Кәсіпкерлердің 48,3 пайызы – әйелдер.
Ауданда тіркелген 1796 кәсіпкерлердің 48,3 пайызы әйел адамдар болса, оның 16,8 пайызы қызмет көрсетумен айналысады. Өткен жылы қаржыланған жобалардың 46,7 пайызы әйел адамдарға тиесілі болса, «Бір ауыл -бір өнім» жобасына қатысқан екі кәсіпкер әйел 5 млн.теңге қайтарымсыз грантқа ие болды.
Гендерлік саясат – әйелдер мен ерлердің тең құқықтары мен міндеттерін қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік немесе қоғамдық саясат. Бұл саясат үлкен мекемелерде ғана емес, қарапайым адамдар айналысатын салаларда да маңызды. Соның ішінде қолөнершілікпен айналысатын адамдар өз еңбегін әділ бағалатып, қолдауға ие болуы керек. Бүгінде киіз басу, кесте тігу, зергерлік, ағаш пен тері өңдеу сияқты жұмыстармен көбіне әйелдер айналысқанымен, бұл салада ерлердің де үлесі аз емес.
Қазіргі таңда гендерлік саясаттың арқасында бұл сала жаңа серпін алуда. Осы орайда айта кететін жайт, өткен жылдың 21-23 қарашасында «Zhaiyk Brend Fest-2024» фестиваль-көрмесіне ауданнан оннан нан аса қолөнершілеріміз қатысып ұлттық өнерімізді ұлықтады.
Сонымен қатар, әйелдер мен ерлерге кәсіп бастауға тең жағдай жасау үшін заңдық және қаржылық тетіктер жетілдірілуде. Қолөнершілер арасында әйелдер қауымдастықтары құрылып, олар өзара тәжірбие алмасып, гендерлік теңдік бағытында жобаларды жүзеге асырып жатыр.
Наурыз айының басында «Қазақстанның кәсіпкерлер әйелдерінің одағы» қауымдастығы нысанындағы Атырау облысы бойынша «Шапағат ҮЕҰ» қоғамдық бірлестігінің Президенті Айгүл Баямированың ұйымдастыруымен «Ауыл әйелдер форумы» өткізілді. Шараның мақсаты - үйде отырған ауыл әйелдерін кәсіпкерлікке баулу, кәсіптерін ашуға жәрдемдесу және мемлекет тарапынан беріліп жатқан несие, мемлекеттік грант, субсидия түрлерімен таныстыру. Ауданнан 20-дан аса ауыл әйелдері, яғни қолөнершілер мен кәсіппен айналысуға ниетті жандар қатысты.
Қолөнершілік тек табыс көзі ғана емес, ұлттық мұраны сақтап, дамыту жолы. Бұл салада ерлер мен әйелдердің бірдей мүмкіндіктерге ие болуы – қоғамның дамуына, ауыл-аймақтың өркендеуіне үлес қосады. Гендерлік саясат осы теңдікті қамтамасыз етіп, әр адамға өз ісін өркендетуге жол ашып отыр.
Қызылқоға аудандық кәсіпкерлік және
ауыл шаруашылығы бөлімі бас маманы:
Орынғали Тоғжан