ОҚУШЫЛАРДЫ ЫСТЫҚ ТАМАҚПЕН ҚАМТУ МӘСЕЛЕСІ ТЫҢДАЛДЫ
Аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында кеңейтілген қоғамдық кеңес отырысы өтті.
Кеңес отырысының негізгі күн тәртібіндегі мәселе оқушылардың ыстық тамақпен қамтылуы бойынша аудандық білім бөлімінің басшысы Г.Әнжанованың айтуынша аудан бойынша 15 мектепте 2981 бала тегін ыстық тамақпен қамтылған. Оның ішінде 1-4 сыныпта 2428 бала (аз қамтылғаны- 408), 5-11 сыныпта 553 бала. Конкурстық негізде ЖК «Жаңагүл» және ЖК «Нурмагамбетова М.А.» ыстық тамақпен қамтуды ұйымдастыруда. Асхананың материалдық базасы, бракераждық комиссия жұмысы, ас мәзірі және оның берілуі бойынша негізгі ақпараттарды айтып өтсе, қоғамдық кеңес мүшесі Ж.Ибрашов ауданның 11 мектебінің асханасына жүргізілген қоғамдық бақылау және ата-аналарға жүргізілген сауалнама нәтижесі туралы баяндап өтті. Асханаларда санитарлық талаптарының сақталуы, күнделікті ас мәзірінің сәйкестігін бақылау нәтижесінде оқушылардың кейбір тағам түрлерін жемейтіні, асханалардың типтік стандартқа сәйкес мәселелері айтылып, облыстық білім басқармасымен бекітілген ас мәзіріне өзгеріс енгізу, гигиеналық тазалықты сақтау бойынша дәрістер өткізу, тағам құнарын бақылайтын диетолог мамандардың болуын қамтамасыз ету мәселелері ұсыныс ретінде айтылды.
Күн тәртібінің екінші мәселесі жер қатынастары саласындағы мемлекеттік көрсетілетін қызметтер бойынша аудандық ауылшаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы 10 айда атқарылған жұмыстарын баяндады. Аталған сала 10 мемлекеттік қызметін түрі бойынша есепті мерзімде 351 мемлекеттік қызмет көрсетілген. Қызметтің ашықтығы, жер учаскелерін қалыптастыру жөнінде жерге орналастыру жобаларын бекiту, жер учаскесін алу үшін кезекке қою мәселелері көтерілді.
Кеңес отырысын қорытындылаған аудан әкімі Қанат Әзмұханов: «Мектептерді аралаған сәтте ең бірінші асханаға барамын. Тамақ рационының сапалы болуы, құнарлы тағам ішуі бала денсаулығының негізгі кепілі. Барлық санитарлық талапты мектеп басшылығынан бастап, кәсіпкерлер бар барлығыңыз қамтамасыз етулеріңіз тиіс»,-деді.