Фрилансерлерге не үшін ерікті зейнетақы жарналарын төлеу қажет және бұл жарналардың қандай артықшылықтары бар?
Егер салымшы болашақта алатын зейнетақы мөлшерін ұлғайтқысы келсе, онда ол зейнетақы қорына ерікті зейнетақы жарналарын (ЕЗЖ) тұрақты түрде аударып отыруы қажет. ЕЗЖ-ның көптеген артықшылықтары бар. Мысалы, салымшы жарна көлемін, ЕЗЖ аудару жиілігін және зейнетақы жинақтарын алу тәртібін өзі анықтайды. ЕЗЖ-ны екінші деңгейлі банктер арқылы немесе жұмыс берушіге өтініш беру жолымен төлеуге болады.
Айта кету керек, ерікті жарналарды тек салымшының өзі ғана емес, кез келген үшінші тұлға — мысалы, жұбайы, ата-анасы, туыстары, тіпті кәмелетке толмаған баласы да салымшының зейнетақы шотына аудара алады.
Ерікті зейнетақы жарналары бойынша жеке зейнетақы шотын (ЖЗШ) ашу үшін БЖЗҚ кеңсесіне барудың қажеті жоқ. ЖЗШ алғашқы жарна түскен кезде автоматты түрде ашылады.
Қазақстанда ЕЗЖ-ның салықтық артықшылықтары бар. Мысалы, жұмыс беруші қызметкерінің пайдасына аударған ерікті жарналар жеке тұлғаның кірісі ретінде қарастырылмайды. Ал жұмыс беруші үшін бұл шығыстар корпоративтік табыс салығын есептеу кезінде шегеріледі. Яғни бұл жағдайда жұмыс беруші салықтық жеңілдіктерге ие болады.
ЕЗЖ, барлық міндетті зейнетақы жарналары сияқты, инвестицияланады және салымшыларға табыс әкеледі. Зейнетақы активтерін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі басқарады. Сонымен қатар, ЕЗЖ есебінен қалыптасқан зейнетақы жинақтарын толық көлемде Инвестициялық портфельді басқарушыларға (ИПБ) беруге болады. Ал міндетті және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары бойынша жинақтардың тек 50%-ын ғана аударуға рұқсат етіледі.
Айта кетейік, ЕЗЖ есебінен зейнетақы төлемдерін 50 жастан бастап алуға болады.