ҚЫЗЫЛҚОҒА АУДАНЫНДА КӨКТЕМГІ КӨРКЕЙТУ ЖҰМЫСТАРЫ АУҚЫМДЫ ТҮРДЕ ӨТТІ
Бүгін 26 сәуір күні Қызылқоға ауданында «Бүкіл қазақстандық ағаш отырғызу күні» аясында және көктемгі санитарлық тазалық айлығы шеңберінде жалпы аудандық сенбілік ұйымдастырылды. Табиғатты аялау, ауылдарды абаттандыру және экологиялық мәдениетті арттыру мақсатында өткізілген бұл игі шараға барлығы 930 адам мен 9 арнайы техника жұмылдырылды.
Сенбілік барысында аудан аумағынан 78,8 тонна тұрмыстық және басқа да қалдықтар жинақталып, тиісті орындарға жеткізілді. Сонымен қатар, ауданның барлық елді мекендерінде көгалдандыру жұмыстары қарқынды жүргізіліп, жалпы саны 772 түп жасыл желек отырғызылды.
Миялы ауылдық округінде ауыл көшелері тазартылып, ағаш түптері мен жиектері әктелді. Іске 300-ге жуық мекеме қызметкерлері мен 1 вакуум автокөлігі қатысып, үлкен белсенділік танытты. «Бүкіл қазақстандық ағаш отырғызу күні» аясында «Соғыстан оралмағандар» саябағы мен мекемелердің алдына 450 түп терек, қара тал және үйеңкі көшеттері отырғызылды.
Жамбыл ауылдық округінде өткен шара барысында 43 тұрғын белсенділік танытып, мекемелердің маңайына 210 түп ағаш егілді.
Жангелдин ауылдық округінде 60 адам және 1 трактор тіркемесі жұмылдырылып, 4 тонна қоқыс жиналып, ауыл көшелері мен сыртқы аумақтар тазаланды.
Көздіғара ауылдық округінде ауылішілік көшелер мен мекеме аумақтары тазартылып, ағаш түптері әктеліп, жаңадан егілген және өсіп тұрған ағаштарға су құю жұмыстары жүргізілді. Жалпы сенбілікке 65 адам мен 1 трактор тіркемесі қатысты.
Қызылқоға ауылдық округінде 45 адам мен 1 техника күш біріктіріп, 3 тонна тұрмыстық қалдықтарды жинап, арнайы орындарға жеткізді.
Ойыл ауылдық округінде ауылдың кіреберіс жолдары мен көшелері қоқыстан тазартылып, 1,3 тонна қоқыс шығарылды. Бұл іске 54 адам және 1 автокөлік жұмылдырылды.
Тайсойған ауылдық округінде ауыл маңы мен ішкі көшелер қоқыстан тазартылып, 60 адам қатысып, 0,5 тонна қоқыс арнайы орынға жеткізілді. Сондай-ақ, мектеп түлектері өздерінің туған мектебінің ауласына 30 түп ағаш көшеттерін отырғызып, үлгі көрсетті.
Мұқыр ауылдық округінде сенбілік пен көгалдандыру шаралары жоғары деңгейде өтті. 73 адам мен 1 техника жұмылдырылып, ауылішілік көшелер мен мекеме маңайлары тазартылды. Нәтижесінде 9 тонна қоқыс жиналды. Сонымен бірге, Мұқыр ауылдық дәрігерлік амбулаториясы мен мектеп ауласына 22 қара тал егілді.
Сағыз ауылдық округінде ауқымды жұмыстар атқарылып, 200 адам мен 1 техника жұмылдырылды. 60 тонна қоқыс арнайы орындарға шығарылып, 60 түп ағаш отырғызылды.
Тасшағыл ауылдық округінде ауылдың сыртқы және ішкі аймақтары тазаланып, 30 адам мен 1 техника жұмылдырылды. Нәтижесінде 1 тонна қоқыс жиналды.
Аудан бойынша өткізілген сенбілік пен ағаш отырғызу жұмыстары туған жерді көркейтуге, қоршаған ортаны қорғауға және экологиялық сананы қалыптастыруға бағытталды. Қызылқоға ауданы тұрғындарының белсенділігі мен ұйымшылдығының арқасында ауылдардың келбеті ажарланып, көктемнің жарқын нышанына айналды.
ҚЫЗЫЛҚОҒА АУДАНЫ ӘКІМДІГІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ.