамыздың ортақ міндетіміз. Берік отбасы бар жерде – баянды болашақ бар.

Тайсойған ауылдық округінің бас маманы  Нухесова Үміт Нұхесқызы

Берік отбасы – ауыл болашағының кепілі
Дата публикации
02 марта 2026