«Екі аяқты қасқырларға тосқауыл болайық»
Қазір мал ұрлығы өзекті мәселеге айналды. Ұрлықтың алдын алу бағытында бірқатар іс-шаралар қабылданып жатыр. Ұрлықты түбегейлі жою үшін шаруа қожалықтары мен тұрғындар да салғырттық танытпау керек. Малды жайылымға иесіз жібермей, бақташыға қосу қажет. Сосын мал иесі, бақташы және округ әкімінің аппараты арасында үш жақты келісімшарт жасалуы тиіс. Бұл жөнінде тұрғындар жиналысында халыққа ескертіліп келеді. Ал, иесіз жүрген мал бірден ұрының көзіне түседі де, қолды болады. Сондай-ақ тұрғындар жоғалған малдарын өз беттерімен 1-2 айдай іздеп, нәтиже шықпағасын барып, құқық қорғау органдарына дер кезінде хабарламайды. Тұрғындар иелігіндегі малдарын сырғалау, таңбалау мәселесін қолға алып, ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жөніндегі деректер базасына енгізу керек. Сонымен қатар, мал ұрлығын болдырмау үшін жаңа заманғы технологияларды да пайдаланғандары абзал. Жылқы малына чип, GPS орнату мәселесін қолға алған дұрыс. Ұрлықты болдырмас үшін Сіз болып біз болып екі аяқты қасқырларға тосқауыл болайық.
|
Жангелдин ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Ж.Қуанышева |