Ұзақ мерзімді кезеңде жинақталған инвестициялық кірістілік инфляциядан айтарлықтай асып түсіп, одан әрі еселене түсуде

АҚПАРАТТЫҚ ХАБАРЛАМА

Ұзақ мерзімді кезеңде жинақталған инвестициялық табыстылық инфляциядан едәуір жоғары және өсуін жалғастыруда

1998 жылы жинақтаушы зейнетақы жүйесі құрылған сәттен бастап 2025 жылғы 1 ақпанға дейінгі кезеңде жинақталған инвестициялық табыстылық жиынтық түрде 966,41%-ды құрады. Осы кезеңдегі инфляция деңгейі 837,99% болды.

Айта кету керек, зейнетақы жинақтары – ұзақ мерзімді инвестиция. Сондықтан инвестициялық табыстың мөлшерін кемінде бір жылдық кезең бойынша талдаған жөн. Қысқа мерзімді (апталық, айлық және т.б.) көрсеткіштер нарықтық ахуалдың тұрақты өзгерістеріне тәуелді болғандықтан, толық көріністі көрсете алмайды.

12 айдың қорытындысы бойынша жүргізілген инвестициялық қызметті талдау осыны дәлелдейді. 2025 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің басқаруындағы және міндетті, міндетті кәсіптік және ерікті зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған зейнетақы активтерінің соңғы 12 айдағы табыстылығы салымшылардың (алушылардың) шоттарына бөлінгеннен кейін 15,66%-ды құрады. Ал осы кезеңдегі инфляция деңгейі 8,90% болды.

Белгілі болғандай, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің және инвестициялық портфельді басқарушылардың басқаруындағы зейнетақы активтері Қазақстанда және шетелде нарықтық шарттар негізінде әртүрлі валюталарда инвестицияланады. Қаражатты белгілі бір қаржы құралдарына орналастыру кезінде жаһандық және ішкі факторлар ескеріледі.

Зейнетақы активтерінің сақталуын қамтамасыз ету және табыстылыққа қол жеткізу мақсатында Ұлттық Банк пен инвестициялық портфельді басқарушылар инвестициялық портфельді әртараптандырады. Яғни, нарықтық жағдайды ескере отырып, зейнетақы активтері әртүрлі қаржы құралдарына белгілі бір көлемде инвестицияланады. Бұл – әлемде кеңінен қолданылатын тәжірибе. Дүниежүзіндегі зейнетақы қорлары зейнетақы капиталын көбейту үшін инвестициялаудың тартымды әрі тиімді мүмкіндіктерін үнемі іздестіруде.

Әдетте, зейнетақы жинақтарының елеулі бөлігін инвестициялық табыс құрайды. Жыл сайын зейнетақы жинақтарының көлемі ғана емес, оның құрамындағы инвестициялық табыстың үлесі де артып келеді.

Мысалы, 2014 жылдан бері (зейнетақы активтері Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына біріктірілгеннен кейін) жинақталған таза инвестициялық табыс 2025 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша 11,54 трлн теңгені құрады. Салыстыру үшін айтсақ, 2024 жылғы 1 ақпанда бұл көрсеткіш 8,6 трлн теңгеден асқан болатын.

Жүзеге асырылған төлемдерді ескере отырып, 2025 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша қазақстандықтардың жалпы зейнетақы жинақтары көлеміндегі жинақталған таза инвестициялық табыстың үлесі 40,9%-дан асты. Бұл азаматтардың жинақтары құрылымындағы инвестициялық қызметтің маңызды рөлін көрсетеді. Ал 2024 жылғы 1 ақпанда бұл көрсеткіш 37,1% болған.

Алайда инвестициялық табыс тұрақты шама емес. Ол көптеген факторларға, соның ішінде қаржы нарықтарындағы жағдайға, бағалы қағаздардың нарықтық құнына және валюта бағамдарының өзгеруіне байланысты.

Сондықтан шетел валюталары бағамдарының және қаржы құралдарының нарықтық құнының өзгеруіне байланысты инвестициялық табыс белгілі бір кезеңде оң да, теріс те болуы мүмкін. Мысалы, өткен жылдың соңынан бері АҚШ долларының бағамы 499 теңгеден 530 теңгеге дейін ауытқып, кейін қайтадан шамамен 500 теңгеге дейін төмендеді.

Осының салдарынан зейнетақы активтерінің валюталық қайта бағалануы апта сайын оң немесе теріс мәнде қалыптасып отырды. Сондықтан салымшылар инвестициялық құрамдастың уақытша төмендеуін байқауы мүмкін. Мұндай жағдай, мысалы, 2025 жылғы қаңтар-ақпан айларында орын алды.

Сондай-ақ Қазақстанда инфляция деңгейін ескере отырып, міндетті зейнетақы жарналарының сақталуына мемлекет кепілдік беретін бірегей жүйе жұмыс істейтінін еске саламыз.

Егер белгілі бір кезеңде табыстылықтың төмендеуі салымшының жинақталған табыстылығына әсер етіп, оның зейнетақы төлемдерін алу құқығы туындаған кезде айырмашылық пайда болса, бұл айырмашылықты өтеуге мемлекет кепілдік береді.

Зейнетақы активтерін инвестициялық басқару және есепке алу жүйесі толықтай ашық әрі айқын. Әрбір салымшы өзінің инвестициялық табысын жеке кабинет арқылы немесе мобильді қосымшада көре алады.

БЖЗҚ зейнетақы активтерін инвестициялық басқару туралы және олар орналастырылған қаржы құралдары жөніндегі ақпарат БЖЗҚ-ның ресми сайтындағы «Көрсеткіштер / Инвестициялық қызмет» бөлімінде жарияланады.

Тақырып бойынша бейнетүсіндірме БЖЗҚ ЕНПФ-тың YouTube арнасында ұсынылған.

БЖЗҚ 2013 жылғы 22 тамызда «ГНПФ» жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ базасында құрылды. БЖЗҚ-ның құрылтайшысы және акционері – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті атынан Қазақстан Республикасының Үкіметі.

БЖЗҚ-ның зейнетақы активтерін сенімгерлік басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады.

Зейнетақы заңнамасына сәйкес БЖЗҚ міндетті зейнетақы жарналарын, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын және ерікті зейнетақы жарналарын тартуды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктеріндегі депозиттерге міндетті кепілдік беру туралы заңға сәйкес кепілдік берілген депозит бойынша талап етілмеген өтемақы сомасы есебінен қалыптастырылған ерікті зейнетақы жарналарын есепке алуды қамтамасыз етеді және зейнетақы төлемдерін жүзеге асырады.

Сонымен қатар Қор «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында нысаналы активтер мен нысаналы талаптарды есепке алуды, нысаналы жинақтарды нысаналы жинақ шоттарына есептеуді, алушылардың банк шоттарына төлеуді және Қазақстан Республикасы Үкіметі белгілеген тәртіппен нысаналы жинақтардың қайтарылуын есепке алуды жүзеге асырады.

Толық ақпаратты БЖЗҚ-ның ресми сайтынан алуға болады.

 
Ұзақ мерзімді кезеңде жинақталған инвестициялық кірістілік инфляциядан айтарлықтай асып түсіп, одан әрі еселене түсуде
Дата публикации
06 марта 2025