Өмірбаян
Ахмедов Аккали 1914 жылы туған. Білімі орта. 1930-1935 жж. Гурьев қаласында мемлекеттік мекемелерде қатардағы қызметкер болып жұмыс жасаған.
1935-1939 жж. Еспол аудандық қаржы бөлімінде инспектор болып жасап, 1939-1940 жж. Еспол аудандық атқару комитетінде жауапты секретарь болып жұмыс жасап жүрген кезде Совет армиясы қатарына шақырылған.
1940-1943 жж. Ұлы Отан соғысына қатысып, Москва, Сталинград шайқасында №173 Мотострелковый дивизиясында “заместитель командира рота политической части” аға лейтенанты атағымен үш жерден ауыр жарақат алып, елге оралған. Елге келгеннен кейін 1943-1946 жж. Еспол аудандық Совет атқару комитетінің председателінің орынбасары болып жұмыс жасаған. 1946-1948 жж. Еспол аудандық ауыл шаруашылығының бөлім меңгерушісі болып жасап, 1948-1949 жж. Алматы қаласында бір жылдық ауыл шаруашылық бөлім меңгерушілерінің дайындық курсында оқып, білім алған. 1949-1952 жж. Гурьев облыстық Советі атқару комитетінде селолық құрылыс бөлімі басқармасының басшысы болып жасады. Бұдан кейін 1952-1953 жж. Гурьев облысы Маңғыстау аудандық ауыл-шаруашылығының басшысы, 1953-1955 жылдары Гурьев облысы Маңғыстау ауданында МТС-та партия бюросының жауапты секретарі болып жасады. 1955-1962 жж. Гурьев облысы Маңғыстау ауданында “Еңбек” колхозының председателі қызметін атқарды. Осы жылдары колхоздың экономикасын жоғары деңгейге көтергені үшін Одақтың ауыл шаруашылық көрмесіне қатысып, жоғары награда “Еңбек-Қызыл ту” орденімен марапатталған.
1962-1964 жж. Гурьев облысы, Қызылқоға ауданында Ленин атындағы совхоздың №4 ферма меңгерушісі, 1964-1970 жж. Гурьев облысы, Қызылқоға ауданы, Сағыз селосының Совет атқару комитетінің председателі болып қызмет жасады. 1970 ж. бастап Қызылқоға ауданында өмірінің соңғы күніне дейін жүн-тері өнімдерін дайындау бөлімінде директор қызметін атқарған.
Көп жылдар бойы КПСС және пленум мүшесі болған. Еспол, Маңғыстау аудандарында еңбек еткен жылдары аудандық Советтің депутаты болып қызмет атқарған. Соғыс мезгілінде алған медальдары бар.