Үлгілі үрдіс қалыптастырған кәсіпкер
Бүгінгі таңда әртүрлі салада өрге домалап жатқан кәсіп иелері жетерлік! Кәсібін дамыту арқылы өзіне де, ауыл тұрғындарына да көмегі тиіп жатқандар аз емес. Соның ішінде, Тасшағыл ауылдық округінің тұрғыны, кәсіпкер Шахар Есенбаеваның «Ақтолқын» дүкені халық қажетіне жарап келеді. 1958 жылы Құрманғазы ауданы, Сүйіндік ауылында дүниеге келген Шахар 2003 жылдан бері Тасшағыл ауылдық округінде жеке кәсіпкерлікпен айналысады. Бүгінде ол аудан халқын сапалы азық-түлікпен қамтып, халыққа қызмет көрсетіп отыр. Арзан бағамен тауар сатып, тұтынушы көңілінен шығудағы ізденістеріне ауыл халқы үнемі ризашылық білдіруде.
Өткен жылдың 8 қарашасында заманауи үлгіде «Ақтолқын» шағын маркетін қайта іске қостық. Ашылу сәтінде 7 мың теңгеден азық-түлік себетін алуға 10 аз қамтылған отбасына сертификат берілді. Сонымен қатар, нысанда 2 жаңа тұрақты жұмыс орны ашылды.
Жалпы менің алға қойған мақсатым – ауылдың әлеуметтік жағдайының жақсаруына, экономикасының өсуіне, ауданның кәсіпкерлік саласының дамуына үлес қосу, - дейді кейіпкеріміз.
Бүгінгі кейіпкеріміз «Ақтолқын» дүкені арқылы өзі тұратын ауылдағы аз қамтылған отбасыларға арзандатылған бағамен азық-түлік тағамдарын сатса, ауылда өткізілген әртүрлі мерекелік шараларға демеушілік көрсетіп отыр. Осындай ел мұраты үшін қызмет етіп жүрген кәсіпкердің еңбегі де елеусіз қалып жатқан жоқ.
2008 жылы «Кәсіпкерлер күні» мерекелік шарасында Тасшағыл ауылдық округі бойынша «Төмендегі бағадағы сауда орны» номинациясы бойынша жеңімпаз атанса, 2008-2009 жылдары аудан әкімінің алғыс хатымен, 2010 жылы Құрмет грамотасымен марапатталды. Сондай-ақ, 2012 жылы облыс бойынша өткізілген «Үздік кәсіпкер әйел-2012» номинациясын жеңіп алды. Ал, 2015 жылы аудандық кәсіпкерлік бөлімі басшысының алғыс хатымен, 2019 жылы Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрі С.Омаровтың алғыс хатына ие болды.
Қорыта айтқанда, ең алдымен өз кәсібін өркендетіп, сол кәсіптен нәсібін тапқан Шахардың ауыл тұрғындарына да тиіп жатқан көмегі баршылық. Жоғарыда айтып өткеніміздей, кәсіпкерлерге жасалып жатқан мүмкіндіктерді оңтайлы пайдаланып, үлгілі үрдіс қалыптастырып келе жатқан Шахар Есенбаеваның кәсібіне табыс тілейміз.